Accessibility links

Сөз бостандығының сипаты: қазақстандықтардың өз көзімен...


Қазақстандық журналистер елде баспасөзді қудалауды тоқтатуды талап етіп наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 10 наурыз 2009 ж.
Қазақстандық журналистер елде баспасөзді қудалауды тоқтатуды талап етіп наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 10 наурыз 2009 ж.

Қазақстандағы сөз еркіндігін қадағалайтын ұйымдар пікірінше, Freedom House ұйымының бағалауы елдегі сөз бостандығының жағдайы демократиялық құндылықтары дамыған Еуропа елдерімен салыстырғанда төмен болғанымен, Орта Азия аймағында біршама жоғары сатыда тұрғандығын көрсетеді.

Freedom House ұйымы жариялаған зерттеулерде 2008 жыл барысында әлемнің басым бөлігінде, нақты айтқанда 56 пайызында, сөз бостандығы шектеліп отырғаны жазылған. Оған Орталық және Шығыс Еуропа аймағының Балтық елдерінен басқа мемлекеттері мен бұрынғы Совет елдері енгізіліп,осы елдердің бәріне баспасөзі “еркін емес” деген баға берілген.

Оның ішінде Қазақстан 195 елдің ішінде 168-ші орынға жайғасқан екен.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымының маманы Ғалия Әженованың айтуынша, бұл жағдайға бір жақты қарамау керек.

- Көрші жатқан Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан сияқты диктаторлық жүйедегі мемлекеттерге қарағанда бізде айтарлықтай жақсы жағдай қалыптасқан. Алайда, демократиялық құндылықтарды бағалайтын, сондай –ақ Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрелік ететін ел ретінде қарайтын болсақ, жағдай айтарлықтай жақсы емес екендігін ескеру керек, – дейді Ғалия Әженова.

Әженованың айтуынша, оған бірден бір дәлел жуырда ғана мәжілісте қаралған интернет туралы заң жобасы.

Бұл заңға сәйкес, Қазақстан билігі интернет сайттарында жарияланған ақпараттарды заңға қайшы деп тапса, ол ақпарат тарату көзіне тосқауыл қоя алады. Заң жобасына наразылықтарын “Еркін интернет үшін” деп аталған қозғалыс белсенділері мәжіліс спикері Орал Мұхамеджановқа компьютердің шынжырланған клавиатурасын жолдау арқылы білдірген боалтын.

«Жас алаш» газетінің тілшісі Жанболат Мамай Қазақстанда сөз бостандығы мүлдем жоқ деп айтуға болмайды, алайда ол жеткілікті деңгейде емес, мәселе осында жатыр деген пікірін білдіреді.

Қазақстанда 5 мыңға тарта басылым болса, солардың 10 шақтысы ғана қоғамда орын алған жайттарға мейлінше обьективті көзқарас білдіреді дейді сұхбаттасымыз. Алайда сол 10 шақтының өзіне қысым жиілеп кеткен.

- Соңғы уақыттары кең етең алып кеткен Ddos- шабуылдар интернетке деген қысымның бірден-бір көрінісі. Мәселен осы шабуылдар кесірінен біраз уақыт Zona.kz сайты ашылмай тұрды, одан кейін біздің «Жас алаштың» интернет парақшасы да жұмыс істемей қалды. Өткен жазда Астананың мерейтойы мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні кезінде бірнеше өткір мақалалар жарық көрді, сол кезде біздің басылым жабылудың аз-ақ алдында болғаны бар, – дейді журналист.

Журналист сондай-ақ «Тасжарған» басылымының жабылып қалғандығы да Қазақстандағы сөз бостандығының халінің мүшкіл екендігінің айқын айғағы дегенді айтады.

Ал аталмыш басылымның журналисі, депутатРомин Мадиновқа 30 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс, Алмас Көшербаев жыл өткен сайын елдегі сөз бостандығына шектеу күшейіп келе жатқандығын айтады. Оның пікірінше, енді интернет туралы заң өз күшіне енсе, кез келген интернет басылымды оп-оңай жабуға мүмкіндік бар.

Ал «Журналистер қауіп қатерде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина, Қазақстанда әсіресе, оппозициялық бағыттағы басылымдарда қызмет ету қауіпті болып бара жатқандығын айтады. Өйткені, үкіметке ұнамаған кез келген мақала үшін бас бостандығыңнан айырылуың мүмкін.

- Қазақстанда биылғы жылы 3 журналист қамауда отыр. Оның ішінде бізді Рамазан Есергеповтың тағдыры ерекше алаңдатуда. Журналисті қоғамдық маңызы бар мақала жазғандығы үшін темір тордың арғы жағынан бірақ шығарды, бұл біздегі сөз бостандығының ең төменгі дәрежеде екендігінің бірден бір көрінісі. Қазіргі таңда Талдықорғанда сот ісі әлі басталған жоқ. Сондай-ақ Рамазанның қан қысымы жоғарылап дәл қазір өте ауыр халде жатқандығын айта кету керек, соған қарамастан оны үйқамаққа да жібермеуде. Бұл таза саяси тапсырыспен жүзеге асып жатқан іс екендігін осыдан ақ білуге болады, - дейді Розлана Таукина.

Халықаралық Журналистер құқын қорғау комитетінің деректеріне қарағанда, 2008 жылы әлемде кәсіби қызметіне қатысты 41 журналист өлтірілген. Ал 2009 жылдың басынан бері 11 журналист қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG