Accessibility links

Жаңа вакцина еккен екі бала реанимацияға түсті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Павлодар облысында жатыр мойыны қатерлі ісігінен сақтану вакцинасын салғызған екі оқушы ауруханаға түсті. Ал дәрігерлер «мұндай жағдай кез-келген екпеден соң болады» деп жұбатады.

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың ауылында алтыншы сыныпта оқитын екі қыз бала жатыр мойыны қатерлі ісігінің алдын алу үшін адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салғызған соң аурухананың реанимация бөліміне түскен. Бұл жаңа екпе Қазақстанда биылғы қазанның 1-інен бастап арнайы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жас қыздарға салынып жатыр.

«ВАКЦИНАНЫ АУРУХАНАДА САЛДЫ»

Майқайың ауылындағы орта мектеп директоры Ержан Сүлейменовтің айтуынша, екпе жұмыстары қазанның 3-і күні өткен. Вакцина салғызған 11-12 жастардағы сегіз оқушы қыздың екеуінің жағдайы нашарлап, оларды бірден Екібастұз қаласына апарған.

– Вакцина мектепте салынған жоқ. Біздің мектептің медбикесі балаларды ауылымыздың ауруханасына алып барды. Сол аурухананың медбикесі салды.
Дәрігер балаға вакцина салып жатыр. (Көрнекі сурет)
Дәрігер балаға вакцина салып жатыр. (Көрнекі сурет)
Біз вакцинаны оқушы қыздардың ата-аналарының рұқсатымен жасадық, – деді орта мектеп директоры Ержан Сүлейменов Азаттық тілшісіне.

Мектептің медбикесі Шолпан Еңсебаева әуелі Азаттық тілшісіне сұхбат беруге келіскенімен, сәлден кейін:

– Қазір интернетті қарап отырсам, ақпараттардың барлығы бұрмаланып беріліп жатыр. Мен қазір бірдеме айтсам, сіздер бұрып аласыздар, – деп, сөйлесуден бас тартты.

Ал мектеп директоры Ержан Сүлейменов «қазір медбикенің жағдайы мәз емес екенін», «сөйлесе алмаймын» дегенін айтты.

«ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ»

Екібастұз қаласындағы оқушы қыздар түскен орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Зәуреш Тыныштықова екі оқушы қыздың Майқайың ауылындағы ауруханада медбике мен педиатр вакцина жасаған соң анафилактикалық шокқа ұшырап, есінен танып қалғанын айтты.
Кез-келген вакцинадан кейін балаларда азды-көпті реакция пайда болады. Бұл – қалыпты жағдай.
Бас дәрігердің орынбасары Зәуреш Тыныштықова.

– Оқушы қыздардан неврологиялық ауытқулар байқалған. Оларды бірден бізге алып келіп, реанимация бөліміне жатқыздық. Мұндай жағдай кез-келген вакцинадан кейін де пайда болуы мүмкін. Кез-келген вакцинадан кейін балаларда азды-көпті реакция пайда болады. Аллергия, ыстығы көтерілуі, бас айналу секілді жайттар болады. Бұл – қалыпты жағдай, – дейді Зәуреш Тыныштықова.

Оның пікірінше, «екпе жасаған кезде екі қызда әлсіздік болып, организмдері вакцинаға осындай реакция берген».

Маманның сөзінше, Екібастұз қалалық ауруханасына қазанның 3-і күні түскен оқушы қыздар реанимация бөлімінде төрт күн жатып, бесінші күні палатаға ауыстырылған. Қазір жағдайлары оңалып, дәрігерлердің бақылауында емделіп жатыр. Оларды бірнеше күннен кейін үйлеріне қайтармақ.

Бұл оқиғаға қатысты Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі арнайы комиссия құрып, істің мән-жайын анықтайтынын хабарлады.

Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлімді азайту мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама негізінде 2013 жылдың 1 қазанынан бастап 11-12 жас аралығындағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы тегін вакцина салып жатыр.
Қазақстанда жатыр мойыны қатерлі ісігі дертіне шалдыққан 10 мыңдай әйел бар.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дерегінше, Қазақстанда көбі адам папилломасы вирусы кесірінен жатыр мойыны қатерлі ісігі дертіне шалдыққан 10 мыңдай әйел бар. Елде жылына жаңадан мың жарымдай әйел осы дертке ұшырайды. Қазақстанда жылына 600-ден астам адам осы аурудан көз жұмады.

Жатыр мойыны қатерлі ісігі – Қазақстандағы әйелдер арасында, омырау безі қатерлі ісігінен кейінгі, көп адамның ажалына себеп болатын онкологиялық аурулардың бірі.
XS
SM
MD
LG