Accessibility links

Әкімі кетіп, мәселесі қалған Шымкент


Жолаушыға толы қоғамдық көлік. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.
Жолаушыға толы қоғамдық көлік. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.

Шымкентте шенеуніктер қала орталығындағы қоғамдық көлікпен қатынап көргенімен, тұрғындар ықшам аудандардағы қатынас мәселесін сынайды. Ал ықшам аудандардағы автобустарға да мініп көремін деген қала әкімі кеше басқа қызметке ауысып кетті.

ЫҚШАМ АУДАНҒА ШАҒЫН АВТОБУС АЗДЫҚ ЕТЕДІ

Шымкент қаласындағы «Достық» ықшам ауданының тұрғыны Әйгерім Байгелді қала орталығында жұмыс істейді. Оның айтуынша, ықшам ауданнан қала орталығына қатынайтын 17 бағыттағы автобус үнемі жолаушыға толы болады. Оның «автобус» деп жалпылама айтқаны болмаса, бұл бағытта көбінесе шағын автобус қатынайды. Осы бағыттағы қоғамдық көліктің бос жүретін кезі сирек.

- Автобус таңғы сағат 07:00-де жүруді бастайды. Бізде қала орталығына қатынап жұмыс істейтіндер мен мектеп оқушылары көп. Автобус толып, жолаушылар сыймай кетеді. Бұл автобус 15минут сайын қатынап тұруы керек. Бірақ біз кейде жарты сағат күтеміз, - дейді ол Азаттыққа.

Әйгерім Байгелді. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.
Әйгерім Байгелді. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.

Әйгерім Байгелдінің айтуынша, ықшам аудан арқылы қатынайтын жолаушылар саны көп болғандықтан, бұл ауданға шағын автобус аздық етеді.

Азаттық тілшісі де қаладан «Достық» ықшам ауданына барып көру үшін 17 бағыттағы автобусқа отырып көрді. Алайда тозығы жеткен шағын автобустың бірінің аялдамаға түс шамасында бір жарым сағат уақыттан кейін ғана жеткеніне куә болды.

СОЗЫЛМАЛЫ ХИКАЯ

Ал «Бозарық» ықшам ауданының тұрғыны Әлия Күмісова «екі қызым қала орталығындағы мектептерде оқиды» дейді. Оның сөзінше, автобустар оқушыларды жолақының жарты бағасын төлейтіндігі үшін ғана мінгізбеуге тырысады.

- Күнде қызым мектепке барамын деп сағат 07:00-де шықса да үш автобустан қалып кетеді. Мінгізбейді. Кондукторлар «сендер жолақының жарты бағасын төлейсіндер» деп түсіріп тастайды,- дейді ол.

«Бозарыққа» қатынайтын 71 бағыттағы 20 орындық автобустың көбі ескі. Оның үстіне олар бар болғаны жарты сағат сайын ғана қатынайды. Бұл бағыттағы қоғамдық көлік қозғалысы 7:30-да басталып, 19:00-де аяқталады.

Әлия Күмісова. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.
Әлия Күмісова. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.

Әлия да «Бозарыққа» тозған автобустардың қатынайтынына наразы.

- Қирап тұрған автобус емес, дұрыс автобусты қойып, жиі жүргізсе дейміз, -дейді Әлия Күмісова Азаттыққа.

«Нұртас» ықшам ауданының тұрғыны Гүлназ Шантаева бұл ықшам ауданға қоғамдық көлік жүрмейтінін айтып шағымданады. Айтуынша, 20 бағыттағы автобус ықшам аудан сыртынан айналып өтеді. Адамдар таңертең сығылысып, автобусқа сыймай жолынан қалып жатады. Ересектердің жұмысқа, оқушы-студенттердің сабаққа үлгермей кешігіп қалатын кездері жиі болады.

- Ықшам аудан орталығы мен шетінде тұратындар аялдамаға дейін жаяу шығады. Аудан ішінде таяуда жол салынып бітті. Енді автобустарды ықшам ауданның ішіне де кіргізуге болады ғой, -дейді Гүлназ Шантаева.

Тұрғындардың шамалауынша, әркім тұратын жеріне қарай аялдамаға жету үшін 2-3 километрдей жаяу жол жүріп өтеді.

Автобуста 20 орындық болса, оған 60 шақты адам мінеміз. Бұрылыстарда бір жаққа қарай қисайып кететін кездері де болады. Қауіпті.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан «Гүлдала» шағын ауданының тұрғыны да 20 бағыттағы қоғамдық көлікке жолаушы сыймай қалатынын айтады.

- Таңертең автобус бағытының басы - соңғы аялдама болған соң отыратын орын табылады. Жұмыстан қайтатын уақытта тікесінен тік тұрып, онда да болса сығылысып келеміз. Автобуста 20 орындық болса, оған 60 шақты адам мінеміз. Бұрылыстарда бір жаққа қарай қисайып кететін кездері де болады. Қауіпті, - деген оның айтуынша, тұрғындар үлкен автобус жүрсін деген өтінішіне жергілікті басшылық «көше тар» деп жауап берген.

«АВТОБУСТАР ЖАЛҒА АЛЫНАДЫ»

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев Азаттыққа берген комментарийінде қалада қоғамдық көлік қатынамайтын ықшам аудандардың бар екенін мойындады. Мұның себебін ол бұл ықшам аудандардың қалаға жаңадан қосылуымен және жолаушылар ағымының төмен болуымен түсіндірді.

Шымкент қаласындағы ескі шағын автобустардың бірі. 31 қазан 2017 жыл.
Шымкент қаласындағы ескі шағын автобустардың бірі. 31 қазан 2017 жыл.

- Қаланың аумағы кеңейді. Қазір қаланың шеткі 10 ықшам ауданына қоғамдық көлік бармайды, жетіспейді. Кейбір шағын аудандарда жолаушылар ағымы төмен. Мысалы, «Шапырашты», «Жаңалық», «Текесу», «Абдуллаабад», «Ақжар», «Ақтас» сынды ықшам аудандарға қоғамдық көлік қатынамайды, - деді Жарқын Байдуллаев Азаттыққа.

Бұған қоса қаладағы көлік компанияларының кейбірінде өз автобусы да жоқ болып шықты. Мұның «үлкен проблемаға айналғанын» және қалада 30 көлік компаниясының бар екенін айтқан шенеунік соның ішінде «14 көлік компаниясының иелігінде автобус жоқ, автобустарды жалға алады» дейді.

- Қалада 1146 қоғамдық көлік болса, оның 394-і ғана көлік компанияларына тиесілі, - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары.

Шымкент қаласындағы аялдамалардың бірі. 30 қазан 2017 жыл.
Шымкент қаласындағы аялдамалардың бірі. 30 қазан 2017 жыл.

Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, қалаға жаңа 752 қоғамдық көлік қажет. Ол айтып отырған 1146 қоғамдық көлік 75 бағытта жұмыс істейді. Оның ішінде 51 бағытта - 762 автобус, 24 бағытта - 384 шағын автобус жүреді.

- Қоғамдық көліктер күніне 500-550мың жолаушыны тасымалдайды. Жол ақысы – 70 теңге. Студенттерге – 50 теңге. Оқушыларға – 35 теңге. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл ардагерлері, бірінші топтағы зағип жандар мен оларды жетектеп жүрген азамат пен Шымкент қаласының құрметті азаматтары және «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері тегін жүреді, - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі.

- Жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қызметіне байланысты 408 шағым түсіп, 7 бағыттағы қоғамдық көліктің жұмысын тоқтаттық. Тұрғындар көбіне қоғамдық көліктердің ерте тоқтап қалуы, аялдамаларға тоқтамауы, кондукторлардың дөрекі сөйлеуі, қоғамдық көліктің уақтылы келмеуі сияқты кемшіліктерге шағымданады, - дейді Жарқын Байдуллаев Азаттыққа.

КЕШЕ КЕТКЕН ҚАЛА ӘКІМІНІҢ УӘЖІ

29 қазанда Азаттыққа берген комментарийінде Шымкент қаласының 31 қазанға дейінгі әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің қаладағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын білу үшін бірнеше қоғамдық көлікке мініп көргенін айтып, "қала орталығында тұратын болғандықтан шеткі аудандарға қатынайтын қоғамдық көліктерге мінгенім жоқ. Бірақ міну маған проблема емес" деді.

"Гарант" аялдамасына тоқтаған №21 шағын автобус. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.
"Гарант" аялдамасына тоқтаған №21 шағын автобус. Шымкент, 30 қазан 2017 жыл.

- Бірталай кемшіліктер бар. Меніңше, автобустар жеткіліксіз. Таңғы сағат сегіз бен тоғыз арасында, түскі сағат бір мен үш арасында, кешкі сағат алты мен сегіз арасында автобустар толып, адамдар міне алмайды. Сол уақытта автобустар 10 минут сайын емес, 5 минут сайын жүруге жағдай жасауымыз керек, - деген Ғабидолла Әбдірахымов аялдамаларда автобустың жүру кестесі де жоқ екенін айтады. «Жаңа кесте іле бастадық. Кондукторлар мен жүргізушілердің мәдениеті де бір мәселе» дейді ол.

Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі саналатын Шымкент тұрғындарының саны 940 мыңнан асады.

XS
SM
MD
LG