Accessibility links

Қазақстан белсенділері «Орыс ұлтшылы» ісіне қатысын жоққа шығарады


Александр Белов-Поткин ұлтшылдар шеруінде жүр. Мәскеу, 4 қараша 2013 жыл.
Александр Белов-Поткин ұлтшылдар шеруінде жүр. Мәскеу, 4 қараша 2013 жыл.

«Қазақстанның конституциялық құрылымын өзгертпек болған» Ресей ұлтшылы Александр Поткин ісінің тергеуі аяқталды. Қылмыстық істе қазақстандық белсенділер де аталады. Ал олар Поткинмен байланысын жоққа шығарады.

Қазақстанда аса танымал емес Ресей ұлтшылы, осы елдегі заңсыз миграцияға қарсы «Русские» қозғалысы жетекшісі, Мәскеуде қамауда отырған Александр Белов-Поткинге қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. 100 томдық қылмыстық іс материалдарымен Поткин мен оның адвокаты танысуға кірісті. Поткиннің үстінен қозғалған істе қазақстандық бірнеше белсендінің аты аталады.

«БЕЙХАБАР СЫБАЙЛАСТАР»

Александр Белов-Поткиннің адвокаты Иван Миронов Азаттық тілшісіне Поткинге Ресейдің қылмыстық кодексінің 174 (Өзге адамдардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі немесе қаржысын заңдастыру), 280 (Ресей қылмыстық кодексінің конституциялық құрылым және мемлекет қауіпсіздігі негіздеріне қарсы қылмыстар тарауының экстремистік әрекеттерге жария түрде шақыру туралы бабы), 282-баптары (осы тараудың экстремистік қауымдастық құру туралы бабы) негізінде «Қазақстанның конституциялық құрылымын өзгертуді мақсат еткен экстремистік қауымдастық құрды» деген айып тағылып отырғанын хабарлады.

Оның айтуынша, істе қазақстандық белсенділер Бақытжан Төреғожина, Михаил Сизов, Жанболат Мамайдың есімдері аталады.

- Олар қылмыстың соңғы мақсатын білмейтін сыбайластар ретінде көрсетілген. Жалпы өйтіп қандай кезде көрсетеді? Қылмыс жасады деген күдіктілер тергеушілермен мәмілеге келіп, оларға көмектесуге келіскен кезде оларды «бейхабар сыбайластар» деп көрсетеді, - дейді.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, «Тергеу ісі бойынша Поткин Ресей мен Қазақстанның он шақты азаматы қатысқан халықаралық экстремистік қауымдастық құрған. «Қауымдастықты құрды» дегендердің ішінде тек Мұхтар Әблязов қана қамауда отыр. Қалғандарының барлығынан тергеуге шақырып, жауап алынған».

«СЕС КӨРСЕТУ» МЕН «ҚЫСЫМ»

Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина. Ақмола облысы, 23 тамыз 2015 жыл.
Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина. Ақмола облысы, 23 тамыз 2015 жыл.

Азаттық тілшісі Поткинге қатысты қылмыстық істе аттары аталды деген қазақстандық белсенділерге хабарласқан еді. Бақытжан Төреғожина өзінің Александр Белов-Поткинмен бір рет қана кездесіп, одан кейін онымен ешқандай байланысы болмағанын айтады.

- 2012 жылы «К-плюс» арнасының дөңгелек үстелдеріне қатысу үшін мені Мәскеуге шақырды. Дөңгелек үстел белгісіз себеппен болмай қалды. Алайда мен журналистерге сұқбат беріп қайттым. Сол кезде Белов-Поткинмен танысып, ол бізді Гарри Каспаров пен Алексей Навальныймен (Ресей оппозиционерлері – ред.) кездестірді. Болды. Сол кезден бері мен Поткинді көрген емеспін, онымен байланысым да жоқ, - дейді белсенді.

Бақытжан Төреғожина істе аты-жөнінің аталуын «сес көрсету және арандату» деп бағалайды.

- Оппозицияда жүрген 16 жылдан бері тек қана заң аясында қызмет етіп келемін, сондықтан мұндай әрекеттермен мені қорқытудың қажеті шамалы, - дейді Төреғожина.

Жанболат Мамай да өзінің Белов-Поткинмен 2012 жылы Алматыда кездескенін айтады. Мамаймен Поткин Жаңаөзендегі оқиға туралы әңгімелескен. Оның пікірінше, «бұл Қазақстан белсенділеріне Ресей тарапынан көрсетіп жатқан қысым болуы мүмкін».

- Мен үшін бұл күтпеген жағдай емес. Меніңше бұл Қазақстан емес Ресей билігі тарапынан көтерілген бастама болуы мүмкін. Өйкені біз Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) белсенді түрде қарсы шығып келеміз. Меніңше бұл ЕАЭО-ға қарсыларды Ресейге кіре алмайтындай, ал кірсек, түрмеге қамалатындай немесе қылмыстық іс қозғалатындай жағдайға жеткізудің амалы ма деп ойлаймын, - дейді Жанболат Мамай.

Азаматтық белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.
Азаматтық белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.

«Русские» қозғалысы жетекшілерінің бірі Александр Поткин 2014 жылы қазанның 15-і күні Мәскеуде Мұхтар Әблязов басқарған БТА банкіне қатысты іс аясында ұсталған еді. Оған «Өзге тұлғаның заңсыз жолмен тапқан мүлкін заңдастырды» деген айып тағылды. Осы жылдың аяғында Қазақстан бас прокуратурасы «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Поткинді қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша («әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру») айыптап отырғанын» хабарлады. 2015 жылдың тамыз айында Ресей билігі Поткинге экстремистік іс-әрекет жасауға жария түрде шақырды деген айып бойынша тағы бір іс қозғады. Одан кейін іле-шала (қыркүйекте – ред.) оған «Қазақстанның конституциялық құрылымын өзгертуді көздеді» деген жаңа айып тағылды.

Поткин адвокаты Миронов бұл айыптарды теріске шығарады. Оның сөзіне қарағанда, «Поткин жазды» деген «Жаңаөзен оқиғасына бір жыл толуына орай жаппай наразылық шарасына шығу, жанжал тудыру» туралы мәтіндерді басқа біреулер таратқан. Адвокат «Жалпы бұл іс Поткинді бақылаған Қазақстан азаматы арызынан кейін басталды. Ол Поткин әрекетінен Назарбаев режимине қарсылық көріп, шыдай алмай арыз жазған» дейді. Адвокат сөзінше, іс материалдарында «Мұхтар Әблязов қылмыстық істі тапсырушы, оны қаржыландырушы және рухани жетекші» ретінде аталған. Назарбаев режимін сынаушы Мұхтар Әблязов қазір Франция түрмесінде қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG