Accessibility links

Жаңаөзенде мәйітхананы ынталана көрсетті


Тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандардың мәйіттері. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәйітханасы. 18 желтоқсан 2011 жыл.
Тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандардың мәйіттері. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәйітханасы. 18 желтоқсан 2011 жыл.

«Жаңаөзендегі желтоқсанның 16-сы күнгі оқиға кезінде қаза тапқандардың бірі жерленеді» деп хабарлады Азаттық тілшісі. 14 адам қаза тауып, 86 адам жараланған Жаңаөзенде жүрген тілшіміз Қазис Тоғызбаев желтоқсанның 19-ына ауған түні Ақтауға келді.


Билік өкілдері желтоқсанның 18-інде полиция мен халық арасында қақтығыс болған Шетпе станциясына барған батыстық және қазақстандық журналистерді Жаңаөзенге апарды.

«ГОНГ» ЖОСПАРЫ

Жексенбі, желтоқсанның 18-інде Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге сұқбат берді.
Полицейлер жаңаөзендіктердің наразылығын қолдап көшеге шыққан тұрғындар жиынын бақылап тұр. Ақтау. 18 желтоқсан 2011 жыл.
Полицейлер жаңаөзендіктердің наразылығын қолдап көшеге шыққан тұрғындар жиынын бақылап тұр. Ақтау. 18 желтоқсан 2011 жыл.

"Әуелі кім атты?" деген сауалға министр "ешкімнің оқ атуға бұйрық бермегенін" айтты. Оның айтуынша, сол күні Жаңаөзендегі алаңда болған полицейлер "оқ атудан басқа амалы қалмайтын қиын жағдайға тап болған". Министрдің сөзіне қарағанда, оқиға басталған кезде полицейлерде қару болмаған. Оқиға басталған соң полицейлердің бір бөлігі ішкі істер басқармасына келіп, Калашников автоматтары мен әскери оқ-дәрі алған.

"Бұлай қарулануға полицейлерге кім рұқсат берді?" деген журналистердің сауалына министр Қасымов ешкімнің рұқсат бермегенін айтты. "Гонг" жоспары іске қосылғандықтан полицейлердің өздері келіп, автоматтарын алған дейді министр.

- Калашников автоматы мен Макаров тапаншасы полицейлердің табельді қаруы ғой. Сондықтан "Гонг" жоспары іске қосылғанда ешкім сұрамастан келіп, өздерінің табельді қаруларын алады,- деген министр жоспарды енгізген қалалық ішкі істер басқармасының бастығы екенін айтты.

Министр Қасымовтың айтуынша, полицейлер көкке және жерге қаратып оқ атқан.

- Негізінен ескерту ретінде жоғары-төмен, жоғары-төмен атқан, - деді министр.
Тәртіпсіздіктер кезінде күйген мәйіттердің бірі. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәйітханасы. 18 желтоқсан 2011 жыл.
Тәртіпсіздіктер кезінде күйген мәйіттердің бірі. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәйітханасы. 18 желтоқсан 2011 жыл.

Ішкі істер министрі бұл сөзіне дәлел ретінде Жаңаөзендегі оқиғалар кезінде қаза тапқан әйел туралы айтты.

- Ақтауда қаза тапқан әйелдің басынан оқ табылды. Осындай қашықтықтан автоматпен атқанда оқ баста тұрып қалмауы керек. Біз оқ өз екпінімен тайқып тиіп, баста тұрып қалған деп санаймыз, - деді министр Қасымов.

Қалмұханбет Қасымов "Беларусьтен Маңғыстауға арнайы жасақ (ОМОН) аттанды" деген сөзді жоққа шығарды. Бұған қоса "қазақ ОМОН-дары қарапайым халық жағына шығып, оларға оқ атудан бас тартты" деген сөз де айтылған еді.

Министр "Қаражанбасмұнайгаз" компаниясының қытай басшылары қытай жұмысшыларын және олардың жанұяларын қауіпсіз жерге алып кетті" деген мәліметті де жоққа шығарды.

МӘЙІТХАНА МЕН АУРУХАНА

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге Жаңаөзен қалалық мәйітханасын, 16 желтоқсан күнгі оқиғада жараланған адамдар жатқан қалалық орталық аурухананы көруге рұқсат етті.
Қалалық орталық аурухананың реанимация бөліміндегі жаралы жігіт. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Қалалық орталық аурухананың реанимация бөліміндегі жаралы жігіт. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Шынын айту керек, журналистер осы нысандарға бару жөнінде өтінген сәтте министр ойланып қалды. Сосын "ауруханада журналистерге бас дәрігер сұқбат беру керек" деп тапсырды. Бірақ министр "мәйіттердің сөйлей алмайтынын" айтып, мәйітхананы көруге ынталана рұқсат берді.

Журналистер мәйітханаға барып, суретке түсіріп алды. Ауруханада тек дәрігерлермен ғана емес, жараланған адамдармен де сөйлесудің де сәті түсті. Жараланғандардың бірі кеудесіндегі автомат оғы тесіп өткен жарасын көрсетті.

АҚТАУДАҒЫ ЖИЫН

Желтоқсанның 18-інде Ақтаудағы Ынтымақ алаңына жиналған тұрғындардың бір тобы журналистерге "Халық Назарбаевтан шаршады, Тасмағамбетовті қалайды" деді.

- Мұндайды бірінші рет естіп тұрмын. Маңғыстау облысына Тасмағамбетовтің қатысы қанша? - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов.

Жаңаөзендіктердің наразылығын қолдап Ынтымақ алаңына жиналған халық. Ақтау. 18 желтоқсан. 2011 жыл.
Жаңаөзендіктердің наразылығын қолдап Ынтымақ алаңына жиналған халық. Ақтау. 18 желтоқсан. 2011 жыл.
Осы күні алаңға шыққан ел мұнай компанияларының бұрынғы жұмысшылары мен жұмыс берушілері арасындағы, қарсыласушылар мен билік арасындағы дауды реттеу үшін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың облысқа келуі керегін айтты.

Билік Жаңаөзендегі 16 желтоқсан күнгі оқиғаны "біреулердің қаржыландырып, әлдекімдерді аттандырып отырғаны жайында" айтқан еді. Облыс әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов сол күні өзінің де алаңда болғанын, оқиғаның туындауына себеп болатын саяси негіз көрмегенін айтты.

Журналистер "Жаңаөзенде президенттік "Нұр Отан" партиясының кеңсесін ғана өртеп, неге қалған партиялардың кеңселеріне қол тигізбеді?" деп сұрап еді, Амангелді Айтқұлов "олар "Нұр Отан" партиясына тым көп үміт артқан болуы мүмкін" деп жауап берді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG