Accessibility links

Козлов "Әблязовтың сөздеріне басқа рең берген" деп санайды


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Фото Twitter желісінен алынды.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Фото Twitter желісінен алынды.
Ақтау қаласында өтіп жатқан Козлов, Сапарғали және Әминов сотындағы бас айыпталушы жауап беріп тұрып, Қазақстанның қазіргі заманғы саяси тарихының кейбір оқиғаларын шолып шықты.

Өткен аптаның жұма күні сотта сұрала бастаған айыпталушы Владимир Козлов бүгін күні бойы сөйледі. Таңертең Козловтың адвокаты Алексей Плугов айыпталушыларды сұрамас бұрын мәскеулік сарапшыдан жауап алу туралы сотқа өтініш жасады. Оның өтінішін қанағаттандырған судья «бірақ сарапшыны айыпталушылардан кейін сұраймыз» деп қосымша ескертті.

«СӘЙКЕССІЗДІК»

Айыпталушы Владимир Козлов бүгін 2010 жылы скайп-конференцияда Мұхтар Әблязовтың айтқандары мен айыптау қорытындысында жазылған жайттар сәйкес келмейтініне назар аудартты.

- «Егер ертеңгі күні Нұрсұлтан Назарбаев кетсе, белгілі бір уақыт «жұмсақ консервация» орнауы мүмкін. Біздің міндетіміз, менің көзқарасым бойынша, бұл факторлар тез өзгерістерге жетелеуі мүмкін. Қырғызстандағыдай ұзаққа созылған қанды өзгерістерден аулақ болуымыз керек». Неге екені белгісіз, сарапшылар Әблязовтың осы сөзіне назар аудармаған... Осы тұрғыдан келгенде, айыптау тарабының әңгімеге мүлде басқа рең бергісі келетіні түсінікті, - деді Козлов.
Бұған дейін сотта «Мұхтар Әблязовтың Қырғызстандағыдай революциялар мен төңкерістерге шақырған үнпарақтар таратқаны» туралы айтылған еді.

«ӘБДІЛДИНДІ «ТРАНЗИТТІК ПРЕЗИДЕНТ» ДЕП ТАНЫДЫҚ»

Бүгінгі сотта айыпталушы, тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов елдегі саяси партиялардың тарихы мен жағдайына қатысты қуғында жүрген кәсіпкер, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың көзқарасын ұзақ баяндады. Ол Қырғызстан жүзеге асырған «транзиттік президент» идеясын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы 2002 жылы ұсынғанын айтып өтті.

- Бұл идеяның мәні – биліктен дәмесі жоқ тұлғаны қоғамның өзі таңдап, ұзақ мерзімге тағайындауында жатқан... 2003 жылы бұл тұлға Серікболсын Әбділдин болып көрінді.

ӘБЛЯЗОВ ПЕН ӘЛИЕВТІҢ «ОДАҚТАСУЫ»

Бүгін сотта президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің есімі де аталды.

Рахат Әлиевтің «рейдерлік әрекеттеріне» тоқталған Владимир Козлов сотта 2002-2004 жылдары оның Мұхтар Әблязовтың да «ізіне түскенін» айтты.

Бұрындары қанша «жауласса да», енді қазір Әблязовтың Әлиевті «ортақ жауымен күресте» «одақтас» санайтынын жеткізді. Козловтың айтуынша, Рахат Әлиев Мұхтар Әблязовқа «бірігіп күрес жасау» жөнінде ұсыныс айтқан.

- Рахат Әлиевтің өзі мұндай идея айтқаннан кейін оны Мұхтар Әблязов қабыл алды. Әблязов «Әлиев те режимнің жауы, сондықтан оның көмегінен бас тартқанша пайдалану керек» деп есептеді, - деді Козлов сотта.

Владимир Козловтың сотқа берген жауабы бойынша, Мұхтар Әблязов президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен премьер-министр Кәрім Мәсімовке қарсы шағым әзірлеп отыр.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларына байланысты қамалып, «әлеуметтік араздық туғызды, конституциялық құрылымды күшпен өзгерткісі келді және қылмыстық топ құрды» деп айыпталған Владимир Козловтың ісі оппозициялық саясаткер Серік Сапарғалимен және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовпен бірге Ақтау қалалық сотында тамыз айының басынан бері қаралып жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG