Accessibility links

Терроризммен күрес семинар мен телеэкранға көшті


Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Кәкімжан Бішманов (оң жақта) журналиске сертификат тапсырып тұр. Алматы, 31 қазан 2013 жыл.
Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Кәкімжан Бішманов (оң жақта) журналиске сертификат тапсырып тұр. Алматы, 31 қазан 2013 жыл.

«Сириядағы қазақ жиһадшылары» туралы видео пайда болғаннан кейін екі апта өткенде Қазақстанда терроризмге қарсы күреске шақырған семинарлар өтіп, телехабарлар пайда бола бастады.

«Екі жылға созылған азаматтық соғысқа қатысу үшін Сирияға барыпты-мыс» делінген қазақстандықтардың үлкен тобы туралы видео Қазақстанда қоғамдық пікір тудырды. Атышулы видео пайда болған сәттен екі апта өткенде билікке бүйрегі бұратын бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мен қоғамдық ұйымдар «сектанттарды айыптайтын» репортаждар мен терроризмге қарсы семинарлар түріндегі іс-қимыл шараларын бастап кетті.

Алматыда қазанның 31-і күні өткен осындай семинарлардың бірінде кейбір сарапшылар БАҚ өкілдеріне «терроризмді насихаттау белгілері бар» интернет-материалдарды жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертіп жатты.

ҮКІМЕТТІҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «Сирияда соғысып жүрген» ондаған қазақстандық туралы видеоролик интернетте пайда болғалы жарты айға жуық уақыт өтсе де, үкімет өзінің нақты ұстанымын айқындаған жоқ» дейді Азаттық
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл.
тілшісіне. Ол жекелеген саясаткерлердің сөздерін «бір-біріне қайшы пікірлер, ал арнайы қызмет өкілдерінің хабарламаларын «айнымалы немесе дәйексіз» деп, оларды есепке алмайды.

Аталған видеоролик интернетте жарияланған соң ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков «Менің пайымдауымша, бұл жазбаны үгіт-насихат мақсатында біздің азаматтарымыздан басқа біреулер жасаған» деген еді.

Кейінірек, БАҚ-та, оның ішінде Азаттық сайтында әлгі видеороликтің кейбір кейіпкерлерін жұрт танып жатқаны туралы мақалалар жарияланған соң ҰҚК антитеррорлық орталығы қызметкерлері «Сирияда жүзден аса қазақстандық жиһадшы жүр» деп мәлімдеді. Бірақ ҰҚК сайтында осы күнге дейін әлгі видео мен оның интернетте таралуына қатысты ұстанымды білдіретін пресс-релиз сияқты ештеңе жоқ. Мұндай хабарлама Қазақстанның бас прокуратурасының сайтында да жоқ.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ «БАЛАНСҚА» ҮЙРЕТУ

«Интернет-кеңістіктегі терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері» деген тақырыппен Алматыда өткен семинардың ұйымдастырушысы ретінде Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығының басшысы деп таныстырылған профессор Кәкімжан Бішманов аталды. Ол «елде терроризм мен экстремизм мәселелерін зерттейтін институт құру қажет» деп мәлімдеді.

Ал интернеттегі терроризм мен экстремизмді насихаттаумен күрес проблемаларына қатысты «сот орындары діни экстремизм насихатталатын көптеген сайтты жауып жатыр» дейді.

– Жарылғыш құрылғыны қолдан дайындаудың тәсілдерін егжей-тегжейлі үйрететін ақпарат басылған сайттар көп. Ондай сайттар да жабылып жатыр. Мұндай сайттардың мониторингімен прокуратура қызметкерлері айналысады. Меніңше, оларды анықтап, жағдайды талдау үшін мұндай істерге террорологияны зерттейтін мамандарды тарту керек, – дейді Кәкімжан Бішманов.

Қазақ-Америка университетінің деканы Нариман Ибрагимовтың айтуынша, құқық қорғау органдары басқа сайттардан терроризм туралы жаңалықтарды (мысалы,
Қазақ-Америка университетінің деканы Нариман Ибрагимов. Алматы, 31 қазан 2013 жыл.
Қазақ-Америка университетінің деканы Нариман Ибрагимов. Алматы, 31 қазан 2013 жыл.
"қазақстандық жиһадшылардың" Сириядағы соғысқа қатысқаны туралы) көшіріп басатын ақпараттық агенттіктерге «терроризмді насихаттады» деген айып тағуына болады.

Нариман Ибрагимов журналистердің «жиһадшылардың» бұрын тұрған жеріне арнайы барып әзірлеген мақалаларын интернетте жариялауға қатысты «егер бұл материалдарда билік өкілдерінің пікірі ескерілмесе, яғни баланс сақталмаса, оларды терроризмді насихаттайтын материалдар ретінде қарастыруға болады» дейді.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «Терроризм тақырыбында жазылған материалдарды интернетте жариялауға шектеу қоюға тырысу керісінше терроризммен күреске кесірін тигізеді. Өйткені оқырмандар өзін қызықтыратын ақпаратты терроризмді шынымен насихаттайтын сайттардан іздей бастайды» дейді Азаттық тілшісіне.

Қазақстан үкіметі мен мемлекеттің басшылары әлемдегі соғыс ошақтарының бірінен қазақстандықтардың үлкен тобы бала-шағасымен табылғаны туралы әлі
"Сирияға аттанған қазақстандық жиһадшылар". (YouTube видеосынан алынған скриншот).
"Сирияға аттанған қазақстандық жиһадшылар". (YouTube видеосынан алынған скриншот).
ешқандай пікір білдірмегенімен, Астананың бақылауындағы қоғамдық ұйымдар мен БАҚ «кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын» бастап кетті. Бейсенбі күні Астанада журналистер «Дәстүрлі емес діни ағымдар: шығу көздері, доктриналары, мақсаты» деген семинарға шақыру алды. Қарашаның 1-і күні Астананың медициналық колледж студенттеріне арналған «Діни экстремизмнің алдын алу конфессия аралық тұрақтылыққа жетудің қадамы ретінде» деген тақырыпта семинар өтпек. Мұндай сабақтардың елдің көптеген оқу орындарында өткізіліп жатқаны туралы хабарлар түсті.

Терроризммен күрес телеарналардан да жүріп жатыр. Бейсенбі күні кешкісін «Хабар» республикалық телеарнасы «Ауғанстаннан қашып келген» қазақстандық туралы хабар көрсетті. Бірақ оның әйелі Вазиристан аймағында кепілге қалған. Алматылық КТК арнасы сенбі күні «Секты: битва за разум» деген фильм көрсетілетінін хабарлады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG