Accessibility links

Суицидті «қоғамдық-әлеуметтік ауру» деп біледі


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанда соңғы айларда ондаған азамат өз-өзіне қол салып қайтыс болды. Мамандардың сөзінше, адамның суицидке ұрынуына қоғамның да әсері бар.

«Ұлағатты жанұя» қоғамдық ұйымының президенті Марианна Гурина Қазақстанда соңғы жылдары ересектер арасында да өз-өзіне қол жұмсаушылар көбейіп бара жатқанын айтып алаңдайды. Ол азаматтардың мұндай әрекеттерін тұрмыстық ауыртпалықтан көреді.

– Жақында біреулер нан бағасын қымбаттату туралы айтты. Одан қалды зейнетақының болашақта болу-болмауы екі талай деген әңгімелер шығып жатыр. Баласы барлары өлместің күнін көрсе, баласы жоқтары бұл өмірден түңіліп отыр. Оған қоса билік халықтың қамын ойлаудан қалды.Өмірде өздерін ұстап қалар ешнәрсе таппағандар суицидке барады, – дейді ол.

Қарашаның 10-ы күні Галина және Мирослава Коваленко есімді 49 жастағы егіз азаматтардың Алматыдағы сауда орталығы шатырынан секіріп өлгенін еске алған Марианна Гурина мұндай оқиғаларға қоғам да жауапты деп біледі.

– Сіз бен біз де жанымызда жүргендерді елемейміз. Әйтпесе 50-ге келген сол әйелдердің туыстары жоқ болса да құрбылары, көршілері болды ғой. Мұның бәрі – біздің енжарлығымыздың, немқұрайлығымыздың кесірі, – дейді «Ұлағатты жанұя» қоғамдық ұйымының президенті.

КӨРІҢІЗ: Шарасыздың жанайқайы ма, билікті бопсалау ма?

Әлеуметтанушы Нұрбол Әйекешев «суицид – қоғамдық-әлеуметтік ауру» деп біледі.

– Суицид – әлеуметтік тұрақсыздықтың көрсеткіші, алға қойған мақсат- мүдделердің жойылып кетуі, адамның рухани тығырыққа тірелуі. Өз-өзін көпшілік алдында өлтіру – әлеуметтік процесс. Өкінішке қарай, ол өсіп келеді, – дейді маман.

Әлеуметтанушы адамның жеке бас қайғысы, қоғаммен тіл табыса алмауы не әлдебір мақсат үшін өзін құрбан қылуға илануы суицидке себеп екенін айтады.

Қазақстанда соңғы бірер айда оншақты адам өз-өзіне қол жұмсап қаза тапты, бірнеше адамды құтқарып қалудың сәті түсті. Суицидке тәуекел еткен азаматтардың кейбірі мұндай іске баруына тұрмыстық немесе әлеуметтік қиындықтарға ұшырауы, заң орындарынан әділдік таппауы сияқты себептерді айтқан.

Қазақстан бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің шілдедегі дерегінше, елде жыл басынан бері 1100-ден астам адам өз-өзіне қол жұмсап көз жұмған. 2015 жылы суицидке ұрынғандардың 86-сы – кәмелетке толмағандар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірімдердің өз-өзін өлтіруі жөнінен Қазақстанның соңғы 10 жыл бойы алғашқы үштікте тұрғанын айтады.

ИНФОГРАФИКА: Қазақстандағы соңғы 6 айдағы суицид хроникасы

XS
SM
MD
LG