Accessibility links

Алматы мектептерінде сенбі күнгі алғашқы сабақ Сара Назарбаеваға арналды


Сара Назарбаеваның туған күні құрметіне арнап Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп оқушылары шығарған қабырға газеті. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл.
Сара Назарбаеваның туған күні құрметіне арнап Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп оқушылары шығарған қабырға газеті. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 12-і күні Алматының барлық орта мектептері Сара Назарбаеваның 70 жасқа толу мерейтойына сәйкес сынып сағаттарын өткізді.


Бұл шара Алматы қаласы білім басқармасының қаңтардың 27-сі күні шығарған арнайы бұйрығы бойынша ұйымдастырылып отыр.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ «ЖАҚСЫ ЖҰМЫС ЖАСАУЫНА» СЕБЕПШІ

Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясына барғанда «Махаббаттың сарқылмас бұлағы» деген тақырыпта өткен сынып сағатына оқушылардың әбден дайындалып келгеніне көз жеткіздік. 2-сынып оқушысы Әлібек Сара Назарбаеваның өмірбаянын мүдірместен айтып берді.

- Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпан күні Қарағанды облысы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ол 1992 жылдан бастап республикалық «Бөбек» балалар қорының төрайымы. Қазір «Бөбек» қорының жеткен жетістігі Қазақстанға ғана емес, шетелге де мәлім. Оның білім берудегі жаңа көзқарасы мен рухани салада жасаған жобасы «өзін-өзі тану» деген атқа ие болып, оқу бағдарламасына енгізілді. Сара Назарбаеваның үш қыз немересі, үш ұл немересі және бір шөбересі бар, - деп бір-ақ тоқтады оқушы.

Осы гимназияның бастауыш сынып жетекшісі Раушан Мұқанова сынып сағатында оқушыларға Сара Назарбаеваның «балалар үшін жасаған жақсылығын» айта келе, президенттің отбасымен таныстырды. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «жақсы жұмыс жасауына» жары Сара Назарбаеваның көп еңбек сіңіріп отырғанын айтып берді.

- Тақтадағы суретке қарасаңдар, онда Сара Назарбаева 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен жанұя болғаннан кейін үш қызы дүниеге келген. Мынау үлкен қызы Дариға - саясатта өз орны бар адам, екінші қызы - Динара, кенже қызы - Әлия. Ал мына суретте президенттің жанұясына көңіл бөліп, бірге демалып жүрген кезі, - деді Раушан Мұқанова.

«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ АРҚЫЛЫ ПАТРИОТИЗМДІ ОЯТУ»

Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның жоғарғы сынып оқушылары да сынып сағатына дайындық жасап, сабақты өздері өткізуді ұйғарған. Мұнда тіпті өзін-өзі тану пәнінің оқу бағдарламасына енгізілу тарихын да аталып өтті. Оқушылар бұл пәннің 2007-2008 жылдары-ақ сынақтан өткенін айтып берді. 11 сынып оқушысы Еркін Назарбай Сара Назарбаеваның балалар үшін жасаған еңбегін үлгі тұтады.

- Сара Назарбаеваның мүгедек, жетім балаларға жасаған жақсылығы мен еңбектерін барлық оқушылар талқылап ортаға салдық. Жазған еңбектерімен таныстық. «Бір жетім баланың басынан сипасаң, қырық періште күліп тұрады» дейді. Ал ол қаншама жетім балаларды өз қамқорлығына алды. Мен баспасөз беттерінде шыққан Сара Назарбаева туралы мақалаларды оқып жүремін, - деді.

«Ал одан өзге жетім-жесірлерге қамқорлық жасап жүрген аналарды танисың ба?» деген сауалымызға ол Әмина Нұғманованы атады.
Мектеп оқушылары арасында Сара Назарбаеваға өлең арнағандары да кездесті.

Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Бағила Құмарбекова мектептерде бұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып отыруы қажет деп санайды. Алайда ол мерейтойға қатысты іс- шараға Алматы қаласы білім басқармасының бұйрығымен дайындалғанын жеткізді. Сонымен қатар ол өзін-өзі тану пәніне арналған кабинетте Сара Назарбаеваның өзімен кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

- Негізінде қала көлеміндегі үлкен шара биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Сынып сағаты барлық сыныптар үшін бүгін бірінші сабаққа қойылды. Сара Назарбаева өзін-өзі тану пәнінің авторы болғандықтан сол сабақта бұл іс-шаралар жалғасын табады. Жалпы осындай тақырыптағы іс-шаралар оқушылардың отанына деген патриоттық сезімін оятады, - деді Бағила Құмарбекова.

Алматы қаласының білім басқармасына Сара Назарбаеваның 70 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан іс-шара қанша мектепте өткізілгенін білу үшін хабарласқанымызбен ешкім жауап бермеді.

Сара Назарбаеваның 70 жылдық мерейтойына байланысты мектептерде ұйымдастырылып отырған іс-шара бір аптаға созылады. Мектептерде бұл шараның аясында жоғарғы сынып оқушылары дебат өткізіп, көрме ұйымдастырады және концерт қояды.
XS
SM
MD
LG