Accessibility links

"Таңдауым – елде қалу, күресу". Фем-белсенді Жанар Секербаеваның бір күні


"Қудаласа да, Қазақстанда қаламын" дейді фем-белсенді Жанар Секербаева.
"Қудаласа да, Қазақстанда қаламын" дейді фем-белсенді Жанар Секербаева.

Қазақстанның танымал белсендісі, Feminita бастамасын құрғандардың бірі Жанар Секербаева наурыздың басында әкімшілік қамаудан шықты. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында оны былтырғы акция үшін 10 күнге қамаған. Сот ол акцияны заңсыз деп таныған. Мұның алдында ғана Секербаеваға әкімшілік айыппұл салынды. Бұған ашуға толы әйелдер фем-белсенділердің шарасын бүлдіргені ілік болған. Азаттық Азия редакциясы Жанармен сөйлесіп, оның өмірі, қағидалары және қоғамдық жұмысы туралы сұрады.

Жанар Секербаева деген кім?

42 жастағы Жанар Секербаева – Ақмола облысының тумасы. Қазір Алматыда тұрады. "Болашақ" білім стипендиасының игері. Жапонияның Цукуба университетінде оқып, әлеуметтік ғылымдар докторы атанған.

Гүлзада Сержан екеуі Feminita бастамасының негізін қалаған. Бұл бастама әйелдер құқығын, соның ішінде ЛГБТК өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысады.

"ПАТРИАРХАТТАН ҚУАНА-ҚУАНА ҚҰТЫЛАР ЕДІМ"

Наурыздың күн шуағы шашылған күні. Қысқа қиылған бурыл шашты әйел үйінен үлкен сөмкелер ұстап шықты.

– Қолданылған заттарды экохабқа тапсыруға бара жатырмын. Мұнда пластик бөтелкелер, пакеттер бар. Бір-екі айда екі үлкен сөмке толады. Маған мұның теңіздегі тамшыдай екенін айтады, бірақ мен қоршаған ортаға қамқорлық жасауға тиіспін. Ал негізі өзім қоқысты патриархаттың белгісі деп көремін және одан әрдайым қуана-қуана құтыламын, – дейді Жанар Секербаева.

Жанар Секербаева Алматыдағы экохабта.
Жанар Секербаева Алматыдағы экохабта.


Экохаб жақын жерде орналасқан. Оған барар жолда активизм жайлы сөйлестік. Жанар – лесби әйел. Ол мұны алғаш рет 9 жыл бұрын Қазақстандағы ЛГБТ қауымы жайлы әлеуметтік зерттеу жасауға дайындалып жүргенде жариялаған.

– Гүлзада екеуіміз аймақтарды, 22 қаланы аралып жүрдік. Аймақтарда "ЛГБТ жоқ", бұл "тек Алматыда" дейтіндерге айтарым: ЛГБТ адамдары барлық аймақта, Орталық Азияның барлық жерінде, бүкіл әлемде бар. Оған көзіміз жетті. Бірақ оларға барар алдында: "Біз сіздер секілді адамбыз, бірақ дәл қазір зерттеуші ретінде келіп тұрмыз" дедік. Ал каминг-аутты (өзінің жыныстық және гендерлік азшылыққа жататын жария түрде айту – ред.) сұхбат арқылы жасадық, – дейді Жанар.

Оның сөзінше, ол кезде қоғам мұны салмақты қабылдаған. Жанар мен Гүлзада жақтастарымен кездесу үшін әлі күні аймақтарды аралайды. Бірақ кейінгі кездері бұл кездесулерді бүлдіруге тырысып, оларға қарсы арандату акцияларын ұйымдастыру оқиғалары көбейген.

FEMINITA ЖАЙЛЫ

Елеулі деген оқиғалардың алғашқысы 2021 жылғы мамырда болған. Гүлзада мен Жанар Шымкентте кездесу өткізуді жоспарлаған. Зал арендасына алдын ала төлем жасап та қойған. Алматыдан арнайы барып, жайбарақат әңгімелесу дайындалып жүрген. Бірақ зал иелері ақырғы сәтте айнып қалып, белсенділерді кіргізбей қойған. Ұйымдастырушылар көрші тұрған кафеге ойысқанда, ол жерде беймәлім ер адамдар бұларға шабуыл жасаған. Бірақ полиция шабуылдаушыларды емес, белсенділердің өзін ұстаған. Оларды басқармаға апарып, 8 сағат бойы шығармаған. Ал осы тұста полиция ғимаратының алдында ашулы топ белсенділердің қолына беруді талап еткен. Полиция шабуылдаған адамдарды ұстадық деп хабар таратпады.

Осы оқиға сол жылы шілдеде Қарағандыда қайталанды. Белсенділер қонақ үйлердің бірінде "Қазақстандық Feminita феминистік бастамасымен танысу, феминизм мен әйелдер құқығы жайлы" дейтін тақырыпта кездесу өткізбек болған. Бірақ әуелі залы үшін алдын ала төлем жасалған қонақ үй өз алаңын беруден бас тартқан. Одан кейін ұйымдастырушылар жаңа жер таңдап, оны құпия ұстаған. Кездесуді ол жерде де ойдағыдай өткізу бұйырмаған. Қатысушыларға тағы да ашулы ер адамдар тобы шабуылдауға тырысқан. Сөйтіп кездесуге келгендерді арнайы жасақ күшімен эвакуациялаған. Гүлзада мен Жанарды полиция бөлімінде бірнеше сағат ұстап, оларды Алматыға баратын пойызға салып жіберген.

2021 жылғы тамызда Ақтөбеде ұйымдастырылған кездесу де өтпей қалды. Кездесу белгіленген күннің қарсаңында наразы жұрт қарсылық таныта бастап, кездесу ұйымдастырушылары қорқыту-үркітуге тап болған.

Секербаева жоспарланған жиындардың мекенжайын біреу "таратып" отыр деп күдіктенеді.

– Біздің тренингтерде жалған қатысушылар бар ма? Білмеймін, біз оларды анықтамаймыз. Тіпті олар келсе де, бәрі заңды екеніне көзі жетіп қайтады. Хейтерлер сол үшін де біздің контенттен ешқашан үзінді келтірмейді: өйткені онда барлығы заң аясында, – дейді Жанар.

Ақпан айында Feminita бәз біреулер Алматыдағы іс-шарасын бүлдірмек болғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, іс-шара өтіп жатқан қонақ үйге бір топ әйел басып кіріп, есікті сындырмақ болған. Feminita өкілдері мен қонақ үй шабуылдаушылардың үстінен арыз түсірген. Оның ішінде мүлікті бүлдіру шағымы да бар. Бұл іс бойынша ешкімнің жауапқа тартылғаны айтылмады.

– Белгілі бір адамдар бізге шабуылдауға ден қойғанын көріп отырмыз. Бірақ біз ешқашан берілген емеспіз, қызметімізді жалғастырып жатырмыз. Бүлдіру әрекеттері әлі де болады, алайда біз олардың әдісін, яғни зорлық-зомбылықты қайталамай, заң аясында жүруіміз қажет. Бұл – біздің әдісіміз емес. Біз заңға және Конституцияға бағынамыз, – дейді Жанар.

Оның сөзінше, белсенділерге қарсы түрлі жалған ілік пайдаланады, шабуылдарын сөйтіп ақтайды.

– Бізді жыныстық сауат тренингін өткізеді деп айтады. Бірақ лекцияларымызда ешқашан жыныстық сауат тақырыбын қозғаған емеспіз, біз бұл тақырыптың маманы емеспіз. Біздің тренингтер қазақстандық, халықаралық заңнамаға, жергілікті және халықаралық адвокацияға бағытталған. Сондай-ақ бізге мектеп оқушылары келеді деген миф бар. Ол да өтірік. Біз әрдайым қатысушылардың жасын тексереміз, – деп түсіндірді Секербаева.

Жанар "ЛГБТ пропагандасы" жайлы айыпты жиі еститінін айтады.

– Қалада жүргенімде адамдарды киіміммен (мойнындағы кемпірқосақ түстес бойтұмарды көрсетіп) ЛГБТ-ға айналдырып жіберетін болып тұрмын ғой. Бәлкім, жүріс-тұрысымның өзі активизм болар. Бірақ мен жүріп-тұруым пропаганда емес. Біздің елде дауыс ұрлап, митинг үшін жазалайтын кезде мойынсұну пропагандасы бар. Әйелдер мен балаларға қарсы зорлық пропагандасы, жемқорлық пропагандасы бар, – дейді Секербаева.

"ЛГБТ пропагандасымен" күрес және адам құқығы

Қазақстан депутаттары "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салуды бірнеше рет ұсынды. Өз ұсынысын негіздеуде олар Feminita белсенділерін де мысал еткен. 2024 жылғы қазанда Feminita шарасы бүлінгеннан кейін мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ЛГБТ ұйымын экстремистік деп тауып, Қазақстанда "дәстүрлі емес жыныстық қатынастардың пропагандасына" тыйым салуға шақырды. Бұл ұсыныс Ресей мен Қырғызстан заңының талабына үндес шықты. Депутат Feminita тобының Алматыдағы шарасын "қастерлі ұғымды төмендету" деп атады шара кезінде "құрылтай" сөзі қолданылғанын меңзеп.

Былтыр "Аманат" партиясының бірнеше мүшесі "Масс-медиа туралы" заңның жобасына "ЛГБТ пропагандасын тыйым салатын норма енгізуге үндеген. Бірақ заңның ақырғы нұсқасына бұл ұсыныс кірмей қалды. Ал 2023 жылы депутат Ардақ Назаров "ЛГБТ тақырыбы қозғалатын" фильмдерге көрсетпеуді талап етті.

2024 жылы жазда Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі "Біз Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз" деген петицияны қарастыратынын мәлімдеді. БҰҰ-ның бірнеше сарапшысы Қазақстан үкіметін бұл петиция адам құқығы мен еркіндігін бұзады деп, талапты орындаудан бас тартуға шақырды. Министрлік петицияны жартылай қолдады.

Көп ұзамай үкімет ЛГБТ қозғалыстарының кәмелетке толмағандарға ықпалын зерттеу басталғанын мәлімдеді. Жақында қазақстандық БАҚ денсаулық сақтау министрлігінің бұл зерттеуі ЛГБТ-ның кәмелетке толмағандарға теріс әсері жоқ екенін көрсетті деп хабар таратты. Министрлік есебінде ЛГБТ қозғалыстары жастарды жыныстық бағытын өзгертуге мәжбүрлемейді, олар керісінше депрессиямен және буллингпен күресте көмектеседі деген қорытынды жасалған. Зерттеушілер мәселе "ЛГБТ пропагандасында емес", мәселе гомосексуалды адамдардың дискриминацияға ұшырауында деген. Бұл есеп жайлы хабар таратқан қазақстан баспасөз құралдары көп ұзамай бұл хабарды сайттарынан алып тастады, ал денсаулық сақтау министрлігі зерттеу қорытындыларынан бас тартты.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы жылдық есебінде Қазақстанда жыныстық және гендерлік болмысына бола дискриминацияға ұшырайтындарға құқықтық қолдау көрсетілмейтіні айтылған.

Қазақстан 2005 жылы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялаған. Бұл құжат билікті қандай да болмысы үшін алалауға ұшырайтын адамдарды қолдауға міндеттейді.

Ақпандағы оқиғадан соң, сот Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанға "тіркелмеген қоғамдық бірлестікке жетекшілік етті" деп шамамен 790 доллар көлемінде айыппұл салды.


Жанар тағылған айыппен келіспейді, оны формалды ілік деп санайды. Оның сөзінше, Feminita – бастама, қоғамдық ұйым емес. Ол 2017-2024 жылдары бастаманы 15 мәрте қоғамдық қор ретінде тіркеуге талпынғанын, билік соның барлығында өтінішті орындаудан бас тартқанын айтты.

– Дәл осы қызмет көрсету орталығында қоғамдық қор болып тіркелуге тырыстық, бірақ біздің қолымызды қақты, – деп көрсетті Жанар сыртында "Халықтық цифрлық қызметі" деп жазылған ғимаратты нұсқап. – Миссиямыздың сипаттамасында мақсатты топ ретінде "лесбилер, бисексуалдар, транс-әйелдер және квирлер" көрсетілгені коммерциялық емес ұйымдар туралы бапқа сәйкес келмейді депті. Бұл бапты ашып қалсақ, онда "Қазақстан азаматтарын қорғау" деп жазылған. Яғни, мемлекет бізге: "сендер, ЛГБТК әйелдері Қазақстан азаматы емессіңдер, құқық қорғалуға жататын адам емессіңдер" деп тұр. Қазір біз жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенбіз. Енді мемлекеттің бізге уәжі болмауға тиіс.

– Мені әділетсіз жазаласа да, мен үздік болып қала беремін, – деген Жанар ақпан айындағы айыппұлды төлеймін деп Алматы қаласы әкімшілік сотына кірді.

Жанар Секербаева төленген айыппұлдың квитанциясын көрсетіп тұр.
Жанар Секербаева төленген айыппұлдың квитанциясын көрсетіп тұр.


– Ең қауіпті әйел айыппұл төледі! – деді ол оралған соң.

Жанар билік мақұлдамаған бейбіт жиындарға талай қатысқан. Ең алғаш рет оған 2014 жылы айыппұл салған. Ол кезде Жанар ұлттық валютаның құнсызданғанына наразылық білдірген.

Бірақ Жанардың өмірі белсенділікпен шектелмейді. Ол әлеуметтанумен бірге әдебиеттану мамандығын да меңгерген. Ал қазір заңгерлікті оқып жатыр. Тәмамдаған соң, ЛГБТК әйелдерін құқық саласында қорғайтынын айтады.

Сондай-ақ Жанар – пауэрлифтинг спортының шебері. 28 ақпан күні полиция ұстағанда ол жаттығу жасап, залдан шығып келе жатқан.

– Кіреберісте ұстады. Бір іспен алып кетіп, басқа істі рәсімдеді, – деді белсенді.

Оны былтыр мамырда өткен, билік мақұлдамаған шеру үшін 10 күнге қамады. Ол жиында Жанар экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үкіміне наразылық білдірген. Бишімбаев әйелі Салтанатты өлтіргені үшін 24 жылға сотталған.

Халықтың цифрлық кеңсесі алдында тұрған Жанар Секербаева.
Халықтың цифрлық кеңсесі алдында тұрған Жанар Секербаева.

Жанар халықаралық әйелдер күнінде қамауда отырды.

– Не үшін Қазақстанда әлі жүрсің деп сұрайтындар көп. Қауіпті ғой дейді. Бұл – менің елім, менің жерім. Бұл жерде менің ата-бабам туған. Қазақстандағы адамдар жабайы емес. Қазақстанда өзгерісті қолмен, мимен және денеңмен жасау керек. Шабуылдаса да, қудаласа да, әзірге менің таңдауым – елде қалу және күресу, – дейді Жанар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG