Accessibility links

Орталық Азия төбеттерін өсіретін құрылысшы


Ит асыраушы Жақып Есболаевтың төбеті. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
Ит асыраушы Жақып Есболаевтың төбеті. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.

17 жылда мыңға тарта төбет өсіргенін айтқан Жақып Есболаев «мақсатым - құрып бара жатқан тұқымды сақтап қалу, баю емес» дейді.

47 жастағы Жақып Есболаевтың әкесі кезінде шопан болған. Өзінің айтуынша, бала кезінен малшының баласы ретінде итке құмар болып өскен.

ҚҰРЫЛЫС ИНЖЕНЕРІНІҢ КИНОЛОГҚА АЙНАЛУЫ

Ит өсіру ермегін Жақып Есболаев 1996 жылы Алматы қаласындағы үйінде бастайды. Алғашқы жылы Кавказ төбеттерін асыраған. Бірақ бұл иттің тұқымы «шайпау, кеселді, үреген келеді екен де, екі-үшеуі маңайды азан-қазан қылатын» болған соң, біржола Орталық Азия төбеттерін өсіруге көшкен.

Ит асыраушы Жақып Есболаевтың төбеттері. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
Ит асыраушы Жақып Есболаевтың төбеттері. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
Жақыптың айтуынша, иттері көбейген соң, қаланың сыртынан арнаулы қора салған. Өйткені заң бойынша қалада алты иттен артық ұстауға болмайды. Биыл қар қалың, ауа-райы қолайсыз болған соң, 11 төбет (төртеуі ұрғашы төбет) пен бір күшікті уақытша Алматыға әкелген.

Жақып біз барғанда әр иттің тұмсығын ұстап, алақанымен сипалап көріп жүрді. Мұнысының мәнісін сұрап, сұхбатымызды бастап кеттік. Ол:

– Иттің ауырғанын танауынан білесің. Сау иттің тұмсығы салқын, әрі суланып тұрады. Егер ауырып тұрған болса, танауы құрғап кетеді және қызып тұрады. Мен күніне екі мәрте таңертең-кешке осылай тексеріп отырам. Егер ауыра қалған жағдайда, бірден екпелерін салып, ем-домын жасаймын, - деді.

Жақып Есболаевтың негізгі мамандығы – құрылыс инженері.

– Құрылыс саласындағы жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Жұмыс шыққан кезде жылына бір-екі мәрте құрылыс жасаймыз. Қалған уақыттағы ермегім - осы иттер, - деген ол «бір жыл арнайы кинолог мамандығы бойынша курстан өткенін» айтты.

«ИТ САТЫП МИЛЛИОНЕР БОЛҒАН АДАМ КӨРМЕДІМ»

Жақып Есболаевтың айтуынша, 17 жылдың ішінде ол мыңға тарта Орталық Азия төбеттерін өсіріп, таратқан. Біреулер қолқалап тегін алса, иттің жайын білетіндер «ырымын жасап» кетеді екен. Жақып Есболаевтан «Ит өсіру жеке ермегіңіз бе, әлде пайда көзі ме?» деп сұраған едік.

Ит асыраушы Жақып Есболаевтың ақ төбеті. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
Ит асыраушы Жақып Есболаевтың ақ төбеті. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
– Ит сатып миллионер болып кеткен ешкімді көргенім жоқ. Ол мүмкін де емес. Шынын айтқанда, бұлар өз шығынын өздері жауып тұрса, сол да жеткілікті. Ал мен бұны басында ермек ретінде бастадым. Қазір таза тұқымды Орталық Азия төбеттерінің жойылып кетпеуі үшін еңбектеніп жүрмін, - деді.

Жақыптың айтуынша, «күніне бір уақыт қана тамақтанатын иттердің әрқайсысына 4-5 килограмм тамақ қажет».

– Бұлар - жоғалып бара жатқан тұқым. Соны қалпына келтіру үшін қазір қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасап отырмын, - деген ол иттерді қалай сұрыптайтынын айтып берді.

– Бізге қазір саны емес, сапасы керек. Ең бірінші бұл иттер адамға зиян келтірмеулері керек. Яғни мінез-құлқы дұрыс болуы тиіс. Екіншіден, оның басының формасы, тістерінің тізбегі, тырнақтарының орналасуы мен көз қиығына дейін мән береміз, - дейді ол.

Жақыптың айтуынша көзі көкшіл немесе тұмсығы ақ, тырнақтары жатаған келген иттер таза тұқымға жатпайды. Ал сыртқы тұрқы келісіп тұрса да, мінезінде қорқыныш бар иттерді де асыл тұқымға қоспайды.

– Әрине бізде бұларды қасқырға апарып қосатын мүмкіншілік жоқ. Сондықтан өзі секілді төбеттермен таластырып сынаймыз, - дейді ол.

Туыстық жағынан бір-бірінен алшақ иттерді ғана үйіктіретінін айтқан Жақып «сол үшін жақында айырбас жасап, Тәжікстаннан бір төбет алдырдым» деді.

ТӨБЕТТІҢ ТОҒЫЗ БЕЛГІСІ

«Асыл тұқымды болу үшін қандай белгілері болуы шарт?» деген сауалға Жақып Есболаев:

Ит асыраушы Жақып Есболаевтың қара ала төбеті. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
Ит асыраушы Жақып Есболаевтың қара ала төбеті. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
– Ең бірінші, иттің 42 тісі болуы керек. Екіншіден, көзі қоңыр немесе қара болады. Үшіншіден, мойнының бұрышы иығынан 40-42 градус болып тұруы міндетті. Тұмсығы қара, ерні қалың және құлағы мен көзі бір сызықтың бойында орналасады. Бұған қоса, төбеттер адамға тек көзінің қиығымен қарайды. Ешқашан адамға тік қарамайды. Көз қуысының терең болып келуі де төбеттің өзіндік ерекшелігі. Бұған қоса астыңғы жағы шодырайып шығып тұрмауы керек, - деп санамалап айтып шықты.

Жақыптың айтуынша, ол жылына бір рет көрме өткізеді және бұл шара ит тұқымының тазалығын сақтау үшін керек. Өйткені көрмеге әскери кинологтар шақырылып, арнайы мамандардан комиссия құрылады. Олар иттерді сұрыптайды.

- Азаматтардың демеушілігімен жылына бір мәрте көрме өткіземін. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық ит келеді. Таза тұқымдыларын комиссия анықтайды. Төрелік әділ болу үшін комиссия мүшелерін сырттан шақыртамыз. Мәселен былтыр кинолог маманды Қырғызстаннан алдырдық. Биыл Шымкенттен шақыртып отырмыз, - дейді ол.

Жақып Есболаевтың айтуынша, көрмеде тұқым асылдандыру жұмыстары қатар жүреді. Ит өсірушілер алыстан келген тұқымы жақсы төбеттерді шағылыстыру үшін айырбастап та жатады.
Қазақстанда жергілікті ит тұқымдарына үкімет тарапынан қолдау, оларды сақтауға деген ешқандай ықылас-ниет жоқ.

Жақып Есболаев сөзінің соңында «Қазақстанда жергілікті ит тұқымдарына үкімет тарапынан ешқандай қолдаудың, оларды сақтауға деген ықылас-ниеттің жоқ екенін» айтты.

- Неміс овчаркасына қандай негізде қолдау көрсетілетінін білмеймін, бірақ оларға қаражат бөлінеді, - дейді Есболаев.

Әдетте үнемі байлауда немесе қамауда тұрған иттердің ызақор келетіні, сырт адамға үріп, шабаланып жататыны бар. Алайда Жақыптың иттерінен бұл мінезді аңғармадық. Оны Жақыптың өзі «таза тұқымды төбетке тән» деп түсіндірді. Мұндағы төбеттердің барлығының құжат, куәліктері бар.
XS
SM
MD
LG