Наурыздың 1-і күні Азаттықтың Тәжік қызметі «Саиджалол Каримзода Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған өлеңдеріне сыйлық ретінде қазақ шапаны, айырқалпақ, Қазақстан гербі және мың сомони (Тәжікстан ақшасы) алды» деп жазды.
Тілшінің жазуынша, шет мемлекет басшысы бірінші рет қышлақ ақындарының өлеңдерін бағалап, сыйлық жасап отыр.
Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген Доманакух қышлағы тұрғыны Саиджалол Каримзода «қарапайым өлеңдерін былтыр жазда жазып, Нұрсұлтан Назарбаевтың почта адресіне салып жібергенін» айтады.
«Мен ешқандай сыйлық күтпеген ем, жалпы ешқашан өлеңдеріме бола сыйлық дәметкен емеспін. Ал бұл жолы… Жалпы мен Назарбаевты әділ патша деп санаймын, сондықтан өлең арнадым» дейді ақын.
Саиджалол Каримзоданың Нұрсұлтан Назарбаевқа арналаған өлеңін оқыған видеосы (тәжік тілінде):
Қазақ президенті туралы Саиджалол Каримзоданың өлеңдері өте қарапайым, тіпті халық фольклорына да ұқсайды. Мәселен, ол өлеңдердің үзіндісі мынандай (жолма-жол аударма) болып келеді:
«Нұрсұлтан Назарбай
Сұлтандар арасында бай!
Баршаға сен нан бердің,
Адамдарға жан бердің!
Мәртсің сен мейірбан,
Жанымыз саған құрбан.
Ғажайып жүзіңнен
Жылылық төгілген.
Атың жақсы Нұрсұлтан
Сені ұнатар күллі жаһан»
Бұған қарамастан, Қазақстан президенті әкімшілігі Тәжікстандағы қазақ елшілігі арқылы ақынға шапан, айырқалпақ, Қазақстан гербін, мың сомони (шамамен 125 доллар) беріп жіберген.
Бұл сыйлықтар мен қазақ президентінің хатын Саиджалол Каримзода аудандық музейге тапсырған. «Мен сыйлық алғаннан кейін риза болып, Нұрсұлтан Назарбаев туралы тағы үш ғазал мен төрт шумақ өлең жаздым» дейді ақын.
Саиджалол Каримзода Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға да көп өлеңдерін арнаған. Өзінің айтуынша, ол өлеңдердің саны шамамен 100-ге таяған, бірақ оларды кітап етіп басып шығаруға қаражаты жоқ. Халық арасынан шыққан ақын Фархор ауданы хукуматына (әкімдігіне) көмек сұрап хат жазған, енді жауап күтіп отыр.
Саиджалола Каримзоданың сөзіне қарағанда, ол өлеңді бала кезінен шығарады. Оның шығармалары жергілікті газеттерге жиі жарияланып тұрады.
Қышлақ ақыны "әділ патша" Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазғысы келеді. Ол кітапты жазып бітірсем деп, оны Астанаға, қазақ президентінің әкімшілігіне почта арқылы жөнелтсем деп армандайтынын айтты.
Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.