Accessibility links

«37-сін де соттап жібермейтін шығар» дейді айыпталушылардың туыстары


Жаңаөзен оқиғасына қатысты өтіп жатқан соттың судьясы Аралбай Нағашыбаев. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасына қатысты өтіп жатқан соттың судьясы Аралбай Нағашыбаев. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Ақтауда төрт күннен бері Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сотқа келген жәбірленушілердің көбі айыпталушыларға байланысты шағымдары жоқ екенін айтты.


Жұма күні де түске дейін сұралған төрт жәбірленуші айыпталушы мұнайшыларға қатысты еш талаптары жоқ екенін мәлімдеді.

Қоғамдық комиссия мүшесі, сотты бақылап отырған Жәнібек Қожықтың айтуынша, бүгінгі жәбірленушілер – дүкендері өртелген, 8 миллион теңгеге дейін залал шеккен кәсіпкерлер.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫ АЙЫПТАМАҒАН ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР

Сотқа қатысып отырған азаматтар «жәбірленушілердің көбі мұнайшыларды кінәлаудан бас тартқанын» айтады. Төрт күнде 188 жәбірленушінің 40-тан астамы сұралды.

Зиян шеккен азаматтардың басым бөлігі айыпталушыларды кінәламайтындарын мәлімдеген. Олардың арасында Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің туысы, «Престиж» деп аталатын дүкені өртенгенде 23 миллион теңге шығын шеккен Нұрлан Сарбөпеев те бар.

– Базардағы дүкені бүлініп, 550 мың теңге шығын шеккен Зиада Айтбаева оны айыпталушылардан өтетуден бас тартты. Қалима Жолмағамбетова деген жеке кәсіпкер де дүкені мен заттары бүлінген кездегі зияны – 8 миллион 361 мың теңгені олардан өтетіп алудан айныды, – дейді «Жаңаөзен–2011» халықаралық комитетінің өкілі Ерлан Қалиев.

Өртеніп кеткен "Престиж" дүкені. Жаңаөзен, 18 наурыз 2012 жыл.
Өртеніп кеткен "Престиж" дүкені. Жаңаөзен, 18 наурыз 2012 жыл.
Қоғамдық комиссия өкілі Жәнібек Қожықтың пікірінше, «жеке кәсіпкерлер бизнестерін мұнайшылардың өртегеніне күмәнді болғандықтан жаппай бас тартып отыр».

- Дүкен иелері, кәсіпкерлердің көбі өздерінің дүкендері желтоқсанның 16-сы күні кешке, 17-сі күні түнде өртенгенін айтып отыр. Ал оқиға 16-сы күні күндіз болды. Атыс та күндіз болды. Содан бастап қалада ОМОН-дар мен солдаттар, полицейлер қоршап тұрған. Бұл кезде жұрттар бала-шағасын үй өртемек түгілі далаға шығармайды. Жанынан безген адамдар болмаса. Сондықтан «ана балалар өртеді, осындай да осындай» деу кішкене күмән тудырды. Жеке кәсіпкерлердің барлығы да ана балалардың өртемегеніне көздері жетіп тұрған сияқты, - дейді Жәнібек Қожық.

Ал шығын шеккендерін мәлімдеген мемлекеттік мекемелер мен ірі компаниялар бұған дейінгі талаптарынан айныған жоқ.

Наурыздың 29-ы күнгі сот отырысында Жаңаөзен қаласы әкімшілігінің өкілі 16 желтоқсандағы оқиға кезінде әкімдіктің 250 миллион теңге шығынға душар болғанын мәлімдеген.

БТА банк өкілі Марат Тілепов те банк талабы сол күйінде қалатынын айтты. Оның айтуынша, банкке 56 миллион теңге шығын келген: оның 25 миллион теңгесі – мүліктік шығын, 31 миллион теңгесі – банкоматтан ұрланған қаржы.

«Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің өкілі Ғалым Ағелеуов Жаңаөзендегі сот отырыстары туралы Facebook әлеуметтік желісінде: «Сот өтіп жатқан төрт күннен бері айыпталушылардың ұрлық жасап, тонап жатқан сәті түсірілген бірде-бір видео немесе фото көрсетілген жоқ» деп жазады.

БІР АЙЫПТАЛУШЫ ҮЙҚАМАҚҚА ШЫҚТЫ

Бұған дейін адвокаттардың бірі қамауда отырған айыпталушы, аяғынан жараланған Әнуарбек Тәженовтің жарасының асқынып бара жатқанын, оған дәрігер көмегі қажет екенін айтып, үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш берген еді.

Қоғамдық комиссия мүшесі Жәнібек Қожықтың айтуынша, судья Аралбай Нағашыбаев наурыздың 30-ы күні айыпталушы Әнуарбек Тәженовтің денсаулығын тексерген дәрігер-травмотологты тыңдағаннан кейін оны қолхат арқылы қамаудан босату туралы шешім шығарған.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталушылар сотта отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталушылар сотта отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

- Жарасы іріңдеп кеткен екен. Амантай Досжанов дейтін дәрігер қорытынды шығарған. Судья ақылдасып келіп, [Әнуарбек Тәженовті] қамақтан босатып, үйқамаққа апаруға, ешкіммен сөйлеспеуге, сотқа келіп тұруға шешім шығарды, - дейді Жәнібек Қожық.

Бүгін адвокаттар өздері қорғап отырған азаматтармен кездесуге мүмкіндік болмағанын айтып, соттан дайындалуға қосымша уақыт сұрады. Судья адвокаттардың өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын дүйсенбіге белгіледі.

«ҮМІТ ТЕ, КҮДІК ТЕ БАР СИЯҚТЫ»

Қоғамдық комиссия мүшесі Жәнібек Қожықтың айтуынша, сотқа қатысып отырған азаматтардың басым бөлігі - айыпталушы адамдардың туыстары, жақындары, балалары. «Олардың бәрінде үміт те, күдік те бар сияқты» дейді ол.

- Үміт дейтіні - балалардың кінәсіздігі. Күдік дейтіні - соттың шешімін көбінесе
Полицей айыпталушылардың туыстарымен сөйлесіп тұр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Фото Lada.kz сайтынан алынды)
Полицей айыпталушылардың туыстарымен сөйлесіп тұр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Фото Lada.kz сайтынан алынды)
жоғарғы жақ, Астана береді. Соған байланысты қалай болатындығына күдігі бар. Бірақ көпшілігі «37-сін де соттап жібермейтін шығар. Тең жартысынан көбі шартты түрде босайтын шығар» деп отыр, - дейді Жәнібек Қожық.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты наурыздың 27-сі күні басталған сот Ақтау қаласындағы «Арман» орталығында өтіп жатыр.

Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы қатысып отыр.

Келесі сот отырысы сәуірдің 2-сі күні Астана уақытымен сағат 11-де басталады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG