Accessibility links

Зейнеткер «Беларусь не Ресейдегідей» өмір сүргісі келеді


Қарағанды облысы музейі ғимараты алдындағы адамдар. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысы музейі ғимараты алдындағы адамдар. (Көрнекі сурет)

Қарағандыдағы ардагерлер ұйымдары жергілікті билік пен кәсіпкерлерді зейнеткерлерге арналған қайырымдылық акциясын өткізуге шақырады. Билік олардан ресми өтініш күтіп отыр.

«ЗЕЙНЕТАҚЫҒА КҮН КӨРУ ЕМЕС, ӨМІР СҮРУ КЕРЕК»

78 жастағы Виктор Чайка – Қарағандыда 80 мыңдай теңге (шамамен 237 доллар) зейнетақы алатын санаулы зейнеткерлердің бірі. Оның 75 мыңын мемлекет, ал бес мың теңгсін «Шахтер даңқы» төс белгісінің үш мәрте иегері ретінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы төлейді. Қария зейнетақым аз деп шағымданбайды. Ол «бұл ақшаға өмір сүруге болады, оның үстіне, ұлдарым қарайласып тұрады әрі саяжайымның арқасында көкөніс, жеміс сатып алуға ақша жұмсамаймын» дейді.

Бірақ зейнеткерлердің көбі, оның ішінде қарағандылық қарттар 35-40 мың теңге (шамамен 90-120 доллар) зейнетақы алады. Жуырда Қарағандыдағы ардагерлер ұйымдары жасы ұлғайған зейнеткерлердің толып жатқан проблемаларын қозғап, оларға жеңілдіктер қарастыру қажет деп мәлімдеді. Олардың ішінде шахтерлер, энергетиктер, металлургтер, мұғалімдер, ауған соғысы ардагерлері және өзге қарттар бар.

Виктор Чайка қазіргі қымбатшылық жайлаған заманда зейнеткерлер кемі 70 мың теңгеден (208 долларға жуық) асатын зейнетақы алуы тиіс деп санайды.

Біз еңбек ардагерлері Еуропадағыдай болмаса да, тым болмаса Беларусь пен Ресейдегі сияқты өмір сүруге қол жеткізгіміз келеді. Ресейде 75 жастан асқан зейнеткерлер коммуналдық қызмет ақысын төлеуден босатылған. Атаулы көмек көрсетілгені жақсы болар еді, бірақ ондай қолма-қол ақша сұрағаннан қайыр жоқ екенін білеміз.

- Өзге зейнеткерлердің қалай қиналып жүргенін көріп жүрмін, сондықтан бұған бейжай қарай алмаймын. Бүкіл проблемаға атүсті қарайтындарына ашуым келеді. Зейнеткерлер қашанғы өлместің күнін кешеді, олар да дені дұрыс өмір сүруі керек қой. Біз еңбек ардагерлері Еуропадағыдай болмаса да, тым болмаса Беларусь пен Ресейдегі сияқты өмір сүруге қол жеткізгіміз келеді. Ресейде 75 жастан асқан зейнеткерлер коммуналдық қызмет ақысын төлеуден босатылған. Атаулы көмек көрсетілгені жақсы болар еді, бірақ ондай қолма-қол ақша сұрағаннан қайыр жоқ екенін білеміз. Сондықтан қайырымдылық акциясын өткізіп, жасы 75-80-нен асқан зейнеткерлерге жеңілдікпен қызмет көрсетуді ұсынамыз, - дейді Виктор Чайка Азаттыққа.

Қазір ол «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясына қарасты көмір департаменті ардагерлері кеңесі» қоғамдық ұйымын басқарады. Ұйымда 15 мың зейнеткер бар, олардың бәрі - көмір өнеркәсібі жүйесінің кезінде АМТ сатып алған шахта, кәсіпорындарының бұрынғы жұмысшылары. Қалалық ардагерлер кеңесі дерегінше, Қарағандыда тұратын 77 мың зейнеткердің 25 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Шахтерлердің 40 пайызға жуығы 35-40 мың теңге зейнетақы алады. Зейнет демалысына 2000 жылдан кейін шыққандардың зейнетақысы бұдан көбірек.

ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖАЙЛЫ ӨТІНІШ

Қарағандының ардагерлер ұйымдары зейнеткерлердің бәріне бірдей шапағат көрсетуді емес, 75-80-нен асқан қарттарға ғана жеңілдік сұрайды. Зейнеткерлердің сөзінше, қазіргі зейнетақы мөлшері зейнеткерлердің шығындарын өтей алмайды. Бұдан бөлек, Виктор Чайканың айтуынша, жасы ұлғайған зейнеткерлердің көп проблемасын шеше алатын «Еңбек ардагерлері туралы» заң қабылдау қажет. Ардагерлер «қайырымдылық акциясын» ұйымдастыруды сұраған өтініштерін жергілікті билік мен коммерциялық ұйымдарға жолдамақ.

Ардагерлер жасы 80-нен асқан зейнеткерлердің қала автобустары мен маршруткаларында тегін жүргенін қалайды, жеке тұратын зейнеткерлерге жылу ақысын азайтып, электр қуатын тұтыну нормасын 80 киловаттан 120-ға дейін өсіруді сұрайды. Бұған қоса, ардагерлер 75 жастан асқан зейнеткерлерге емханаларда физиопроцедураларға 50 пайыздық жеңілдік, ал 80 жастан асқан адамдарға бұл қызметті тегін көрсетуді сұрайды. Айтпақшы, мұндай бір процедураның бағасы 500-1000 теңге (әдетте науқастарға мұндай5-10 процедура қажет) тұрады. Зейнеткерлер тіс емдетіп, протез салуға да тым болмаса 30-40 пайыз жеңілдік беру туралы да өтініштерін айтты.

Біз әр зейнеткер қызмет ақысын төлеуден жылына 50 мың теңгедей үнемдесе деп ойлаймыз. Мұны шамалап есептедік. Сондықтан қазір проблемаларымызды мәлімдеп жатырмыз.

- Біз әр зейнеткер қызмет ақысын төлеуден жылына 50 мың теңгедей үнемдесе деп ойлаймыз. Мұны шамалап есептедік. Сондықтан қазір проблемаларымызды мәлімдеп жатырмыз. Біреуі болмаса, біреуі шешіліп қалар. Енді билікке жүгінеміз. Биыл кей кәсіпкерлер бір бөлке нан, бес жұмыртқа, екі килограмм ұн тегін таратып жатыр. Оларға бұл үшін үлкен рахмет! «Корзина» сурепмаркеті өз қиындықтарына қарамастан, бізге жеті пайыздық жеңілдік жасап отыр. Ал үкімет қайда сонда, мына проблемаларды көрмей ме? – дейді Виктор Чайка.

Еңбек ардагерлері «қайырымдылық акциясына» қатысуға келісім беретін коммерциялық ұйымдар үшін салықты жеңілдікпен төлеу жүйесі қарастырылуы тиіс деген мәселе де көтермек. Зейнеткерлер негізгі көмек ретінде жолақыны азайтуды айтады, олар «ондай жағдайда зейнеткерлер әжептәуір ақша үнемдеп қалар еді» деп санайды.

«ӨЗ ЕСЕБІМІЗДЕН ТАСИ АЛМАЙМЫЗ ҒОЙ»

Негізі зейнеткерлер үшін тегін жол жүру қарастырылмаған. Бірақ Қарағандыдағы жолаушы тасымалдайтын ең ірі компаниялардың бірінің директоры егер мемлекет қаржыландырса, зейнеткерлер үшін кез келген жеңілдік бағдарламасын қарастыруға болады деп санайды. Қарағанды іші мен қаладан тысқары жерлерге жолаушы тасымалдайтын №3 автопарк директоры Артур Григорян Азаттыққа:

Бірақ оларды өз есебімізден біз де тегін таси алмаймыз. Онсыз да мойнымызда әлеуметтік жауапкершілік жетеді. Қазір дағдарыс, миллиондаған шығынға батып жатырмыз, ал оны бізге ешкім өтеп бермейді.

- Біз оған қарсы емеспіз ғой, тек қаржы керек. Біз де адам баласымыз ғой, зейнеткерлердің кім екенін білеміз, біздің де мойнымызда азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік бар. Бірақ оларды өз есебімізден біз де тегін таси алмаймыз. Онсыз да мойнымызда әлеуметтік жауапкершілік жетеді. Қазір дағдарыс, миллиондаған шығынға батып жатырмыз, ал оны бізге ешкім өтеп бермейді. Көп ұзамай дағдарыс аяқталатын шығар деп үміттенеміз. Қазір қатаң үнемге көшіп жұмыс істеп жатырмыз, - дейді.

Бірақ оның айтуынша, қазір Қарағандыда арнайы әлеуметтік бағдарламалар бар: жасы келген зейнеткерлер үшін жолақы өзге жұрт сияқты 80 теңге емес, 50 теңге, ал тұрмысы нашар әрі зейнетақысы 18,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен аспайтын зейнеткерлер автобуспен тегін жүреді. №3 автопарк директорының айтуынша, бұл мемлекет есебінен қаржыландырылады, бірақ бөлінетін ақша аз.

Қарағанды облысы әкімдігі Азаттыққа ардагерлерден ресми өтініш күтіп отырғандарын айтады.

- Әзірше ешқандай комментарий бере алмаймыз, өйткені олар [ардагерлер ұйымдары]жергілікті билікке енді ғана хат жолдағалы жатыр. Комиссия құрылып, оны жеке қарайтын болады. Біз комиссия шешімі шыққаннан кейін ғана бірдеңе айта аламыз. Ал әзірше олардан ресми хат алған жоқпыз, ешқандай сауал, өтініш түскен жоқ, - дейді облыс әкімі баспасөз қызметі өкілдері.

XS
SM
MD
LG