Accessibility links

«Желтоқсаншылар» Назарбаевқа ашық хат жазды


«Желтоқсан» қозғалысының белсендісі Құрманғазы Рахметов. Астана, 24 наурыз 2011 жыл.
«Желтоқсан» қозғалысының белсендісі Құрманғазы Рахметов. Астана, 24 наурыз 2011 жыл.

«Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығымен қатар Желтоқсан оқиғасының да 25 жылдығын тең деңгейде тойлау керек, ол оқиғаға лайықты мәртебе беретін кез келді» дейді «желтоқсаншылар».


– Қазақстанда тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырған мерекелік шаралар басталып кетті. Оның аясында Желтоқсанға қатысты мәлімет жоқтың қасы. Желтоқсан көтерілісі мен тәуелсіздік бір ұғым болып кеткендігі ешкімге жасырын емес, – деді Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі Құрманғазы Рахметов.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ

Ашық хатты елдегі желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың құрған 7 ұйымның атынан «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы жолдап отыр.

– Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды ақтау туралы 1991 жылы заң шыққаны белгілі. Содан бері 20 жыл өтті. Ол заң ескірді. Сондықтан уақыт талабына сай жаңа Желтоқсанның мәртебесі туралы заң шығуын біз талап етеміз, – деді Құрманғазы Рахметов.

«Желтоқсан» қозғалысы белсенділерінің бірі Мейрам Байғазин. Астана, 24 наурыз 2011 жыл.
Мейрам Байғазин деген азаматтың пікірінше, оған қоса Желтоқсан оқиғасына «көтеріліс» мәртебесін беру керек.

– Себебі Желтоқсанның көтеріліс деңгейінде болғандығына дәлел көп. Сол кезде азаматтар тек Алматыда ғана емес, барлық жерде наразылық білдірген еді, – дейді Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі Мейрам Байғазин.

«ЖЕКЕЛЕГЕН ЛАУАЗЫМ ИЕЛЕРІН ЖАУАПҚА ТАРТУ»

«Желтоқсан туралы шындық – алдымен халқымыз үшін керек» деген Құрманғазы Рахметов қазір ақиқат толығымен ашылмай жатқандығын айтады. Оның ойынша, мұның бірден-бір себебі «қорқыныш» болуы мүмкін.

– 1991 жылы президент «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» жарлыққа қол қойды. Сол жарлықты жүзеге асыру мақсатында сол кездегі премьер-министрдің тапсырмасы бар. Онда «Желтоқсан оқиғасы кезінде заң бұзған мемлекеттік органдар мен биліктегі жекелеген лауазым иелерін жауапқа тарту» туралы айтылады. Мүмкін, әлі күнге дейін желтоқсаншыларға қатысты заңның қабылданбай келе жатқандығының себебі дәл осы шығар, – деді Құрманғазы Рахметов.

«Осы олқылықтарды жою мақсатында арнайы комиссия құрылуы тиіс, оның құрамына тек депутаттар, Үкімет мүшелері, партиялар мен қоғамдық ұйымдар ғана емес, Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар да кіруі тиіс» дегенді айтады желтоқсаншылар.

1986 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Қазақ ССР Компартиясы Орталық комитетінің пленумы өтіп, бірінші хатшы Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, оның орнына Геннадий Колбин тағайындалған еді. Бұл шешімге қарсылықтарын білдірген қазақ жастары бейбіт жиын өткізді. Шеруді қарулы әскер күшпен таратып, соңы басып-жаныштауға ұласты.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандар ақталған тұста 17 желтоқсан ресми түрде демократиялық жаңару күні деп аталды. Кейіннен 16-17 желтоқсан Қазақстан тәуелсіздігі күні ретінде аталды да, демократиялық жаңару күні күнтізбеден алынып тасталды.

1990 жылдардағы арнайы құжаттарда Желтоқсан оқиғасына шамамен 18 мың адамның қатысқаны айтылады. Бірақ қанша адамның жәбір шеккені туралы арнайы есеп жоқ.
XS
SM
MD
LG