Accessibility links

Қазақстан қорықтарындағы жемқорлық пен тамыр-таныстық браконьерлікке даңғыл жол ашуда


Аңшы иттерге қамалған қабандар. Иллюстративті сурет.
Аңшы иттерге қамалған қабандар. Иллюстративті сурет.

Берлиндегі халықаралық туризм көрмесінде Азия, Аустралия және Тынық мұхиты аймағы елдері тобында Қазақстан бірінші орынға ие болды. Дегенмен, елде браконьерлік құбылыстың кең етек алуы туризмнің дамуына кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес.


ҚАЗАҚСТАН ТАИЛАНДТАН ДА ОЗДЫ

Travelmole сайтының хабарлауына қарағанда, Қазақстан ITB Berlin көрмесінде Азия, Аустралия және Тынық мұхиты аймағы елдері арасында көрмеге ең үздік қатысушы әрі көрнекі құрал-стендіні әдемі етіп әрлеуші мемлекет ретінде бас жүлдені жеңіп алған. ITB Berlin – бүкіл әлемге танымал халықаралық туристік көрме-биржа.

Бұл байқауда Қазақстан Оңтүстік Корея, Малаизия әрі Таиланд сынды туризм индустриясының алыптарынан да асып түскен.

Travelmole сайтының тілшісі осыған байланысты Қазақстандағы Экотуризм ақпараттық ресурстық орталығының қызметкері Дагмар Шриберден сұхбат алған екен.

Шрибер ханымның айтуынша, көрмедегі Қазақстан жеңісі оған «қатысып, өнер көрсеткен Қазақстан туроператорларының табысының көрсеткіші» болып табылады.

"Мұндай марапат Қазақстанда туризмнің дамуына әсер ете ме?" деген сауалға Дагмар Шрибер "одан үмітім болса да сенімді емеспін» деп жауап береді.
Ырғыз-Торғай қорығындағы пеликандар.


«Әрине, бұл марапаттау жұртшылық көңілін Қазақстанға аударып, осы елге деген олардың ілтипатын арттырар. Алайда бұл бір сәттік қана құбылыс болып қалатын нәрсе. Туризмді дамыту дегеніңіз ол жүрдім – бардым қарайтын науқан емес, үздіксіз еңбектену, орасан - зор шаруа атқарып, тер төгуді талап ететін жұмыс!», – деп атап көрсетеді ол.

Оның ойынша, Қазақстан туризм және спорт министрлігі мен жергілікті турфирмалар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуы қажет. Ол фирмалар ауқымы тар болса да, Қазақстандағы туризм нарығының өкілдері.

– Біздің мақсат – Қазақстандағы туризмнің нақты мәселелеріне жұрт назарын көбірек аударып, нақты диалогқа қол жеткізу. Әрине, абзалы бюрократиялық көзбояушылығы жоқ, нәтижелі жұмыс істейтін “диалог кеңесін“ құру қажет, – дейді Дагмар Шрибер.

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ

«Бұл жүлде елдің туризм брендінің жақсарып келе жатқанын білдіреді. Біз Қазақстан брендін дамыту барысында іс - әрекетіміздің өзегі ретінде табиғи туризмді, демек экотуризмді таңдауымыз керек. Экотуризмнің Қазақстандағы табиғатты қорғауға сеп боларына сенімдімін», – деген Дагмар Шрибер оған бірнеше себептер келтіреді.

Оның пікірінше, экотуризм (жергілікті қоғамдастықтың мүддесіне тіке қатысы бар болғандықтан) ауылдық жерлердегі кедейлік деңгейін төмендете алады; адамдар заңды негізде пайда таба бастар еді, браконьерлік пен орманды отау азаяр еді; экотуризм қорықтар аумағының пайдаланылуының мөлдірлігін жетілдіре түседі.

Дагмар Шрибердің айтуына қарағанда, Қазақстанда браконьерлік өршіп тұр. Бұған жемқорлық, тамыр-таныстық байланыс пен лауазымды тұлғалардың қызмет бабын теріс пайдалануы одан әрі дем беріп отыр.

«Мен көптеген қорықтарда болдым. Қу медиен дала мен құлазып тұрған орман – міне, ондағы табиғат көрінісі осындай. Бірде-бір адам не бірде-бір жануар көзіңе шалынбайды. Сіз ол жерден аяқ астында шашылып жатқан оқтарды ғана көресіз! Негізінен браконьерлер сол маңайдағы ауылдардың тұрғындары емес. Патрондар өте қымбат болғандықтан, жергілікті тұрғындардың көп мөлшерде оларды сатып алуды қалтасы көтермейді.

Браконьерлікпен айналысушылар негізінен қалталы, бай адамдар. Олар орманшылар мен қорықшыларға пара беріп, ауыздарын алып қояды. Сонымен қатар, мұндай браконьерлердің "заң күші оларға жүрмейтін" "жоғары деңгейдегі" адамдар болуы да ғажап емес» деген пікірін айтады ол.

БОЛАШАҚ ТУРИЗМ ДЕРЖАВАСЫ...
Қазақ саяхатшысы Темірхан Момбекұлы Қожа Ахмет мавзолейі алдында. Түркістан, 19 шілде, 2005 жыл.


«Біздің Қазақстандағы қолға алар ендігі шарамыз – экотуризм бойынша үкіметтік емес ұйымдарды бір платформа аясына топтастыру. Солай етсек, ықпалымыз артып, идеялық қорымыз байиды әрі қоғам тарабынан көбірек түсіністік таба аламыз. Әрі үкімет және демеушілермен диалогтарда беделіміз артады»,- деп атап көрсетеді Дагмар Шрибер.

«Қазақстан – бұл көлемі бойынша Еуропаға барабар, ал халқының саны Голландиянікі құралыптас ел болып табылады. Бұл әлемдегі ең көрікті әрі халқының саны ең аз мемлекеттердің бірі. Бұл ел Қытай мен Ресей арасындағы кеңістікті алып жатыр. Сондықтан оның мәдени әрі әлеуметтік мұрасы өте құнды және саналуан», – деп талдаған Дагмар ханым:

«Бұл жерде тарихта бірінші рет жабайы алманы қолдан өсіре бастады, нақ осы аймақта тарихта тұңғыш рет қызғалдақ егу қолға алынды. Бұл ежелгі жер моңғол қолының шабуылы мен қызыл Ресейдің Гулаг каторгалық жүйесінің де куәсі болды. Бұл жерді көне заманнан бері қазақтың көшпенді рулары мекен еткен. Ер үстінде туып, ат үстінде ер жететін олар көптеген ғасырлар бойы желқанатты тұлпарларымен осы жердің өн-бойын үздіксіз шарлаумен келді», – деп Дагмар Шрибер Қазақстан тарихына шабыттанған түрде ықшам шолу да жасап өткен сұхбат барысында.

«Мәскеу мен Стамбулдан 4 сағаттың ішінде ғана әуемен ұшып баруға болатын жерде жатқан әрі ежелгі Жібек жолына кірер қақпа болып саналатын Қазақстанның әлемге әлі онша танымал болмаса да, экотуризмді дамыта алатын үлкен әлеуеті бар. Ол бұл әлеуетін тек тұрақты түрде дамытқанда ғана кәдеге жарата алады», – деп тұжырымдайды Дагмар ШриберTravelmole сайтына берген сұхбатын.
XS
SM
MD
LG