Accessibility links

Қарттарға арналған «балабақша» бизнесін бастамақ


"Балабақшадағы" қариялар ойыншық тігіп отыр. Теміртау, 27 қаңтар 2016 жыл.
"Балабақшадағы" қариялар ойыншық тігіп отыр. Теміртау, 27 қаңтар 2016 жыл.

Теміртауда қарттарға арналған «Жалғыз емеспін» «балабақшасы» жұмыс істегеніне бір жылға жуықтады. Мекеме жабылып қалады деп қауіптенген қариялар ойыншық тігетін бизнес бастамақ.

«Кредо» қоғамдық ұйымы бір жылдай бұрын Теміртау қаласында ашқан қарттар «балабақшасына» 79 жастағы Валентина Федотова көптен бері барып жүр. Оны мұнда таныстары ертіп әкелген.

ҚАРИЯЛАР «БАЛАБАҚШАСЫ»

Зейнеткер ертеректе инсульт алғаннан кейін қолы мен саусақтары мүлде қозғалмай қалып, халі нашар болғанын айтады.

- Бірақ мұнда келгелі моральдық тұрғыдан еңсем көтеріліп, денсаулығым жақсарып қалды. Енді ешқашан ине мен қайшы ұстай алмайтын шығармын деп ойлағанмын. Қазір ебім келіп қалды, мұнда қуана-қуана ойыншық тігетін болдым, бірақ сол қолымның әлі де онша икемі жоқ. Қазір құр отырмай пайдалы іспен айналысамын әрі қатарластарыммен әңгімелесемін. Бұрын үйде жалғыз отыратынмын. Мұнда келсең, қаншама әсер аласың! Теміртауда мұндай жалғыз орын бар, - дейді Валентина Федотова Азаттыққа.

Қариялар жасаған ойыншықтар. Теміртау, 27 қаңтар 2016 жыл.
Қариялар жасаған ойыншықтар. Теміртау, 27 қаңтар 2016 жыл.

Қарттарға арналған балабақшаға аптасына бірнеше мәрте келетін 40 шақты зейнеткердің көбі – әйелдер. Олар әңгіме-дүкен құрады, елдегі соңғы жаңалықтарды талқылайды және өзгеше ойыншықтар мен сувенирлік бұйымдар тігеді. Әжелердің бірі: «Кей адамдар мына балабақшаға не мақсатпен келіп жүргенімізді түсінбейді. Тіпті күлетіндері де бар. Бірақ жұрттың көбі түсіністікпен қарайды, өйткені мұнда келетіндердің көбі ешкімі жоқ, жалғыз қалған жандар ғой» дейді.

Қарттарға арналған балабақша тәрбиешісі әрі «Кредо» қоғамдық ұйымы жобасын жүргізуші Елена Александрова бұл мекеменің қарттарға пайдасы тиіп жатқанын айтады.

- Бұл жер қаламызда тұратын зейнеткерлердің бос уақытын өткізуіне жақсы болды, олар шынымен де жалғызсырамайтын болды. Мұнда келетін қарттардың ішінде әлдебір сырқатынан сауығып кеткендері бар. Мысалы, ойыншық мүсін жасап немесе тіккен кезде саусақтары жаттығады, бұл - қарттардың көбіне қажет дағды, - дейді ол.

Қариялар іс тігуден қолдары қалт еткен сәтте үзіліс жариялап, ойыншықтарды сатудан түскен ақшаға сатып алған тәттілерімен шай ішеді. Жергілікті сүт кәсіпорны қарияларды айранмен қамтамасыз етеді. Қарттарға арналған балабақшаны Қазақстанның тұңғыш президенті қоры қаржыландырған кезде мұнда келетін қарттардың бәріне ыстық тамақ беретін. Қазір ол жоқ.

БИЗНЕС ЖАЙЛЫ АРМАН

Қариялар «жалғыздықтан қашып әрі бос уақытымызда бір нәрсемен айналысқымыз келді» дейді. Бірақ қолдан жасалған өнімдеріне сұраныс бар екенін түсінген кезде бұйымдарын сатуды ұйғарған. Зейнеткерлердің айтуынша, жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылған әлеуметтік жәрмеңкеде ондаған ойыншықтары сатылған. Топ старостасы Надежда Горчицына оларға тапсырма беріп, тігілетін бұйымның үлгісін даярлап қояды.

- Ойыншықтарымызды сататын орын берсе, тіпті жақсы болар еді. Ал әзірше жоба ұйымдастырушылары сату орнын жалға алып, ақша төлеп отыр. Қазір біз «мерекелік» ойыншықтар - 14 ақпан мен 8 наурыз мерекелеріне арналған сыйлықтар тігіп жатырмыз, - дейді әжелердің бірі.

Зейнеткерлер қаржы табылмаса, «балабақшамыз» жабылып қалуы мүмкін деп уайымдайды. Сондықтан сатуға шығаратын көбірек ойыншық тігуге тырысады. Олардың бөлмесінде өнімдерін сатып алушылар ақша тастайтын «жәшік» бар. Мұнда қолдан тігілген жұмсақ ойыншықты 500 теңгеге сатып алуға болады.

- Бұрын президент қоры мемлекеттік қаржы бөлетін, қазір ол тоқтап қалды, енді өз күшімізге сүйеніп күн көріп жатырмыз. Әжелермен бірлесіп әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқымыз келеді. Яғни әйелдер «бұйымдар жасап, сатсақ» дейді. Сөйтіп аз-маз ақша тапқымыз келеді. Бірақ мұнда келетін қарттарға беретін ыстық тамаққа да қаржылай қолдау алғымыз келеді. Демеушілік көмектен де бас тартпаймыз, - дейді жоба үйлестірушісі Елена Александрова.

Оның айтуынша, Қазақстанда қарттарға арналған алғашқы «балабақша» Теміртау қаласында ашылған. Жобаға қызыққан Алматы тұрғындары тәжірибе алу үшін Теміртауға келіп қайтқан.

XS
SM
MD
LG