Accessibility links

"Қазақстан Қытайға тиесілі" деген сипаттағы мақала наразылық нотасына түрткі болды


Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (оң жақта) пен Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанда кездесіп отыр. (Сурет СІМ Facebook парақшасынан алынды).
Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (оң жақта) пен Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанда кездесіп отыр. (Сурет СІМ Facebook парақшасынан алынды).

Қазақстан Қытайдың Sohu.com сайтында жарияланған “Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?” деген мақалаға қатысты Пекинге наразылық нотасын жолдады. Біраз уақыттан кейін сайтта мақала ашылмай қалды. Қарсылық нотасына себеп болған мақалада не жазылған еді? Мақаланы басқан Sohu.com қандай сайт?

Нұр-Сұлтан 14 сәуірде “Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесіп, www.sohu.com интернет платформасында жарияланған “Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?” деген мақалаға қатысты наразылық білдіргенін хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның Пекиндегі елшілігі де Қытай сыртқы істер министрлігіне қарсылық нотасын жолдаған.

Қазақстан жайлы жазба алдымен 28 наурызда Қытайдың WeChat әлеуметтік желісінің сайтында “Қазақстан Қытайдың құрамына қашан оралады?” деген тақырыппен жарияланған. Кейін 8 сәуірде Қытайдағы ең ірі интернет платформасы, жарнамалар жариялайтын және іздеу жүйесі бар Sohu.com сайты “Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?” деген тақырыппен көшіріп басқан. Қазақстан тарабы қарсылық нота жіберген соң біраз уақыт өткенде, 14 сәуір кешке таман сайттағы мақала ашылмай қалды.

МАҚАЛАДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Қазақстан тарапының наразылық нотасына түрткі болған Sohu.com интернет платформасындағы мақалада “Тарихта Қазақстан Қытайдың аумағына тиесілі болған, Қазақстан Цин империясының вассалы еді” деп жазады.

Sohu.com сайтында жарияланған Қазақстан туралы мақаланың скрині.
Sohu.com сайтында жарияланған Қазақстан туралы мақаланың скрині.

Жазбада “18 ғасырда Жоңғар хандығы құлаған соң қазақтың Ұлы, Орта және Кіші жүзінің аумағы біртіндеп Цин империясына өтті” деп сипаттайды. Мақалада “19-ғасырдағы Апиын соғысынан кейін Цин империясы әлсіреп, Ресей Цин империясының жерін иеленіп алды, сөйтіп Қазақстан Ресейге өтіп кетті, осылай жер бөлу кезіндегі теңсіздіктен соң Қытай бірден Қазақстаннан айырылды” деген жолдар бар.

Ал жазбаның соңында “қазір Қытайдың Қазақстанға көп инвестиция құйғаны, Қазақстанда 400 мыңдай қытай әр салада белсенді жұмыс істеп жатқаны” жазылған.

“Бұған қоса, Қазақстандағы шағын қаладағы тұрғындар Ли Бо ұрпағымыз десе, кейбірі Хан ұлтынанбыз дейді” деп жазылған мақалада. Жазбада Қазақстанның қай шағын қаласы екені айтылмаған. Мақаладағы тарихи деректер, статистикалар қайдан алынғаны жайлы сілтеме я дереккөз көрсетілмеген.

Қазақстан тарабы Sohu.com сайты жариялаған "мұндай сипаттағы мақала мемлекет басшыларының 2019 жылы 11 қыркүйекте қол қойған бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейді" деп санайды. Сыртқы істер министрлігі "мұны Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяомен кездесуде ескерткенін, алдағы уақытта тараптар ақпарат тарату және БАҚ саласында тығыз өзара ықпалдасуға келіскенін" мәлімдеді.

Әдетте әлемдегі және Қазақстандағы оқиғаларға қатысты Facebook парақшасында пост жариялайтын Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанның наразылық нотасы жайлы ештеңе жазбады. Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің сайтында да наразылық нотасы жайлы ақпарат жоқ. Қытайдың сыртқы істер министрлігі де қандай да бір ресми ақпарат таратпады.

Елшіні шақыру я наразылық нотасын жолдау - бір-бірін сынай бермейтін Қазақстан мен Қытай үшін ерекше жағдай. Қазақстан Батыс елдері мен Халықаралық ұйымдар "Қытай Шыңжаңдағы миллионға жуық мұсылманды, соның ішінде этникалық ұйғырлар мен қазақтарды саяси лагерьлерге қамап жатқаны жайлы хабарлағанда" қандай да бір мәлімдеме жасамаған. Нұр-Сұлтан Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлер саясатына қатысты әлі күнге нақты ұстаным да білдірмеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте Пекинге ресми сапармен барып келген соң Twitter желісінде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен мәңгілік стратегиялық серіктестік туралы келісімге және тағы 10 құжатқа қол қойып келгенін жазған. Ал Ақорда сайтындағы ақпаратта бұл келісім “ұзақ мерзімді” деп көрсетілген еді. Тоқаев Пекинге елде “Қытай экспансиясына және Пекин жобаларына қарсы наразылық күшейіп тұрған кезде барған. Наразылыққа шыққан жұрт Тоқаевты Пекинге бармауға шақырып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларынан бас тартуды талап еткен.

Қытай Қазақстандағы ең ірі төрт инвестордың және ең ірі үш кредитордың қатарына кіреді.

SOHU.COM ҚАНДАЙ САЙТ?

Қазақстан билігінің наразылық нотасына себеп болған мақаланы жариялаған Sohu.com сайты – Қытай билігімен тығыз жұмыс істейтін ең ірі онлайн медиа әрі іздеу жүйесі бар, онлайн ойындар құрастыратын, жарнама жариялаумен де айналысатын ауқымды интернет платформа. 1996 жылдан бері жұмыс істейді. Пекинде Sohu Internet Plaza атты үлкен кеңсесі бар. 2008 жылы Пекин олимпиадасының ресми сайтын және жарысқа қатысты барлық платформаны осы Sohu.com Limited компаниясы жасаған.

Компанияның акциялары АҚШ-тағы Nasdaq электронды биржасына кірген. Яғни, АҚШ нарығында да жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG