Accessibility links

Телеарналар сандық жүйеге көшіп бітуге «әлі төрт жыл бар»


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Қазақстандық телеарналар сандық жүйеге кезең-кезеңмен өтеді. Алғашқы кезеңге кіруге жекеменшік арналардың да мүмкіндіктері басым» дейді ел үкіметі. Ал жеке арналардың пікірінше, үкімет «консерваторлық бағыт ұстанып отыр».


Бұл туралы жұма, ақпанның 25 і күні Астанада өткен дөңгелек үстел басында айтылды. «Аймақтық жеке телеарналарды дамыту және сақтап қалу мәселелері» тақырыбында өткен бас қосуға Ұлттық телеардиохабар тарату қауымдастығы, жекеменшік телеарналар басшылар және парламент депутаттары қатысты.

БАҒДАРЛАМА ӘЛІ ЖОҚ

2006 жылғы Женева шешімі бойынша Қазақстан 2015 жылға дейін сандық жүйеге көшіп бітуі тиіс. Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаеваның айтуынша, Женева шешімінен кейін Қазақстан сандық форматқа көшу жөнінде мемлекеттік бағдарлама мен тұжырымдама қабылдамақ болған.

Алайда «сандық форматқа көшу туралы әңгіме айтылғанына үш жылдың жүзі өтсе де, бағдарлама мен тұжырымдаманы былай қойғанда, тіпті базалық
Дөңгелек үстелге қатысушылар. Астана, 25 ақпан 2011 жыл.
құжат жоқ» дейді Шолпан Жақсыбаева. Оның айтуынша, 2008-2009 жылдары 12 тұжырымдама жасалған. Сандық форматқа көшу мәселесімен «Самғау», «Арна Медиа» және мәдениет және ақпарат министрлігі айналысқан.

– 2008 жылы техникалық экономикалық негіздемесі әзірленген болатын. Оған Ресейлік коммерциялық компания миллиардтаған қаржы жұмсады. Бірақ техникалық экономикалық негіздеме сол қалпы бекітілмеді де, қаржы жұмсалып кетті. Осылайша сандық жүйеге көшудің техникалық экономикалық негіздемесі қабылданбады. Бағдарлама да, тұжырымдама да бекітілмей қалған, – дейді Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаева.

Қазір Қазақстанда «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасы қарастырылып жатыр. Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығының өкілі бұл заң жобасына сандық жүйеге көшудің базалық қағидалары енгізіледі деп үміттенеді. Ол заң жобасы парламентке қазан айында түсуі керек.

АЙМАҚТЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІГІ

Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығы мамандарының айтуынша, аймақтық жеке арналар сандық жүйеге көшу жөніндегі «ойыннан» тыс қалған.

– Қоғамның, сандық форматқа көшу жөніндегі «керемет бағдарламадан» хабары жоқ. Әзірге сандық жүйеге көшуге мемлекеттік арналардың мүмкіндігі көп. Ал жеке арналардың мүмкіндіктері – бес пайыз. Еуропалық норма бойынша, мемлекеттік арналардың болашағы болмауы қажет. Олар әншейін қоғамдық арна болып қалуы керек, – дейді Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаева.

Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразовтың мәлімдеуінше, ол басқаратын мекеме сандық жүйеге көшу құжаттарын әзірлеп жатыр. Вице министр сандық форматқа көшу кезең кезеңмен жүргізілетінін айтады. Яғни
Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов. Астана, 25 ақпан 2011 жыл.
телеарналар бірнеше кезеңдік мультиплекске енгізіледі. Нұрай Оразовтың пайымдауынша, бірінші мультиплекске тек қана аймақтық телеарналардың кіруі де мүмкін. «Бірақ олар сынақ арқылы анықталады» дейді ол.

– Егер мультиплекске 18 арна кіретін болса, олардың кімдер екенін қазір ешкім айта алмайды. Онда тек қана аймақтық телеарналардың кіруі әбден мүмкін. Мұның барлығы конкурс арқылы анықталады. Бірінші мультиплекске көрермендердің тұрақты сұранысына ие болып отырған арналар кіргені дұрыс болар деп ойлаймын. Рейтингісі жоғары ең қызықты арналар болса. Олардың аймақтық арна немесе мүлде жаңа телеарна болуы ғажап емес. Өйткені сандық жүйеге көшудің ең соңғы мерзімі – 2015 жыл. Әлі төрт жыл бар. Оған дейін жаңа бір арнаның бой көтеріп шығуы мүмкін. Аймақтық арналарда қарқынын күшейтуі мүмкін. Ал екінші мультиплекске келер болсақ, ол мүлде бұлыңғыр болашақ емес – біріншісінің соңынан ере жүретін болады, – дейді байланыс және ақпарат вице министрі Нұрай Оразов.

Жекеменшік телеарна басшылары «байланыс және ақпарат министрлігі аймақтық телеарналарды сандық жүйеге көшіруде консерваторлық бағыт ұстанып отыр» деген пікір айтады. Мультплекстерді бір бірлеп жасамай, бір жолда барлық аймақтардағы телеарналар еніп кететіндей бірнеше мультиплекс жасау қажет деген ой айтады.

– Бір ғана мультиплексті іске қосып, сосын «қажетіне қарай екінші мультиплексті қосамыз немесе үшінші мультиплексті қосуымыз мүмкін» деген бұлыңғыр сұрақтармен шықпауы керек. Қазақстанның теледидарлық кеңістігін қамту үшін бізге қанша мультиплекс керек? Қазір бір мультиплекстің өзінде 18 телеарнаның жұмыс істеу қабілеті бар екен. Екеуінен болғанда – 36,
«Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов. Астана, 25 қазан 2011 жыл.
үшеуінен болғанда – 54 екен. Бір мезгілде, жаңағы айтып жатқан техникалық экономикалық негіздеме үш мультиплекске бірдей жасалуы керек, – дейді «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов.

«ТӘУЕЛСІЗДІК» ДЕГЕН – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ»

Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың пікірінше, мемлекет алдымен жекеменшік немесе тәуелсіз арналардың қандай идеологияны ұстанатындарын анықтап алуы қажет. Депутаттың айтуынша, 1990 жылдардың бас кезінде тәуелсіз арналардың көбісі теріс саясат жүргізген. «Біздің тәуелсіздігімізге қарсы саясат жүргізетін студиялар да жетіп артылады» дейді мәжіліс депутаты Алдан Смайыл.

Депутат жеке бір топ немесе қаржы компаниясы өз мүдделерін қоғамға тарату үшін телеарна ашады дегенді айтады. «Тіпті, белгілі бір мүддені көздеген телеарналардың сырттан қаржыландырылатыны да жасырын емес. Олардың барлығын мемлекет мойнына алуға міндетті емес» деген пікір айтады депутат.

– «Тәуелсіздік» деген – тәуелсіздікке қызмет ету деген сөз. Егер біздің тәуелсіздігімізге қызмет етпейтін арналар болса, Қазақстанның БАҚ туралы заң талаптарына сай келмейтін болса – ол сандық технологияға көшпек түгілі жұмысын тоқтату керек. Әр мемлекет өзінің мүддесін қорғайды. Мемлекет кез келген тәуелсіз арна ма, радио ма, газет пе – оның мүддесін қорғауға міндетті емес. Міне, осының барлығын мемлекет айырып алып, содан кейін өзінің жасайтын көмегін жасау керек, – дейді парламент мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Азаттық радиосының тілшісіне.

Қазақстанда 40 тан астам жекеменшік аймақтық телеарналар тіркелген. Олардың кейбірі 20 жыл бұрын ашылған. Жекеменшік телеарналарда төрт мыңға жуық адам жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG