Accessibility links

Жаңаарқаның төсінде «Ақселеу төбесі» атанар бір қорым... томпайып қала берді


Жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің мәңгілік мекені. Жаңаарқа, Қарағанды облысы, 19 қыркүйек 2009 жыл.
Жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің мәңгілік мекені. Жаңаарқа, Қарағанды облысы, 19 қыркүйек 2009 жыл.

Қыркүйектің 19-ы күні барша әдебиетсүйер қауым, Жаңаарқа жұрты жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбекпен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттандырды. Ақселеу Сейдімбек 67 жасқа қараған шағында өткен сәрсенбіде кенеттен дүние салған еді.

Қараөткелден құлаған қаралы көш жұма, қыркүйектің 18-і күні Ақселеу Сейдімбектің мәйітін Астанадан Атасуға әкеліп, туған жерінде бір түнетіп, ертесіне жер қойнына тапсырды.

Ақселеуін азалаған қауым қаралы митингте қоштасу сөздерін айтысып, марқұммен бақұлдасты. Алғашқы сөзді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов бастап, белгілі актер Асанәлі Әшімов, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры, профессор Бақытжан Әбдірайымов жалғады.

Жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбекпен қоштасу жиыны. Жаңаарқа, Қарағанды облысы, 19 қыркүйек 2009 жыл.
– Ақселеу Сейдімбектің қазасы тек Жаңаарқаның ғана емес, Сарыарқаның ғана емес, тұтас алаш жұртының қайғысы. Қабырғамыз қайысып тұр, адырнамыз үзіліп тұр. Қанатымыздан қайырылдық, арысымыздан айырылдық. Алаш жұрты Ақселеуін жоқтар күн алда. Еріміздің қадірі артар күн әлі алда. Енді тек соңында қалған ұрпаққа салауат берсін. Ахаңның ісін жалғау – ұрпақ парызы, – деді Иманғали Тасмағанбетов.

Марқұммен бақұлдасу тілегін Қазақстан Жазушылар одағы хатшысының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Алдан Смайыл, ақын Серік Тұрғынбеков және марқұмның туған-туыстары, мен жора-жолдастары жалғастырды.

Митинг соңында қазақтың асқақ әншісі Жәнібек Кәрменов шырқаған Ақселеу Сейдімбектің әні «Дәурен-айдың» аясында қаралы көш ауыл іргесіндегі Қарауылтөбе басына бет түзеді. Сол сәт ән кернеген Сарыарқа егіліп тұрғандай, Жаңаарқаның ет-жүрегі езіліп тұрғандай еді.

«Самғаған аспанында сары даланың,
Сағынсам бозторғайдың салған әнін.
Еркіңе бағынбас асау арман-ай,
Іздесем табылмас, беу, шіркін асыл маржан-ай!..» деп марқұмның өз сөздерімен күңіренді дала.

Көз көргендердің айтуынша, Ақселеу Сейдімбек биыл жазда Жаңаарқаға келіп, осы Қарауылтөбенің басына өз қолымен тас үйіп кеткен екен. «Тірлік дәмі түгесілген күні мені осы жерге әкеп қоярсыңдар» деп аманаттапты жақын-жуыққа.

Азаматының аманатын арқалаған ағайын ендігі уақытта «Ақселеу төбесі» атанар қорым басында қол жайып, құран бағыштады. Марқұмды жер қойнына берер сәтте төбе басында бір қыран қалықтап жүріп алды. Жиналған жұрт оны пәниді біржолата тастап кете барған арысының рухына балады...

Ақселеу Сейдімбек 1942 жылғы желтоқсанның 12-сі күні Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында өмірге келді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң «Лениншіл жас», «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Зерде» журналы мен «Әлем» альманағында жұмыс істеді. Одан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім институтының директоры, Қазақ Білім академиясының президенті, ҚР Президенттік Мәдени орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.

Ғалым-этнограф 2000 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің професоры болып еңбек етті.
XS
SM
MD
LG