Accessibility links

Өмірдегі "Сұлушаш" немесе сарғайған сурет сыры


Қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова, Мәскеу, 1933 жыл. Сурет Сәбит Мұқановтың Алматыдағы мұражайынан түсірілді. 5 қараша, 2009 жыл.
Қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова, Мәскеу, 1933 жыл. Сурет Сәбит Мұқановтың Алматыдағы мұражайынан түсірілді. 5 қараша, 2009 жыл.

Алматыдағы Сәбит Мұқановтың музей үйінде қазақтың әдебиеті мен руханиятына қажетті талай жәдігерлер сақталған екен. Қонақ бөлмеде тұрған пианино тұсына қолаң шашы тізесінен аса төгілген жас келіншектің портреті ілінген. Cуреттің қазақ әдебиетіне тікелей қатысы бар боп шықты.

Сондай-ақ, мұнда бақытты да берекелі отбасы өмірінен сыр шертетін экспонаттар да жетерлік. Қонақ бөлмеде тұрған пианино тұсындағы портретте қолаң шашы тізесінен аса төгілген жас келіншектің табиғи сұлулығы бірден назарды өзіне тартады-ақ! Мұражайға келуші жұрт жақын барып, суреттің түсіндірме сөздерін оқиды.

Онда «Сәбит Мұқановтың жары — Мәриям Қожахметқызы Мұқанова. Мәскеу, 1933 жыл» деп жазылған.

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков қызығушылығымызды дәл байқап, сурет жайлы тарқатып айта бастады. Сөйтсек, бұл суреттің қазақ әдебиетіне тікелей қатысы бар боп шықты. Атап айтқанда, Мәриям апай Мұқаңның атақты «Сұлушаш» поэмасының прототипі екен. Әңгімені әріден бастасақ...

Сәбең мен Мәриям апай шаңырақ көтергенде жазушы 26, ал оның жары небәрі 16 жаста болған екен. Шынайы махаббат талант иесінің бойындағы шығармашылық шалқар шабытқа бастау болса керек әманда...

Көп өтпей-ақ, жазушы қазақ әдебиетіне соны серпін берген «Сұлушаш» поэмасын жазуды бастайды. Сұлушаш образын сомдаған шақтарында қаламгердің қарсы алдында толған айдай толықсып, сүйген жары Мәриям Қожахметқызы отырған екен.

Бұл орайда әдебиеттанушы профессор Құлбек Ергөбеков: «...аз ба, көп пе Сұлушаш бейнесін жасауда жазушы өз жарының портретін пайдаланған»,- дейді.

Ал, «Сұлушаш һәм Мәриям» атты мақаласында ақын, әрі өнертанушы Әділғазы Қайырбеков: «Сұлушаш» поэмасын жазып бітіргеннен кейін Сәкен бастаған бір топ ағаларын үйіне шақырып, Сәбит оны бастан-аяқ оқып, талқыға салады. Жылы пікірлерін естіп, қанаттанады. Поэмасын сүйікті жары Мәриямның алтын шашына арнағанын да мақтанышпен баян етеді.
Қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова, Мәскеу, 1933 жыл. Сурет Сәбит Мұқановтың Алматыдағы мұражайынан түсірілді. 5 қараша, 2009 жыл.


Сол күннен бастап Сәбиттің Сәкен бастаған ағалары, замандастары Мәриямды «Сұлушаш келін» деп атап кеткен екен»,- деп соны бір әңгіменің тиегін ағытады.

Осылайша аузы дуалы қаламгер ағалары поэманың тұсаукесерін жасап, баталарын бергеннен кейін Сәбең оны 1928 жылы ең әуелі «Жаңа әдебиет» журналына жариялатып, кейінірек жеке кітап етіп бастырған екен.

Содан кейінгі жылдары да жазушының шығармашылық ізденістері мен білім алу жолындағы тынымсыз талпыныстары алма-кезек өріліп жатты.
Сәбит Мұқанов Мәскеудегі Қызыл профессура институтында оқып, оны 1935 жылы тәмамдаған екен. Сол Мәскеудегі жылдарының бір күнінде сүйікті жары Мәриямды фотостудиялардың біріне ертіп барып, суретке түсіртеді.

Аталған сурет Мұқановтардың отбасылық альбомында ұзақ жылдар сақталып, тек 1978 жылы өнер зерттеушісі Хакім Нұрғалиұлы Бекішев ол туындыны екі дана етіп үлкейттіріп, портреттің бірін Мұқанов музейіне қойған екен.

Осылайша Сұлушаш бейнесі Мәриям апайдың кескінінде қазақ оқырман-көрерменімен қайта қауышқандай болды.
Мәриям апайдың осы қолаң шашына қатысты мына бір қызықты жайтты айта кеткен де жөн болар...

Екінші дүниежүзлік соғыс сұрапылы салдарынан 1942-1943 жылдары Алматыға қоныс аударып келген академик жазушы Алексей Толстой жарымен бірге Сәбеңнің үйінде қонақта болады.
Орыс жазушысының жары Мәриям апайдың тізесінен аса төгілген бұрымын қызық көріп, ұзақ қараса керек. Содан кейін, рұқсат сұрап, ол кісінің бұрымын өз мойнына орап, суретке түскен екен.

Осыдан аз уақыт бұрын 100 жасқа толған Мәриям апай әдеби ортаға өзінің ақыл-парасатымен, кең де жомарт болмысымен бұрыннан белгілі жан. Ал біз бүгін бір ғана қырын сөз еткен ол кісінің келбеті, сұлулығы да айта жүрерліктей әсем еді...
XS
SM
MD
LG