Accessibility links

Студенттер «президенттің сүйікті әндерін» шырқады


Тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылған студенттер концерті. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. Азамат Құсайынов түсірген фото.
Тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылған студенттер концерті. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. Азамат Құсайынов түсірген фото.
Алматыда «Елбасы – мақтанышым, бәйтерегім» атты концерт өтті. Шараны Қазақ ұлттық аграрлық университеті ұйымдастырды.

Концерт қарашаның 28-і күні қаладағы Студенттер сарайында өтті. Шараны тамашалауға мың жарымға жуық адам жиналды. Желтоқсанның 1-і тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылған концертте «Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған және оның сүйіп тыңдайтын әндері» айтылды. Сахнада бірнеше кәсіпқой әнші және негізінен студенттер өнер көрсетті.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, академик Рахымжан Елешов бұл концерт толығымен тұңғыш президенттің құрметіне арналып ұйымдастырылғанын айтады.

- Президенттің арқасында Қазақстан дүниежүзіне әйгілі болды. Ірі шараларды жоғарғы деңгейде өткіздік. Халық сайлаған президентті қашанда құрметтеуге дайынбыз. Осы адамға сеніп, осы адамды қолдап отыру үшін бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Бұл концертті студенттер президент тойына өз үлестерін қосқысы келіп ұйымдастырды, - деді ол.

АРНАУЛАР

Ал осы оқу орнының мал шаруашылығы және жаңа технологиялар факультетінің деканы Дінислам Шыныбаевтың айтуынша, шараны бүкіл университет ұжымдары болып ұйымдастырған.
Тұңғыш президент күнін мерекелеу концертінде билеп тұрған студент қыздар. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. Азамат Құсайынов түсірген сурет
Тұңғыш президент күнін мерекелеу концертінде билеп тұрған студент қыздар. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. Азамат Құсайынов түсірген сурет

- Бұл концертті бүкіл университет ұжымы, студенттер, мұғалімдер бір кісідей жұмылып ұйымдастырдық. Факультет декандары құрметті қонақтарға шақырту таратып, студенттердің концертке дайындалуын қадағалады, - дейді декан.

Концерт кезінде «Елбасына арнау», «Елбасым мақтанышым», «Ғасырлардан озып туған нар тұлға» атты президентке арналған бірнеше ән айтылды.
Ал одан кейін сахнадағы экраннан президенттің өміріне арналған он минуттық ролик көрсетілді.

Концерт кезінде тұңғыш президенттің «Үш қоңыр», «Бұлбұлым» сияқты сүйікті әндері орындалды.

«ҚАТАР КЕЛГЕН» РӘСІМ

Шараға белсене ат салысып жүрген университеттің екінші курс студенті Бақытжан Хамитұлы концертке 15 күн бойы қызу дайындалғандарын айтады.

- Университет басшылығынан бастап, студенттерді өзін-өзі басқару ұйымдары өткізді. Бүкіл студенттер келіп, көрермен ретінде қатысып жатыр. Қазақстан эстрада әншілерін де концертке арнайы шақырдық. Көп дайындалдық. Бір ай демесек те, соған жуық уақыт дайындалдық. Басшылық материалдық, қаржылық, әншілерді жалдау жағынан көмектесті. Концертте елбасының сүйікті әндерінен бастап, ауыл, ел туралы әндердің барлығын қамтуға тырыстық, - дейді студент.

Концерт кезінде ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есболов бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде студенттік билет пен сынақ кітапшасын тапсырды. Ректор студенттер үшін ерекше саналатын билет тапсыру рәсімін «президент күнімен қатарластыра өткізудің маңызды» екенін айтты.
Тұңғыш президент күніне арналған студенттер концертінің көрермендері. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. Азамат Құсайынов түсірген сурет
Тұңғыш президент күніне арналған студенттер концертінің көрермендері. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. Азамат Құсайынов түсірген сурет

- Бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдануымен құттықтаймыз. Билеттері мен сынақ кітапшаларын қыркүйекте алып алса да, сол шараны бір атап өтудің реті енді келді. Студенттер қатарына қабылдау рәсімі президент күнімен қатар келуінің өзінде үлкен мән жатыр, - деді оқу орнының ректоры.

Президент күніне орай өткізілген «Елбасым-мақтанышым, бәйтерегім» атты концертті депутаттар, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері, мәдениет, өнер қайраткерлері келіп тамашалады.

Сыншылар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі соңғы он жыл ішінде күшейе түскенін жиі айтады. Бұл үрдісті жеке басқа табынушылық деп санайтындар да бар. Президент Назарбаев атындағы нысандардың күрт көбейгені туралы Азаттық жазған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мемлекеттік гимнінің авторы, Астананың бас дизайнері, «тұңғыш президент», «елбасы» және «ғасыр ғұламасы» сияқты атақтарды иеленіп үлгерген. Оның құрметіне парламент желтоқсанның 1-ін тұңғыш президент күні деп жариялап, мемлекеттік мейрамдардың тізіміне кіргізген болатын. Қазан айында Астана қаласының әкімдігі мен білім және ғылым министрлігі «алғаш рет аталып өтетін бұл мейрам» аясында бір аптаға созылатын салтанатты іс-шаралар жоспарын жария еткен еді.

Концерттің үзіндісін мына жерден көре аласыз:

Мадақтау кезегі жастарға жетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG