Accessibility links

Брюссельдегі жиында Қазақстандағы саяси тұтқындар сөз болды


Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп жариялаған адамдардың екеуі - Арон Атабек пен Владимир Козлов. (Фото коллаж)
Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп жариялаған адамдардың екеуі - Арон Атабек пен Владимир Козлов. (Фото коллаж)

Қаңтардың соңында Брюссельде Орталық Азия елдері азаматтық белсенділерінің форумы өтті. Жиынға қатысқан сарапшының сөзінше, онда Арон Атабек пен Владимир Козловтың жайы да айтылған.

Қаңтардың 25-29-ы күндері Бельгияның астанасы Брюссель қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан барған саяси белсенділер мен құқық қорғаушылар қатысқан форум өтті. Форумға Еуропа комиссиясы мен парламентінің депутаттары да араласқан. Жиында Орталық Азиядағы саяси-әлеуметтік ахуал, аймақтық интеграция жайы, өңірді басқа елдермен көлік және өзге де коммуникация байланысы сөз болды. Шара кезінде әсіресе бұл аймақтағы адам құқығы ахуалына баса мән берді.

Осы форумға қатысқан қазақстандықтардың бірі, саясаттанушы Талғат Мамырайымов Азаттыққа берген сұқбатында жиынның қалай өткені туралы әңгімеледі.

Азаттық: – Брюссельде өткен форумда Орталық Азияның қандай проблемалары көбірек сөз болды?

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов.
Саясаттанушы Талғат Мамырайымов.

Талғат Мамырайымов: – Бұл форумда Орталық Азиядағы саяси мәселелер, азаматтық белсенділікті дамыту және адам құқығы мәселесі, Орталық Азия елдерінің Еуропа Одағының (ЕО) осы мәселелер бойынша құрылымдарымен байланысы туралы сөз болды. ЕО-ның осы салада белсенді жұмыс істейтін шенеуніктерімен кездестік. Оның ішінде Еуропа парламенті депутаттары мен Орталық Азия бойынша жауапты өкілдері, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі болды.

Орталық Азия бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан адам құқығын қорғаушылар мен саясаткерлер барды. Тек Түрікменстаннан ешкім барған жоқ. Өзбекстан атынан барғандар – кезінде ол елде саяси қуғынға ұшырап, қазір Еуропада тұратын саясаткерлер. Қырғызстаннан бір құқық қорғаушы, Қазақстаннан үш өкіл бардық. Соның ішінде Ғалым Ағелеуов адам құқығы мәселесін көбірек қозғады. Ал мен саясаттанушы ретінде Қазақстандағы қазіргі саяси ахуал туралы көбірек айтуға тырыстым.

Азаттық: – Сіздер сөйлескен ЕО шенеуніктері Қазақстандағы қазіргі саяси ахуалды қаншалықты біледі екен?

Орталық Азия елдері басшыларының «демократиялық қоғамға біртіндеп, сатылап көшетіні» жөнінде әрдайым айтып келе жатқан мәлімдемелері негізінен жағымды образ қалыптастыру үшін ғана айтылатынын ұғындыруға тырыстым.

Талғат Мамырайымов: – Олар «Орталық Азия елдерінің жетекшілері ашық экономика, ашық қоғам құруға мүдделі ме?» деген сұрақты көбірек қойды. «Шын мәнінде мүдделі болуы екіталай» деп жауап бердім. Орталық Азия елдері басшыларының «демократиялық қоғамға біртіндеп, сатылап көшетіні» жөнінде әрдайым айтып келе жатқан мәлімдемелері негізінен жағымды образ қалыптастыру үшін ғана айтылатынын ұғындыруға тырыстым. Бірақ олардың ішінде бұл пікірмен келіспегендері де болды. Сондықтан кей ретте Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы саяси жағдайды жете түсінбейтіндей көрінді. Әсіресе Орталық Азия жетекшілері ашық экономика құруға ынталы деп санайтын секілді. Әрине, кейбір экономикалық мәселелерде олармен келісуге болатын шығар, бірақ оның әрбірін жеке талқылап, астарына үңілу керек.

Азаттық: – Жиында Қазақстандағы саяси тұтқындар мәселесі айтылды ма?

Талғат Мамырайымов: – Адам құқығын алдыңғы кезекте қоямыз деп санайтын ЕО өкілдерімен бірінші кезекте саяси тұтқындар мәселесі сөз болды. Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған Арон Атабек, Жаңаөзен оқиғасы бойынша қамауда отырған Владимир Козлов, тіпті таяуда ғана сот процесі жүрген Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин жайы айтылды. Соңғы кездері азаматтық белсенділерді қуғындау оқиғасы көбейгені сөз болды. Осы форум кезінде ЕО-ның лауазымды тұлғалары бұл мәселеге байланысты Қазақстан билігіне ықпал етуге тырысатынын айтты.

Азаттық: – Астана ЕО өкілдерінің Қазақстандағы адам құқығы жайлы пікірлерін назарға ала ма?

Талғат Мамырайымов: – 2015 жылдың соңына қарай Қазақстан ЕО-мен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл – ЕО мен Қазақстан арасындағы байланысты бұрынғыдан әлдеқайда тереңдетуге тиісті стратегиялық маңызы бар құжат. Құжатты қабылдап қоя салмай, екі тарап ондағы міндеттемелерді де жүзеге асыруы тиіс. Сол себепті ЕО Қазақстаннан адам құқығын сақтауды талап етуіне болады. Менің байқауымша, ЕО-ның Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен де тікелей байланыс орнатуға ықыласы бар. ЕО ТМД елдерінің ішінде Грузия, Молдова, Украинамен арадағы қатынасын жаңа деңгейге көтеріп, «жол картасын» жасады. Мұндай мүмкіндікті Қазақстан тиімді пайдаланса, азаматтық қоғамды дамытуға мүмкіндік көбейер еді.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG