Accessibility links

Украин белсендісі қысымға ұшырағанын айтады


Қазақстан халқы ассамблеясы жиынында президиумда отырғандар "Хабар" телеарнасы эфирінде. Астана, 20 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан халқы ассамблеясы жиынында президиумда отырғандар "Хабар" телеарнасы эфирінде. Астана, 20 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттыққа Украинадағы жағдай туралы сұхбат беріп, Ресейдің «агрессиялық саясатын» сынаған алматылық белсенді украин мәдени орталығынан қуылғанын айтады. Қазақстан халқы ассамблеясы оны жоққа шығарады.

Украинадағы оқиғаларға қатысты сұхбат беріп, журналистерге іс-сапар ұйымдастырған Алматыдағы «Просвита-Жетісу» украин мәдени орталығының бұрынғы төрағасы Денис Стадничук Қазақстан халқының ассамблеясы тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеді.

Наурыз айында орталығы Алматыда орналасқан «Просвита-Жетісу» украин мәдени орталығының сол кездегі төрағасы Денис Стадничук Азаттыққа Украина мен Қырымдағы жағдайға қатысты сұхбат берген болатын. Көп ұзамай ол бір топ қазақстандық журналистің Украина мен Қырымға барған сапарын ұйымдастырған.

Денис Стадничук осыдан бастап өзіне және жақындарына «Қазақстан халқы ассамблеясының» тарабынан («по линии Ассамблеи» – Д.С.) қысым сезе бастаған. Әуелі Украинада жүрген кезінде белгісіз адамдар әйеліне хабарласып, күйеуін Қазақстанға шақырып, тез қайтар деп үгіттеген.

«Отбасыма, аяғы ауыр әйеліме хабарласып, үш талап айтыпты. Біріншісі – менің Қазақстанға ұшақпен тез жетуімді талап еткен. Екінші талап – Украинада өзімнің, әсіресе ұйымның атынан ешқандай пікір, түсініктеме айтпау. Үшіншісі – сапарға байланысты түсініктеме жазу. Әйелім маған хат жазып, қатты алаңдап отырғанын айтты» дейді ол Азаттық тілшісіне.

Украина мен Қырымда шамамен 10 күннен астам уақыт болған соң елге оралған Денис Стадничук сәуірдің 12-сі күні төраға қызметінен кетуге «мәжбүр болғанын» айтады. Ол нақты «қысым жасағандардың» есімін атай алмайды, бірақ олардың «Қазақстан халқы ассамблеясынан» екенін ғана біледі.
«Жүрген жеріңді ұмытпа. Тек өзіңді емес, отбасың мен әйеліңді ойла, балаларыңды ойла» деп сәт сайын ескертіп отырды.
Денис Стадничук.


«Шенеунік ешқашан да қысымды өзі жасамайды. Өзім қатты сыйлайтын, қадірлейтін адам арқылы хабарласып, әрекеттерімнің «бұрыс екенін» өте жұмсақ формада ескертті. «Жүрген жеріңді ұмытпа. Тек өзіңді емес, отбасың мен әйеліңді ойла, балаларыңды ойла» деп сәт сайын ескертіп отырды. Мен ол адамды түсінемін, ассамблеяның айтқанын орындаудан басқа амалы жоқ екенін де білемін және кінәламаймын» дейді Стадничук.

Ол Азаттықта жарияланған сұхбатынан кейін өзіне қатысты шара қолдану туралы ассамблея тарабынан анық бұйрық болған сияқты деп пайымдайды.

«Қоғамда сөз бостандығы жоқ. Көп жағдайда адамдар өз аузын өзі буады. Бұған жиіркенішпен қараймын. Бұл – қоғамымыздың трагедиясы» дейді Денис Стадничук.

«Просвита-Жетісу» украин мәдени орталығына қазір Татьяна Криворучко жетекшілік етіп отыр. Орталыққа хабарласқанымызда телефон тұтқасын ешкім
Украин хоры. Алматы, 4 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украин хоры. Алматы, 4 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
көтермеді. Азаттық тілшісі осы жайтқа байланысты Қазақстан халықтар ассамблеясының Алматы облыстық бөлімшесіне хабарласқан еді. Бөлімшенің басшылығында қызмет атқаратын Ғабит Тұрсынбай Денис Стадничуктың ешқашан «Просвита-Жетісу» орталығын басқармағанын айтады.

«Денис Стадничук әрдайым Алматы қаласында тұрған. Ол ешқашан да Алматы облысы аумағында тұрып көрмеген және халықтар ассамблеясының мүшесі де болған емес. «Просвита-Жетісу» ұйымының жетекшісі Татьяна Криворучко болған және болады да. Криворучко – халықтар ассамблеясының мүшесі» дейді ол.

Бірақ жергілікті БАҚ-та осы орталықтың төрағасы ретінде Денис Стадничук көрсетілген ақпараттар жеткілікті болып шықты.

Әр уақытта жарияланған БАҚ деректері бойынша, 2004 жылы құрылған «Просвита-Жетісу» украин мәдени орталығы Қазақстан халқы ассамблеясының құрамында. Орталықта украин халқының мәдениетіне арналған түрлі шаралар өтіп тұрады.

Денис Стадничук наурыз айында Азаттыққа берген сұхбатында Украина мен Қырымдағы жағдайға тоқталып, Ресейдің «агрессиялық саясатын» айыптаған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG