Accessibility links

Қазақстанға адам құқығы жайлы ұсыныстар жасалды


Қазақстан делегациясының БҰҰ-да адам құқығы есебін жариялап отыр. Женева, 30 қазан 2014 жыл. (Скриншот webtv.un.org сайтынан алынды).
Қазақстан делегациясының БҰҰ-да адам құқығы есебін жариялап отыр. Женева, 30 қазан 2014 жыл. (Скриншот webtv.un.org сайтынан алынды).

БҰҰ-да адам құқықтары жөнінде есеп берген Қазақстанға ұйымға мүше елдер бірқатар ұсыныстар жасады.

Қазанның 30-ы күні БҰҰ-ның Женевадағы адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қазақстан делегациясы адам құқықтары жөніндегі есебін берді.

Қазақстан әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова бастаған қазақстандық делегация берген есепте төрт жыл бұрын жасалған 52 ескерту бойынша елдің жасаған жұмыстары жайлы айтылды.

Білім министрлігінің өкілі Балықбаев Қазақстан 1994 жылы Балалар құқығы жөніндегі конвенцияға қосылғанын, Қазақстан заңдары бойынша елде бала саудасына тыйым салынғанын, жаңа қылмыстық кодексте кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілік күшейгенін айтты.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстанда 2015-2020 жылдарға арналған адам құқықтары жөніндегі жаңа іс-әрекеттер жоспары дайындалып жатқанын хабарлады.

БҰҰ-да өткен Қазақстанның есеп беруінде АҚШ, Ұлыбритания, Сербия, Португалия, Оңтүстік Корея өкілдері бұл елдегі әйелдердің құқықтарын жақсартуға, оларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту шараларын қабылдауға шақырды.

Австралия өкілі Қазақстанды баспасөз еркіндігін қамтамасыз етіп, журналистердің кәсіби қызметін шектемеуге кеңес берді.

Словения Қазақстанды өлім жазасына мораторий жариялағанын қолдайтынын айтып, алда өлім жазасын жоюға шақырды.

Ресей өкілі бала құқығы жөніндегі жеке орган құруды, мүгедектер құқығы туралы конвенцияға тезірек қосылуды ұсынды. Қазақстанның "қылмыстық заңнамаларды ізгілендіріп жатқанын" айтып, оны ары қарай да жалғастыруды және сот-құқықтық реформаларды бұдан ары жүргізе беруге үндеді.

Нидерланд, Норвегия және Чехия өкілдері Қазақстанды БАҚ туралы және бейбіт жиын өткізуге қатысты заңнамаларын қайта қарауға шақырды. Жиында сөйлеген Австрия өкілі қазақстандық құқық қорғаушы Зинаида Мухортованың бірнеше рет еркінен тыс психиатрлық ауруханаға жатқызылғанын ескертті.

Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Роза Ақылбекованың айтуынша, Женеваға қазақстандық төрт құқық қорғаушы барған. Жергілікті құқық қорғаушылар Алматыда аталған бюро кеңсесіне жиналып, Қазақстан делегациясының есебін онлайн жүйесінде тыңдады.

XS
SM
MD
LG