Түркістан коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мүшесі, советтік алғашқы жастар газетіне «Жас Алаш» деп ат қойған Ғани Мұратбаев небәрі 23 жасында өмірден озды.
ЛЕНИНШІЛ ЖАСҚА АЙНАЛУ
«Дерек бойынша, мұның басында тұңғыш рет Ғани Мұратбаев болған екен. Жалынды жігіт, жігерлі жас екен. Қыршын кетті. Сірә, жанып кеткен сияқты. Мәскеуде «Ваганьков» дейтін зират бар. Сонда қалды. Комсомолдың кезінде оны анда-санда еске алып, артынан іздеп барып, басына гүл шоқтарын қойып кететіндер болушы еді. Енді кім біледі...» деп жазады осы газеттің бір кездегі бас редакторларының бірі, белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза («Жалының барда жарқылда», Егемен Қазақстан, 22.03.2001).
Совет өкіметі тұсында қазақ жастар баспасөзінің тарихы Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтардың септесуімен Ғани Мұратбаев «Жас Алаштың» алғашқы нөмірін шығарған күн - 22 наурыздан бастап есептелді. Ал 1918 жылдың 30 шілдесінен 1919 жылдың 3-ақпанына дейін Қызылжар қаласында 22 нөмірі жарық көрген «Жас Азамат» газеті санатқа алынбады. Өйткені шығарушы редакторы - Қошке Кемеңгеров, ал тілеулестері – аты мәлім Алаш Орда қайраткерлері болатын.
«Жас Алаш» басылымы редакциясының компьютерінде әзірленген газеттің мерейтойлық санының макеті. Алматы, 17 наурыз 2011 жыл.
«Жас азаматты» зерттеген ғалым Дихан Қамзабекұлы «Алашқа таныс болған «Жас азамат» деген мақаласында: «Қазақтың ұлттық баспасөз тарихында елеулі орыны бар «Қазақ» газетінің бағытын жалпы жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, азаматтық ой-сананы ілгерілетуге септігі тиген газет-журналдардың ішінде «Жас азамат» атты басылымды ерекше атаған жөн. «Жас азамат» ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті» деп жазады («Ана тілі, №14, 1993 ж.»).
Алаш атауына тыжырына қараған Совет өкіметі «қағаз тапшы, қаржы жоқ» деген желеумен Ташкенттегі «Жас Алашты» қыр асырмай жауып тастады.
Тарих ғылымдарының докторлары Сағымбай Қозыбаев пен Қырықбай Алдабергеновтер де: «Қазақ жастар баспасөзінің тарихы қазіргі айтып жүргендей 1921 жылдың наурызы айынан емес, 1918 жылдың шілде айынан басталады. ... Ал «Жас Алаш» газеті болса, Кеңес өкіметі орнап, нығая бастаған тұста Түркістан республикасында қазақ жастарына арналып, жаңа бағытта шыға бастаған алғашқы басылым. Яғни «Жас Азамат» газетінің ізбасары» деп санайды («Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», Қазақ әдебиеті, 16.03.2001 ж.).
Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасалғанына қарамастан (1919-20 жж.) Алаш атауына тыжырына қараған Совет өкіметі «қағаз тапшы, қаржы жоқ» деген желеумен Ташкенттегі «Жас Алашты» қыр асырмай жауып тастады. 1922 жылы 1 қыркүйектен «Жас Алаштың» орнына Орта Азия бюросының және Түркістан ортақшыл жастар комитетінің он күндік газеті «Жас қайрат» газеті шығарылды. Редакторлығына Ерғали Алдоңғаров бекітілді. Бұл газет 1924 жылы қаңтарда журналға айналды.
Осы аралықта Орынбор қаласынан «Өртең» атты республикалық жастар басылымы жарық көргенін де айта кету керек. 1922 жылы екі айда небәрі 6 нөмірі шыққан ол да «саяси ұстамсыздығы үшін» жабылды. Бұл газетте Ахмет Байтұрсынұлының да қолтаңбасы бар. Жүсіпбек Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы» дейтін атақты әдеби-сын мақаласы осы тұста жарық көрген еді. Мұның орнына Қазақстанның аймақтық жастар комитеті «Жас қазақ» журналын шығаруға кірісті.
1924 жылы 8 ақпанда «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан «Лениншіл жас» деген қосалқы бет ашылды, 1925 жылдың ақпанынан 1926 жылдың қаңтарына дейін «Жас қайрат» газеті болып өз алдына бөлек шықты. 1927 жылы 22 қыркүйекте «Лениншіл жас» газетіне айналды.
«БОЛЬШЕВИКТЕР ДАУЫЛЫ»
Міне, осындай жолдар арқылы совет өкіметі кешегі алаш ордашылардан ат құйрығын үзісіп, басы бүтін большевиктік идеяға берілген «Лениншіл жас» газетін қалыптастырып, қазақтың жастар баспасөзін өзі көздеген арнаға түсірді.
Газеттің бір ашылып, бір жабылуының астарында алашшыл ұлттық мұраттан әлі де күдер үзе қоймаған қазақ жастарының баспасөзі мен большевиктік биліктің арасындағы астыртын идеялық тартыс жатыр еді. Сондықтан 1927 жылы «Лениншіл жастың» жарық көруін большевиктердің біржола жеңісінің бір көрінісі деуге болады.
Бұл дауылдан қырғыз-қазақ елін шамамыз келгенше аман-сақтап қалайық, шамамыз келгенше тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде деген мақсұт еді.
Жоғарыда аталған «Жас азамат» газеті оқырмандарына жолдаған 11-нөміріндегі «Ашық хатында»: «Ел көп топырдың ортасында аяқ-асты бас қосайық деген пікір туып еді. Бұл пікірді туғызған – көкті қаптаған большевиктер дауылы еді. Бұл дауылдан қырғыз-қазақ елін шамамыз келгенше аман-сақтап қалайық, шамамыз келгенше тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде деген мақсұт еді» деп жазылыпты (С.Қозыбаев, Қ.Алдабергенов: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»// Қазақ әдебиеті, 16.03.2001 ж.).
Олай болса «Лениншіл жас» қазақтың тұңғыш жастар газеті «Жас азаматтың» шын мәнінде ізбасары бола алды ма деген сауал туындайды. Өйткені «Ленин комсомолының» ұраны бойынша «Лениншіл жас» газеті қашан да советтік өзгерістің артында емес, алдында жүрді. Керек болса «большевиктік дауыл боп соқты».
«КОМСОМОЛ – СОЦИАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ЕКПІНДІ ӘТІРЕДІ»
Большевиктік биліктің сойылын соғуға кіріскен «Лениншіл жас» газеті елдегі саяси-идеологиялық үгіт-насихаттарға белсене үн қосты. Күнделікті өмір, әдебиет, өнер мәселесіне арналған санаулы мақалалар саяси ұрандардың тасасында қалды. Газет 1931 жылдың қаңтарынан төте жазуды тастап, латын әліпбиіне көшті, бұл жөнінде осы жылдың бірінші нөмірінде:
«Кәзетіміз бүгіннен бастап жаңа әліпке көшіп отыр, бұл ірі табысымыздың бірі. Күншығыста жаңа әліпке көшу – таптық төңкерістің мәні бар шаралардың бірі болып табылады. Латын әлібін алу-алмау туралы барлық күншығыс елдерінде, оның ішінде Қазақстанда, байлар, төңкеріске қарсы алашордашылардың қолшоқпарлары, молдалар, атқамінерлер латын әрпін алдырмау жолында бекер жанталасқан жоқ, бекер қарсы шыққан жоқ» деп жазды.
«Комсомол – социалды құрылыстың екпінді әтіреді, партияның сенімді көмекшісі» деген ұран тастаған «Лениншіл жас» газеті «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін советтік солақай саясат басталған 1931 жылғы 3-нөмірін «Мал шаруашылығын қамқоршылығымызға алдық» деген бас тақырыппен шығарды. Мал шаруашылығы кімнің қамқоршылығына алынғаны, нәтижесі де қазіргі уақытта белгілі.
Ұранға толы мақалаларда аштықтан қынадай қырылып жатқан қазақ халқы туралы бір сөйлем ұшыраспайды.
«Араларыңдағы оппортуншыларды аластаңдар!» (№2, 1931 ж.); «Астық жоспары орындалмаған аудандарда комсомол қатары оппортуншыл, байшыл, оңшылдармен толып отыр. Басшылық орындар қырағылық істеп, оларға аяусыз соққы бере алмай отыр» (№10, 1931 ж.); «Мал дайындау, ет жөнелту жоспары мандымай отыр. 20 февральға дейін мал дайындау тоқсан жоспарының төрттен бірі ғана орындалды. Мал дайындау науқанына комсомолдар ұйымының қатынасы әлі нашар!» (1 наурыз, 1931 ж.); «Астық, мақта шаруашылығына қалай атсалысқаны туралы Түркістан комсомолдарына сөз беріледі». Бас тақырып: Ал сөйле:» (11 қаңтар, 1933 ж) деп аталатын ұранға толы мақалаларда аштықтан қынадай қырылып жатқан қазақ халқы туралы бір сөйлем ұшыраспайды.
Қазақстаннан Голощекин кетіп, Мирзоян келгеннен кейін «Лениншіл жастың» екпіні ептеп бәсеңсігенімен, тұралаған шаруашылықты қайта көтеруде де қаһарынан қайтпады. «Жер қыртысын жемісті етеміз» (6 ақпан, 1933 ж.); «Мұқтаж колхоздарға берілген үкімет жәрдеміне қол сұғушыларға аяушылық болмасын» (17 наурыз, 1933 ж.); «Тұқымды күзетіп, қорғауды басты міндет санамаған, бар күшін салып күреспеген комсомол партия сенімін ақтамай, тап қызығын сатқан, тап дұшпандарының іс жүзіндегі агенті болады» (28 наурыз, 1933 ж.) деп аталатын мақалаларда «ашаршылық» деген сөз айтылмаса да, жалпы сарынынан халықтың жар жағасына тірелгені байқалады.
«ҚҰТЫРҒАН ИТТЕР АТЫЛСЫН!»
1937-38 жылдардағы сталиндік саяси қуғын-сүргін кезінде «Лениншіл жас» «өз бетін де аямай, өзгелердің бетін де шиедей қылды».
«Батыл сын - өзара сын жоқ» (27 қыркүйек, 1937 ж) «Халық жауларының зиянкестігінің зардабын тез жояйық» (29 қыркүйек, 1937 ж); «Үржардағы ұлтшыл-фашистер бандасына сот» (2 қазан, 1937 ж.); «Комсомол ісіне кіріп кеткен жаулардың кейбір зұлымдық тәсілдері мен әдістері туралы» (15 қазан, 1937 ж.) «Халық жауларына қарсы күрес бәсеңдемесін» (30 қазан 1937 ж.) деген секілді тағы да басқа көптеген ұрда-жық мақалалар бірінен соң бірі шығып жатты.
Сұмырайларды Отанымыздың болат семсері – даңқты НКВД орындары қолға түсірді. ... Адам баласының бұл тастандыларына, фашист разведкасының тіміскілеген бұл иттеріне сот процесі басталғанына бірнеше күн өтті.
«Лениншіл жаста» жарияланған Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы Кенжеқараевтың: «Қазақстанда Коммунистік (большевиктер) партиясының Орталық комитеті және НКВД орындары бірнеше контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистердің ұясын күл-талқандап отыр. Құлымбетов, Есқараев, Сәдуақасов, Құрамысов тағы басқа жапон империализмінің агенттері бастаған ұлтшыл-фашист бандалар Қазақстанды Ұлы Советтік Союзынан бөліп алуға тырысты» деп басталатын баяндамасы бәрінен асып түсті («Халық жауларының бірін қалдырмай жоямыз! 2 қазан, 1937 ж.).
Осы жылдары «Лениншіл жас» газеті «Жазушылар ұйымында әшкереленген халық жаулары Жансүгіров, Тоғжанов, Сейфуллин, Майлиндердің қалдығы әлі де жойылып біткен жоқ» деп, осы ұйым мен оның үні «Қазақ әдебиеті» мен «Әдебиет майданы» газетін бірнеше рет сынға алды. «Жазушылар ұйымындағы буржуазияшыл ұлтшылдардың сыбайластығы» (27 қазан 1937 ж.) деген мақалада «Қазақ әдебиеті» газетіне бірталай уақыт халық жауы Майлин редактор болды, қазіргі уақытта бұл газетті буржуазияшыл ұлтшылдармен ауыз жаласқан Жароков Тайыр басқарып отыр. «Әдебиет майданы» журналының басында халық жауы Сейфуллин отырды, халық жауларымен ауыз жаласқан Мүсірепов және Тұрманжановтар басқарып келеді. Онан соң шыққан тегі жат Қаратаев, партия қатарына алдау-арбау жолымен кіріп кеткен, жазушылар союзының әлі күнге дейін басында отыр» деген айыптаулар Ежов, Берия бастаған НКВД-ға таптырмас желеу болатын.
1938 жылы саяси-қуғынның шарықтау шегіне жеткенін «Лениншіл жастың» әрбір санынан көруге болады. Сол жылы 6 наурыздағы санының бірінші беті түгелдей халық жауларын әшкерелеп, көзін жоюға арналды. «Құтырған иттер атылсын» деген бас мақалада былай дейді:
Елімнің ақ семсері,
Ежов ерім көреген.
Жайғызбай уын жыланның,
Суырып алды інінен!
«Көп уақыт жасырынып жүріп, социалистік Отанымызға қастық істеген, оны бөлшектеп, фашистік мемлекеттерге таратып бермек болған сұмырайларды Отанымыздың болат семсері – даңқты НКВД орындары қолға түсірді. ... Адам баласының бұл тастандыларына, фашист разведкасының тіміскілеген бұл иттеріне сот процесі басталғанына бірнеше күн өтті, бұл процесс бүкіл совет халқының, бүкіл прогресшіл адам баласының зығырын қайнатты, советтің әділ сотынан олар бұл фашистік жендет сұмырайлардың көздерін тез жоғалтуды талап етіп отыр».
Дәл осы бетте «Ең әділ үкім - ату», «Жазаның ең ауыры берілсін», «Еңбекшілердің көп адам қатысқан митингілері Отанын сатпақ болғандарға ауыр жаза беруді талап етеді» деген мақалалар топтамасы және сол кездегі белгілі ақын Сағынғалидың:
Айта алмаймын адам деп,
Адам емес аң бұлар.
Жеті басты жалмауыз,
Қаныпезер құзғындар.
Елімнің ақ семсері,
Ежов ерім көреген.
Жайғызбай уын жыланның,
Суырып алды інінен, - деп келетін «Атылсын!» деген қылышынан қан тамған өлеңін берді.
1940 жылдардан бастап «Лениншіл жас» сауатсыздықты жоюға арналған көптеген мақалалар жариялап, біртіндеп мәдениет пен әдебиетке де бет бұрды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін газет уақытша тоқтатылып, қызметкерлері майданға аттанды.
1946 жылы 5 ақпанда «Лениншіл жас» газеті «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер» деп аталатын Қазақ К(б)П Орталық комитетінің атышулы қаулысын басып, келесі нөмірінде «Алматының ғылым, әдебиет және көркем өнер қызметкерлерінің жиылысы» жайлы мақаланы ұсынды. Жиылыста І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Е.Смайылов, Қ. Жұмалиев, Б.Кенжебаев және М.Әуезов секілді белгілі ғалымдардың «совет халқына жат әдеби бағыттарды бүркемелеп келгені» және олардың өз айыптарын қалай «мойындағаны» ерекше ықыласпен көрсетілді.
«ҰЗЫН АРҚАН - КЕҢ ТҰСАУ»
1953 жылы Сталин өліп, Берия атылған соң пайда болған Хрущевтің «жылымығы» «Лениншіл жас» газетіне де әсер етті. «Коммунизмнің жас құрылысшылары, Ленинше өмір сүріп, күрес жүргізіп, жеңіске жете берейік!» (5 қазан, 1955 ж.), «Коммунизмді орнататын да, онда өмір сүретін де өзіміз», (9 желтоқсан,1961 ж.), «Тың жерлерді игеру –коммунизм орнату жолындағы күрестің жарқын кезеңі» (16 тамыз, 1964 ж.) деген идеологиялық талаптармен шыққан материалдарды, Хрущевтің құлаш-құлаш баяндамаларын айтпағанда ауыл өмірі мен тұрмысын, халық мәдениетін баяндайтын мақалаларға көптеп орын беріп, «Лениншіл жас» біртіндеп шын мәнінде халықтық газетке айнала бастады.
Осы кезеңде газеттің тиражы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, үш жүз мыңнан асып жығылды.
Басқа ақпарат құралдары секілді «Лениншіл жас» та қатаң идеологиялық бақылауда болды, газет басшылары тікелей Орталық партия комитетінің бұйрығы немесе келісімімен тағайындалды. Алайда, «ұзын арқан – кең тұсаудың» арқасында газеттің мазмұны да, тұрпаты да түрленді. Түрлендіргендер — соғыс отының өртеңіне шыққан жас ұрпақ еді.
«Лениншіл жас» газетінде 1950 жылдардың соңынан 1980 жылдардың соңына дейінгі аралықта жұмыс істеген қызметкерлердің көпшілігі кейін басқа ақпарат құралдарына басшылық етті, қарымды қаламгер, ел таныған қайраткерлерге айналды. «Лениншіл жас» елдегі өзекті мәселелерді жиі көтеріп, қазақтың ұлттық мәселесін астарлап жеткізді. «Наурыз» мерекесін «көктем күні» деген атаумен жыл сайын атап өтті. Осы кезеңде газеттің тиражы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, үш жүз мыңнан асып жығылды.
ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ «ТӘУЕЛСІЗДІК»
1991 жылғы саяси өзгерістер қарсаңында «Лениншіл жас» өзінің бастапқы «Жас Алаш» атауын қайтарып алып, елдегі саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің жаршысына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында «Жас Алаш» бетінде жарық көрген мақалалар ең өзекті мәселелерді қозғады. Осы жылдары «Жас Алашта» қызмет еткен қаламгер-журналистер шоғыры алдыңғы буын секілді кейін басқа ақпарат құралдарына жетекшілік қызметтерге барды. 2000 жылғы «Алтын жұлдыз» байқауында «Жас Алаш» «Қазақстандағы ең үздік газет» атанды.
Осы жылдары «Жас Алашта» қызмет еткен қаламгер-журналистер шоғыры алдыңғы буын секілді кейін басқа ақпарат құралдарына жетекшілік қызметтерге барды.
Басқа да бұқаралық ақпарат құралдары секілді «Жас Алаш» газеті де жекешелендіріліп, газет акциясы редакция қызметкерлеріне берілді. Бірақ бірқатар оппоненттері газеттің түпкі иесі көп жылдар Қазақстанның ақпарат министрлігін басқарған, кейін оппозиция жетекшісіне айналған соң саяси тапсырыс құрбаны болған мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы деп санап келді.
Сәрсенбаевтың саяси қарсыластары «Жас Алаш» газетінің Ақтөбе, Атырау облыстарының әр кезеңдердегі әкімі, Қазақстан президенті аппаратының қазіргі жетекшісі Аслан Мусинді, бұрынғы Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы, мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановты, белгілі қоғам қайраткері, төтенше жағдайлар министрі, оппозиция қатарына өткеннен кейін жұмбақ жағдайда қазаға ұшыраған Заманбек Нұрқаділовті бірнеше мәрте сын садағына алуына Алтынбек Сәрсенбаевтың ықпалы болды деген пікір таратты.
2001 жылы Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов бастаған «Қазақстанның демократиялық қозғалысы» құрылғанда саяси оппозициялық бағытты қолдайтын басылым ретінде бірнеше мақала жариялағанымен «Жас Алаш» билікпен ат құйрығын үзісе қоймады.
«Жас Алаш» басылымы редакциясының компьютерінде әзірленген газеттің мерейтойлық санының макеті. Алматы, 17 наурыз 2011 жыл.
2001 жылы премьер-министрдің орынбасары қызметінде тұрған Иманғали Тасмағамбетов: «Осыдан 80 жыл бұрын бұрын ардагер ағалар желбірете көтерген жастықтың жалауын жықпастан, бүгінгі күнге асқақтатып алып келген «Жас Алаш» - біздің республика тарихының ең жарқын, ең айшықты беттерін жазысқан шыншыл басылым» («Жалындаған Жас Алаш». 15.03.2001 ж.) деп арнайы құттықтау жолдаса, сол жылы наурыз айында «Жас Алаш» газетінің «Жас алашты» не үшін оқисыз?» деген сауал-айдарына «Хабар» агенттігінің басшысы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева: «Жас Алаш» - қасиетті ұғым, киелі басылым. Себебі «Жас Алаш» дегенде көз алдымызға жастар, жаңашылдар, ұлттық құндылық пен тарихи тағылым келеді» деп жауап берген болатын (20 желтоқсан, 2001 ж.).
2001 жылғы наурыздың 17-і «Жас Алашта»: «Әбілев БАҚ туралы заңның ұлт мәселесіне қатысты баптарына келгенде қасарып-ақ бақты. Соған қарағанда бизнесмен Болатқа рухани байлықтан гөрі супермаркеттегі тауарларын жарнамалаған жақын-ау. Ұлтқа кім жақын? Амангелді Айталы ма, Болат Әбілев пе? Мәжіліске Айталы сияқты айта алатын адамдар керек. («Амангелді Айталы: Болат Әбілев, бұл саған магазин емес!» 17 наурыз 2001 ж.) дейтін мақала жарық көрді.
2003 жылы қараша айында А.Сәрсенбаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен кетіп, «Ақ жол» партиясына қосылғаннан кейін «Жас Алаштың» саяси бағыт-бағдары айқындала түсті. Ал 2005 жылы «Ақ жол» партиясы қақ жарылғанда, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев, Ораз Жандосовтар құрған «Нағыз Ақ жол» партиясын қолдап шықты. Осы кезеңнен бастап «Жас Алаш» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қайшы келетін мақалаларды батыл беруге көшіп, биліктен тәуелсіздік алды.
Жоғарыда аталған Иманғали Тасмағамбетов те, Дариға Назарбаева да, Әлихан Бәйменов те кейін «Жас Алаш» бетінде тұрақты сынға ілікті, керісінше Болат Әбілев демократияшыл идеяластардың қатарына өтті. Қазақстанның қазіргі саяси жүйесіндегі өзгерістерді «Жас Алаш» бетіндегі жеке адамдарға арналған осындай біржақты сынап-мінеуден де аңғаруға болады.
«Жас Алаш», әсіресе қазақ жерінің тұтастығы, мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде қалың оқырманға тартымды, ірі республикалық басылымға айналды.
«Жас Алаш» бірнеше рет әкімшілік жазаға да тартылды. Дариға Назарбаева мен «Асар» партиясының үміткері туралы «Ит жетектеген әйел немесе Абылайдың атын қор қылған үміткер» (7 қыркүйек, 2004 ж.) деген мақаласы үшін Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы «Жас Алашты» сотқа тартпақ болды. 2005 жылы сәуір айында «Әбдірахманов неге үрейлене береді?» атты мақала бойынша парламент депутаты Серік Әбдірахманов «Жас Алашты» сотқа беріп, Алматы қалалық Медеу аудандық соты «Жас Алашты» айыпты деп тапты.
Соңғы онжылдықта билікшіл саналатын ақпарат құралдарында айтылмайтын ақпараттарды жариялап келген «Жас Алаш», әсіресе қазақ жерінің тұтастығы, мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде қалың оқырманға тартымды, ірі республикалық басылымға айналды.
Бүгінгі «Жас Алаш» өзінің мақсат-мұратын былай деп сипаттайды: «Ел ішіндегі әділетсіздік, жемқорлық, әлімжеттік, зорлық-зомбылық күн тәртібінен түсірмеу; көзқарас аясын кеңейтетін танымдық мақалаларға кеңінен орын беру; қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік мәні бар тақырыптарға шектеу қоймау» болса, ұстанымы: «Жас Алаш» ешкімге жау емес, яғни ешқашан біржақтылыққа жол бермеу, журналистік принциптен еш ауытқымау; көзайым жақсы жаңалықтарға, елге істелген пайдалы істерге қай тараптан жасалса да газет бетін айқара ашу» («Жас Алаш», 1 наурыз, 2011 ж.).