Accessibility links

Үшінші сессия несімен есте қалды?


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы. Астана, 15 маусым 2018 жыл.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы. Астана, 15 маусым 2018 жыл.

Маусымның 28-і күні алтыншы шақырылымдағы парламент үшінші сессиясын аяқтап, депутаттар демалысқа шықты. Өткен күзден бері парламент қабылдаған бірқатар даулы заңдар арасында Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмірінің соңына дейін басқаруға құқық беретін заң да бар.

АТАМБАЕВПЕН СӨЗ ТАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ СҰХБАТЫ

Конституция бойынша, парламент Қазақстандағы дербес билік тармақтарының бірі болып саналады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин маусымның 27-сі күні өткен парламенттің соңғы отырысында "Бұл сессия Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәжіліс алдына қойған маңызды міндеттері мен тапсырмаларын орындауға арналған" деп мәлімдеді.

Парламент депутаттары аяқталып отырған сессия кезінде Қазақстан президентінің тапсырмаларын заң шығарумен ғана орындамай, оның жеке басын сөзбен қорғауға да дайын екенін аңғартты. 2017 жылы күзде Қырғызстандағы президент сайлауы қарсаңында Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтқан сындарына Қазақстан парламентінің спикерлері жауап қатып, жұрт назарына ілікті.

Оқи отырыңыз: Атамбаевтың сынына Қазақстандағы пікір әртүрлі

Назарбаевты "жасы келген диктатор" деп сипаттаған Атамбаевты Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев "көршілердің татулығына зиян тигізетін лас шабуыл" деп сөгіп, "Атамбаевтың психикалық ауруға шалдыққаны" туралы айтса, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Атамбаевтың сөзін "жауапсыздық және популистік" деп атаған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) "Нұр Отан" партиясының съезінде. Оның қатарында тұрған - сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 11 ақпан 2011 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) "Нұр Отан" партиясының съезінде. Оның қатарында тұрған - сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 11 ақпан 2011 жыл.

Бұл сөздерге Атамбаев Тоқаев пен кейбір министрлерін "қожайынының айтқанын бұлжытпай орындауға дайын қосшы" деп атап, жауап қайтарған. Бұл дауға араласқан қазақстандық парламент депутаттары да Атамбаевты сөкті.

Қазақ-қырғыз билігінің дауы өршіген тұста Қазақстан президентінің үлкен қызы, сенат депутаты Дариға Назарбаева "қазақстандықтар билігі орныққан, саясаты тұрақты, барлығын болжауға болатын елде "үлкен бақытқа" - өмірін жоспарлау мүмкіндігіне ие болып отыр" деген пікірімен есте қалды. Дариға Назарбаева әкесінің жарлығымен 2016 жылғы қыркүйекте парламент сенатының депутаты болып тағайындалған.


Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің үшінші сессиясы аяқталар қарсаңда, 2018 жылдың маусым айында көпшілік назарын тағы аударды.

Тоқаевқа британдық ВВС телеарнасына берген сұқбатында "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтетін сайлауға қатыспауы мүмкін" деген сөзін кейін бірнеше рет түсіндіруге тура келді. Өйткені қоғамда "Дипломатиялық тәжірибесі мол Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірді өзі айтты ма, әлде жоғарыдан тапсырма болды ма?" деген сұрақ төңірегінде түрлі пікірлер айтылған еді.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың топшылауын әртүрлі бағалады

ПАРЛАМЕНТ ҚАБЫЛДАҒАН ДАУЛЫ ЗАҢДАР

2017 жылы қыркүйекте Қазақстан парламенті үшінші сессия жұмысын бастаған кезде латын әліпбиі туралы тыңдау өткізіп, талқылаған жобасы даулы пікірлердің нысанасына айналды. Бір дыбысты екі әріппен белгілейтін диграфты әліпбиді депутаттар қостағанымен, қоғамд қарама-қайшы пікір туды.

Парламентте таныстырылған қазақ тілінің латын әліпбиі.
Парламентте таныстырылған қазақ тілінің латын әліпбиі.

Жобаны парламентте таныстыруға қатысқан кейбір зерттеушілер кейін өздеріне қысым жасалғаны, парламентте кеңінен талқыланады деген үміттерінің ақталмағаны туралы айтқан болатын.

Алайда парламентте таныстырылып, президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып бекіткен әліпби нұсқасы көп ұзамай тағы өзгерген. Келесі жолы жоба парламент талқылауына берілмеді.

Оқи отырыңыз: Билік бекіткен жаңа әліпби нұсқасын сынаушы көбейді

Парламент қабылдаған құжаттар арасында қоғам назары көбірек ауған бірнеше заң жобасы болды. 2017 жылы қыста қабылдаған БАҚ туралы заң жобасын Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "барша БАҚ өкілдері қолдағанын" мәлімдегенімен, даулы жобамен келіспей, қарсы пікір айтқандар да болды.

Полиция қызметкерлері "жер мәселесіне" қатысты қарсылық шеруінен хабар әзірлеп жүрген журналисті ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.
Полиция қызметкерлері "жер мәселесіне" қатысты қарсылық шеруінен хабар әзірлеп жүрген журналисті ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Өткен жылы желтоқсанда даулы заң жобасын Мәжіліс мақұлдағаннан кейін бірқатар журналистік ұйымдар Сенатқа үндеу жолдап, "репрессивті сипаттағы және елдегі журналистердің құқығын шектейтін, сөз бостандығына қатысты халықаралық стандарттарға қайшы" келетін заң жобасына вето қоюын сұрап, президент Назарбаевқа үндеу жолдаған. Жыл соңына қарай Назарбаев құжатқа қол қойып, заң күшіне енген.

Парламент мақұлдаған жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да 2016 жылы көктемдегі жер митингілеріне кейін пайда болған еді. Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий жариялап, жерге қатысты заңдарға өзгеріс енгізіледі деген биліктің уәдесінен кейін қоғамда осы заң арқылы мәселе шешіледі деген үміт аңғарылған. Бірақ бұл заң да кереғар пікір туғызды.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы шеруде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы шеруде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жер мәселесіне байланысты 2016 жылғы толқудан кейін үкімет жанынан құрылған жер комиссиясының мүшелері "жер қатынастарын реттеуге арналған өзгерістер мен толықтыруларды" дұрыс деп санаса, "қарсылық кезінде халық көтерген екі негізгі мәселе: жерді сатпау және шетелдіктерге 25 жылға жалға бермеу мәселесі қамтылмады" деп оған наразылық білдіргендер де болды.

Оқи отырыңыз: Жерге қатысты заңда толқу талабы орындалды ма?

Жер комиссиясының кей мүшелері "бұны осы заңға кіргізу мүмкіндік болған жоқ, себебі оған ең жоғары дәрежеде қабылданған саяси шешім керек" деп мәлімдеп, жұртшылық күткен мәселеге байланысты арнайы заң қабылдауға шақырды.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ӨМІРЛІК БАСШЫСЫ

Конституцияның баптарына бұған дейін де Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізген парламент Назарбаевтың жеке басына қатысты кезекті заң қабылдады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

2018 жылғы мамырдың соңында Қазақстан парламенті қабылдаған Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығын беретін заңға сәйкес, аталған кеңес консультативтік органнан конституциялық органға айналатын болды. Маусымның 28-і күні Қазақстан Конституциялық кеңесі "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңды Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.

Қоғамда жиі талқылаған бұл заңды кей сарапшылар билік транзитіне арналған заң деп бағалады. Аталған заң бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті қызметінен кеткенімен, құрамына келесі президент те кіретін Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқара бермек.

"ҚАУЫРТ ЖҰМЫС ІСТЕДІК"

Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің Азаттық тілшісіне айтуынша, алтыншы шақырылымдағы парламенттің үшінші сессиясы "қауырт жұмыс істеген".

"Қазақстанның халықтық коммунистік партиясынан" парламентке сайланған жеті депутаттың бірі Владислав Косарев заң шығару органында өзге партиялармен өткір пікірталасқа түскенін айтады.

Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.
Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

- Журналистерге парламентте біздің жаға жыртысып жатқанымыз керек сияқты, біз олай етпейміз. Дауласатын сәттеріміз жеткілікті, бірақ бәрін түсіністікпен шешеміз, - дейді ол.

Демалысқа шыққан соң халықпен кездесуге баратынын айтқан Косарев өзі мүше саяси ұйымды "парламенттегі оппозициялық партия" деп атайды. Алайда кей сарапшылар қазіргі парламентте биліктің сөзін сөйлейтін партиялар ғана отыр деп біледі.

Уәлихан Қайсаров.
Уәлихан Қайсаров.

Бұрынғы Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров парламенттің биылғы және бұрынғы жұмыстарын бақылап жүргенін айтады. Оның пікірінше, парламент "бұрынғысынша билік ұсынған заң жобаларын қабылдаумен ғана шұғылданады, өздігінен белсенділік көрсете алмайтын, саяси еркіндігі жоқ" орган күйінде қалып отыр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің хабарлауынша, үшінші сессия барысында Мәжіліс 128 заң жобасын қарап, оның 91-ін мақұлдаған, Алайда парламент сайтындағы ашық деректе, Мәжіліс бекітіп, Сенатқа жолдаған заң жобасының саны 86 деп көрсетілген. Кей күндері Мәжіліс депутаттары бір күнде алты заң жобасын қабылдап, Сенатқа жөнелткені тіркелген. Мәжіліс маусымның 27-сі өткен соңғы отырысында да үш заң жобасын мақұлдады.

Видео: Депутаттар жұмысына көңіліңіз тола ма?

Депутаттар жұмысына көңіліңіз тола ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:39 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG