Accessibility links

Қос ардагер хикаясы мен биліктің жаңа әдеті


Атырау облысында қолшатыр астындағы шененуніктің жанында жаңбырға су болған соғыс ардагері бейнеленген сурет. Facebook парақшасынан скроиншот.
Атырау облысында қолшатыр астындағы шененуніктің жанында жаңбырға су болған соғыс ардагері бейнеленген сурет. Facebook парақшасынан скроиншот.

Қазақстанда Жеңіс мерекесіндегі екі оқиға жайлы әлеуметтік желідегі пікірталас жергілікті биліктің дереу түсініктеме беруіне түрткі болды. Шенеуніктер қос ардагерге көргенсіздік жасалғанын жоққа шығарады.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне қатысты бірінші фотосурет Атырау облысындағы Құлсары кентінде ескерткішті ашу салтанатынан түсірілген. Фотода әкім орынбасарының көмекшісі бастығын жауыннан қалқалап, үстіне қолшатыр ұстап тұр. Ал оның жанындағы қарт ардагер сіркіреген жаңбырдың астында қалған.

Екінші фотодағы ақпаратта Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде ардагерлерді гүл шоқтарын қою рәсіміне кіргізбей қойған әрі полицейлердің бірі ардагерді итеріп жіберген деп айтылған. Құлап қалған ардагер көзілдірігін сындырып, бетін жарақаттап алған.

Әлеуметтік желі қолданушылары таратқан бұл хабарларды ақпараттық агенттіктер дереу жариялады. Ресми тұлғалардың жауабы да ұзақ күттірмеді.

ҚОЛШАТЫР АСТЫНДА ТҰРҒАН КІМ?

Мамырдың 8-і күні Атырау облыстық әкімдігінде оқиғаға қатысты шұғыл брифинг өткізген Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев әлеуметтік желіде жарияланған фотосуреттегі көріністі «жай түсінбестік» деп атап, әкімдік қызметкерлері «мейірімсіз жандар емес» деді. Сөзіне дәлел ретінде әкім орынбасары көмекшісі ардагердің үстіне қолшатыр ұстап тұрған сәті бейнеленген өзге фотосуретті жариялады.

Қолшатыр ұстап тұрғанын байқаған бетте көмекшіме ардагер екеуміздің ортамызға тұр деп айттым

Кейін жарияланған екінші фотосурет әлеуметтік желілердегі жаңа комментарийлерге ұласты. Скептиктер «ресми дәлел ретінде жарияланған екінші фотода ардагердің үстіндегі костюмнің түсі өзге әрі құрғақ» деп жазған.

Атыраулық шенеунік Сәлімжан Нақпаев «қолшатыр ұстап тұрғанын байқаған бетте көмекшіме «ардагер екеуміздің ортамызға тұр» деп айттым. Сол сәттен бастап шара аяқталғанға дейін ақсақал қолшатырдың астында тұрды. Әлгі фото шара енді басталып, көмекшім келген мезетте түсірілген, бірақ біздің қолымызда оқиға толық жазылған видео бар...» деп мәлімдеді.

Брифингте көмекшінің әкім орынбасарының үстіне қолшатырды бірер секунд қана ұстап, шенеуніктің ескертуінен соң қолшатырын ардагердің үстіне ұстағанын дәлелдейтін видеоны әкімдік көрсетуге әзір екені туралы мәлімдеме жасалды. Бірақ, шенеуніктер уәде еткен видео сол күйі жарияланған жоқ.

АЛМАТЫДАҒЫ ОҚИҒА

Алматы тұрғыны Марина Гяурованың Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойған күні 28 панфиловшылар паркінде полицейлердің бірі итеріп жіберген ардагердің құлап қалғанын әрі қабағын жарақаттап алғанын көргені жайлы жазбасы әлеуметтік желілерде наразы пікірлерді көбейтті.

Ресми билік бұл жолы да шапшаңдық танытып, айтылған оқиғаға қатысты комментарий берді.

Жұрт, әсіресе қарт адамдар, күн сайын құлап жатады.

Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының жетекшісі Санжар Боқаев қарт ардагердің құлап қалып, медициналық қызметкерді шақыртып жатқанын рация арқылы естігенін айтады. Боқаев ардагерді полицей итеріп жіберді дегенге сенбейді.

Мамырдың 10-сі күні Боқаев Facebook желісіндегі парақшасында «Жұрт, әсіресе қарт адамдар, күн сайын құлап жатады. Сол оқиғаны көргенін растайтын тым болмағанда бір адам көрсетіңдерші, әйтпесе оқырман жинау үшін қауесеттен дүрбелең тудырудың қажеті жоқ» деп жазған. Оның бұл жауабын Nur.kz ақпараттық агенттігі сол күні келтірген. Бірақ кейін Боқаев өз жазғанын алып тастады.

ЕСКІ ӘДЕТ, ЖАҢА ҚҰБЫЛЫС

Бақылаушылардың Азаттыққа айтуынша, әлеуметтік желілердің қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы күшейгенін түсінген билік «қауесет қаулап, дүрбелең ұлғайып» кетпес үшін белгілі бір ақпаратты дереу жоққа шығаруға тырысады немесе шұғыл комментарий береді.

Қоғамдық пікірге әлеуметтік желілердің ықпалы болмаса, билік жанталаса комментарий беріп, ақталмас еді

– Қоғамдық пікір қалыптастыруға әлеуметтік желілердің мұндай ықпалы болмаса, билік жұртты шулатқан хабарламаларға қатысты жанталаса комментарий беріп, ақталмас еді. Әлеуметтік желіде азаматтық белсенділіктің артуының екі себебі бар. Біріншіден, жаңа технологиялардың дамуы. Қазір жұрт жаңалықтан дереу хабардар болу үшін газет сатып алып әуре болмайды немесе теледидарға телміріп, кешкі жаңалықтарды күтпейді. Екіншіден, интернет ешбір цензурасыз кез келген ақпарат пен пікіріңді жариялауға мүмкіндік беріп қойды. Қоғамның белсенді саналатын бөлігі осы мүмкіндікті пайдаланады, - дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

Оның пікірінше, ел билігі ақпараттық жариялылық жағдайында өмір сүріп үйренбеген. Олар көбінесе кіргізбей қою, тыйым салу, контенттен қиып алып тастау сияқты ескі салтқа үйренген. Әміржан Қосанов биліктің себеп емес, салдармен күресуге дағдыланғанын айтады. «Негізінде оған керісінше жасалуы керек» дейді саясаткер.

Әлеуметтік желіні белсенді қолданатындардың бірі – блогер Жанна Ильичеваның пікірінше, қазіргі кезде Қазақстандағы жұрт өз көзқарасын ашық, еркін білдіріп әрі пікір таластыра алатын жалғыз интеллектуалдық алаң – әлеуметтік желілер болып отыр.

Алматыда Жеңіс күні әскери оркестрдің өнерін тамашалаған көрермен жұрт сіркіреген жаңбырдан қолшатырмен қорғанып тұр. 9 мамыр 2015 жыл.
Алматыда Жеңіс күні әскери оркестрдің өнерін тамашалаған көрермен жұрт сіркіреген жаңбырдан қолшатырмен қорғанып тұр. 9 мамыр 2015 жыл.

– Бәрін өшіріп, жауып, тыйым салудың орнына билікке қоғамның көңіл-күйіне мониторинг жүргізген дұрыс болар еді. Мониторинг жүргізіп, тиісті қорытынды шығарсын, өздері де өзгеріп, істерін де өзгертсін, бізбен бірге азаматтық қоғам құрсын. Олар қаласа да, қаламаса да, азаматтық қоғамды қалыптастыру процесі бәрібір жүреді. Билік одан да келіспеген тұстары болса түзетіп, әлдебір әрекеттердің алдын алып, өздері де әлдебір бастамалар көтеру үшін азаматтық қоғам құруға қатыспай ма? - дейді Жанна Ильичева.

Жанна Ильичева «шешім қабылдамас бұрын әуелі бәрін тыңғылықты талдап алуға қабілетті адамдардан билік кенде емсе шығар» деп үміттенеді.

«Сандж» зерттеулер орталығы директоры Жанар Жандосова қарт ардагерлерге қатысты оқиғаға шенеуніктердің жылдам реакциясының мысалы биліктің әлгіндей оқиғалардың бірінші тұлғаларға немесе саясатқа қатысы болмағанда ғана шапшаңдық танытуын көрсетеді деп санайды. Бірақ, социологтың пікірінше, әлеуметтік желінің мүмкіндігін асыра бағалауға да болмайды. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, әлеуметтік желілерді бақылауда ұстауға биліктің қауқары жетеді.

Жанар Жандосованың дерегінше, Web Index рейтингінде 86 елдің ішінде Қазақстан 57 позицияны иеленген. Интернетке қол жетімділік жөнінен Қазақстан 40 орында болғанымен, еркіндік пен жариялылық деңгейі бойынша – 73 орында, ал коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жағынан – 76 орында тұр.

Жанар Жандосованың пікірінше, әлеуметтік желідегі пікірталастарды бақылап, тиісті ақпаратты билікке жеткізіп отыратын идеологиялық институттар бар. Бұл құрылымдар қоғамдық пікірді билікке ұтымды түрде қалыптастыруға тырысады.

«Сандж» зерттеулер орталығы директоры мұның дәлелі ретінде Жеңіс күні қарсаңында ресейлік Георгий лентасының орнына ұлттық лентаны тарату науқанын атайды. Мәскеудегі парадта өзге президенттер сияқты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Георгий лентасын тақпады, ал Қазақстанның кейбір жергілікті әкімшіліктерінде Георгий лентасын тағу құпталмайтыны ескертіліп, тиісті бұйрық та берілген.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG