Accessibility links

Молдованың Батыс пен Ресей арасындағы таңдауы


Молдова азаматтары Мәскеудегі Молдова елшілігі ғимаратында дауыс беруге кезекте тұр. Мәскеу, 30 қараша 2014 жыл.
Молдова азаматтары Мәскеудегі Молдова елшілігі ғимаратында дауыс беруге кезекте тұр. Мәскеу, 30 қараша 2014 жыл.

Молдованың биліктегі батысшыл коалициясы жақтастары парламенттен үкімет құруға жетерліктей орын алды. Бірақ жаңа сайланған парламентте Ресеймен жақындасуды қолдайтындар да аз емес.

Молдованың жаңа парламентіндегі ресейшілдер мен батысшылдар иеленген орын санында сәл ғана айырма бар. Сондықтан, Ресеймен жақын қарым-қатынас орнатуды жақтайтын депутаттар батысшылдардың қандай да бір қателігін пайдалануға даяр отыр.

Кейде мардымсыз жеңістен гөрі жеңілістен сабақ алған оңай. Молдованың биліктегі еуропашыл коалициясы қарашаның 30-ында өткен сайлаудан соң билікті бөлісу жөніндегі келіссөздерге кірісті. Молдова парламентіндегі 101 орынның 54-ін оңшыл-либерал үш партия иеленіп отыр. Бірақ бұл партиялардың жетекшілері 2009 жылғы сайлауға қарағанда аз дауыс жинаған. Ал ресейшіл cоциалистік партия таңғаларлық нәтижеге қол жеткізіп, бір өзі 20,93 пайыз дауыс алды.

«ОҢШЫЛДАРДАН САЙЛАУШЫНЫҢ КӨҢІЛІ ҚАЛДЫ»

Молдова Еуропа Одағы (ЕО) мен Мәскеу бастаған Кеден Одағы арасында таңдау жасап отырғанына қарамастан, сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 56 пайызы ғана қатысқан. Бұрын батысшыл партияларды қолдағандардың көбі олардан көңілі қалғанға ұқсайды, бұл тараптағы сайлаушылар осы жолы аса белсенділік танытпаған.

Қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін ЕО институтының саясаттанушысы Нику Попеску «халықтың тағы өзгеріс болғанын қалайтыны аңғарылды» дейді. 2009 жылы Молдова тұрғындарының көбі коммунистік партия мен сол кездегі президент Владимир Ворониннен көңілдері қалып, дауыстарын оңшыл партияларға берген еді.

Кәсіпкер Ренато Усатый. Кишинев, 2014 жылдың қарашасы.
Кәсіпкер Ренато Усатый. Кишинев, 2014 жылдың қарашасы.

Бұл жолы социалистер жетекшілері Игорь Додон мен кәсіпкер Ренато Усатый (оның ресейшіл «Патрия» партиясының қаржылық құжаттарынан заңсыздықтар табылып, сайлауға түсуіне тыйым салынған еді – ред.) саясат сахнасында пайда болған жаңа тұлғалар ретінде көрінді.

«Молдова сайлаушылары 2009-2010 жылдары елде өзгерістер жасалғанын қалап, оңшылдарға дауыс берген еді. 2014 жылы да жұрт саясаттың өзгергенін тілейді. Осыны пайдаланған Додон мен Усатый «ол жаңалық – бізбіз» деп жаңа тұлға ретінде саясат аренасына шықты. Уақыт пен халық қалауы оңшылдардың пайдасына шешілмей тұр» дейді Попеску.

Енді батысшыл үш партия – либерал-демократиялық партия, демократиялық партия мен либералдық партия коалиция құрып, Молдованың Еуропамен жақындасу саясатын жүргізбек. Бірақ молдовалық сарапшы Василий Ботнарудың пікірінше, «Алдағы келіссөздер ауыр болады. Бұрынғы парламент спикері Михай Гимпудің либералдық партиясы 2013 жылы биліктен кеткен еді. Енді оның үкіметке қайта оралуы бұл келіссөздерді күрделендіре түседі. Билікті бөлісу туралы мәмілеге келу қиын болады, талас шығады».

«Оңшыл партиялар өзара тату көрінуге тырысады, бірақ араларында талас тумай тұрмайды. Биліктегі коалициядан ығыстырылған либералдар басшысы Гимпу сайлаудан жеңімпаз ретінде оралып отыр, сондықтан ол қатаң талаптар қоюы мүмкін. Еуропашыл партиялардың әрқайсысы үкімет коалициясының онсыз құрылмайтынын біледі, оны қоспаса билікті алу мүмкін емес. Сондықтан бізді ұзақ та күрделі келіссөздер күтіп тұр» дейді Ботнару.

ОРЫС ТІЛДІ «МОЛДОВАНДАР»

Бірақ басқа сарапшылар жаңа үкімет өзінен орыс тілді молдовандарды алыстатып алмауы керек дейді. Румын саясаттанушысы Сорин Ионицэ «Көптеген молдовандардың Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатсақ, экономикалық күйзелістер болады деп қорқатыны - қалыпты құбылыс» дейді. Сарапшының сөзінше, «Мәскеудің Ресейдегі еңбек мигранттарын үйлеріне қайтарамыз деген қоқан-лоқысынан соң жұрт бекер үрейленбейді».

Оның айтуынша, «Молдованың алдында тұрған ендігі қиын міндет – орыс тілді молдовандар арасында Еуропаны жатырқамау сезімін қалыптастыру болмақ».

Дауыс санап жатқан сайлау комиссиясы қызмектерлері. Кишинев, 30 қараша 2014 жыл.
Дауыс санап жатқан сайлау комиссиясы қызмектерлері. Кишинев, 30 қараша 2014 жыл.

Алайда Додонның социалистік партиясының беделі мықты болып тұрған кезде және солшылдар парламентте қуатты оппозиция болып отырған тұста бұл міндетті орындау қиындай түседі. Коммунистік партияның жетекшісі Воронин (оның партиясы 17,85 пайыз дауыс жинады) қарашаның 2-сі күні Кишиневте баспасөз-мәслихатын өткізіп, «Жендет пен құрбандық арасында(еуропашыл партиялармен – ред.) ешқандай мәміле болмайтынын, өзінің тек оппозицияны қолдайтынын» ашық айтты.

Ал Додон «қаһарынан еуропашыл партиялар дірілдеп кететін» оппозиция құруға әзір екенін білдірді. Ол парламенттің қарауына «алдымен Молдова мен ЕО арасындағы серіктестік туралы келісімнің күшін жою туралы заң жобасын енгізбек».

ТАРТЫСТЫ САЙЛАУ ӘЛІ АЛДА

Ресей президенті Владимир Путин қолдап отырған Додонға сайлау кампаниясы кезінде Ресей мемлекеттік телеарналары жан-жақты қолдау көрсетті. Кишиневтік саясаттанушы Игорь Боцан «Молдова сайлаушыларының еуропашыл және ресейшіл күштерді тең қолдап отырғанын» ескертеді. «Еуразиялық векторды қолдайтындар сайлаудан соң өз пікірлерін ешкім елемейтіндей күй кешті» дейді ол.

Оның айтуынша, «Ресей осы электоратты пайдалануға дайын». «Ресей Кишиневтегі жаңа үкіметтің заңды екенін мойындамаймыз деп қорқытты. Оларын іс жүзінде орындай ма, жоқ па – білмейміз. Бірақ Ресей Федерациясы Усатый арқылы Молдовадағы диаспорасын пайдаланып, мерзімнен тыс тағы сайлау өткізуге де шақыруы мүмкін» дейді Игорь Боцан.

Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Рогозин сайлаудың заңды өткеніне күмән келтіріп, Twitter-де «Ресейде тұратын 700 мың молдованның дауыс беру құқығынан айрылғанын» айтты. Рогозин «Себебі олар сайлаудан шеттетілген «Партияны» қолдайтын еді. Оған қоса Приднестровье аймағында (сепаратистік аймақ – ред.) тұратын 500 мың адам да сайлауға қатыспады» деп жазды.

Бүкіл Молдова көретін Ресейдің мемлекеттік телеарнасы желтоқсанның 1-і күні сайлауда батысшыл партиялардың жеңгенін емес, «Молдовада Кеден Одағын қолдаушылар көп дауыс жинағанын» хабарлады.

Социалистік партия жетекшісі Игорь Додон. Кишинев, 1 мамыр 2010 жыл.
Социалистік партия жетекшісі Игорь Додон. Кишинев, 1 мамыр 2010 жыл.

Кишиневтен репортаж жасаған «Вести» тілшісі сайлауды «Молдова тарихындағы ең бір даулы сайлау» деп сипаттай келе: «Молдова өз таңдауын жасады. Азаматтар саналы түрде Ресеймен жақындасуды қалады, енді халық саясаткерлердің басқа жаққа бұрылуына жол бере қоймас» деді.

Мұндай ақпараттардан соң көрермендер батысшыл коалицияның жаңа үкімет құрып жатқанына таңғалуы ғажап емес. Алда 2015 жылы өтетін президент сайлауы тұр. Молдова конституциясы бойынша ел президентін парламент сайлайды, жеңетін кандидатқа 61 дауыс берілуі тиіс. Батысшыл партиялар арасында да, ресейшілдер ішінде де ондай қолдауға ие болатындай тұлға жоқ. Демек алдағы президент сайлауы шиеленісті жағдайда өтуі мүмкін.

Егер парламент президентті сайлай алмаса, парламент сайлауы қайта өтеді.

Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG