Accessibility links

Тұңғыш президент атындағы алаң – туған күніне тарту ма?


Қазақстан тұңғыш президентінің құрметіне аталатын жаңа алаңда жүрген адамдар. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 6 маусым 2018 жыл.
Қазақстан тұңғыш президентінің құрметіне аталатын жаңа алаңда жүрген адамдар. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 6 маусым 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласының бас алаңын тұңғыш президенттің құрметіне атауды ұйғарған. Әкімдік қаулысы мен мәслихат шешімі әзірше күшіне енген жоқ, бірақ аймақ әкімдігінің ресми сайтында алаң қазірдің өзінде жаңа атаумен көрсетілген.

ЕКІ ЫҚШАМ АУДАННЫҢ АРАСЫ

Орал қаласының жаңа ауданындағы атауы жоқ алаңды "тұңғыш президент" құрметіне атау шешімін Батыс Қазақстан облысы билігі мамырдың 31-і күні қабылдаған. Ресми дерекке сәйкес, аумағы жеті гектар алаң құрылысына 1,5 миллиард теңге (қазіргі айырбас бағамы бойынша 4,5 миллион долларға жуық) жұмсалған. Облыс әкімі Алтай Күлгінов пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар қол қойған құжатта Оралдың бесінші және жетінші ықшам аудандары арасындағы жаңа алаң "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті" алаңы деп аталатын болды деп көрсетілген.

Шешім ресми түрде әзірше күшіне енген жоқ. Мәслихат өкілдері Азаттыққа "құжаттарды әділет департаменті қарап жатыр, сосын шешім жобасы республикалық құқықтық ақпарат орталығына жолданып, кейін нормативті-құқық актілері базасына енгізіледі, сосын жарияланады" деп түсіндірді.

Қазақстанның тұңғыш президенті құрметіне аталатын алаң. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 6 маусым 2018 жыл.
Қазақстанның тұңғыш президенті құрметіне аталатын алаң. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 6 маусым 2018 жыл.

Облыс мәслихаты мен әділет департаменті өкілдері Азаттыққа алаң жаңа атауын ресми түрде дәл қашан иеленетінін айта алмады. Жергілікті мәслихаттың бас маманы Ұлжан Қысметова шешім елде Астана күні тойланатын әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – шілденің 6-сына дейін күшіне енетін шығар деп "үміттенетінін" айтты.

Назарбаевтың есімі берілген нысандар

2017 жылы Астана күні қарсаңында Қазақстан үкіметі Астана әуежайын "Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы" деп атау туралы қаулы қабылдаған болатын.

2017 жылы Тұңғыш президент күні қарсаңында Алматы билігі Фурманов атындағы орталық көше атауын Назарбаев даңғылы деп өзгерткен.

Қазақстанның бірнеше қаласында әр жылдары тұңғыш президент саябақтары ашылған, Астанада тұңғыш президент мұражайы жұмыс істейді. Елде Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері бар.

Назарбаевтың өзі атауларды оның құрметіне өзгертуге қарсы екенін талай мәрте айтқан, бірақ президент туралы фильмдер түсіріп, оған ескерткіштер орнату әлі жалғасып келеді.

Ал облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында Оралдағы жаңа алаң шешім күшіне енбей жатып "тұңғыш президент" құрметіне аталған алаң ретінде көрсетілген. Маусымның 4-і күні жарияланған хабарламада жаңа алаңда "үш мыңдай мектеп оқушылары қатысқан" парад өтті деп жазылған.

БИЛІКТІ АШЫҚ ТЫҢДАУДЫ "ҰРЛАНЫП" ӨТКІЗДІ ДЕП АЙЫПТАЙДЫ

Алаң атауын өзгерту туралы шешім қабылдамас бұрын заң міндеттейтін процедура – ашық тыңдау, мәслихат сайтындағы ақпаратқа сәйкес, қаңтардың 11-і күні өткен.

"Ашық тыңдауға қатысқан азаматтар жаңа алаңға "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті алаңы" атауын беру жөніндегі ұсынысты қолдады" делінген Орал қаласы әкімі Мұрат Мұқаевтың ұсынысы бойынша өткен тыңдау хаттамасында. Мәслихаттың нормативті-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы қала тұрғындарының "пікірін ескеруге" қаулы еткен.

Аймақтық "Уральская неделя" қоғамдық-саяси газетінің редакторы Лұқпан Ахмедияров алаң атауына қатысты мәселені талқылаған ашық тыңдауды "ұрланып" өткізген деп санайды.

"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров. Орал, 7 маусым 2018 жыл.
"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров. Орал, 7 маусым 2018 жыл.

- Билік ашық тыңдауды әлгі алаң маңындағы екі-үш көше тұрғындарымен өткізе салған, осылайша процедура талабын қағаз жүзінде орындаған. Тыңдау өтетіні туралы хабарландыруды әкімдікке қарасты екі газет жариялады. Тыңдау хаттамасында дауыс бергендердің саны да, аты-жөні де жоқ. Бұл барып тұрған "қитұрқылық". "Сіздің саясатыңызды қолдаймыз" деп президенттің көзіне түсіп қалу амалы. Депутаттар мен шенеуніктердің өзгелердің, оның ішінде менің де пікірімді жамылып, елде жеке басқа табынушылық орнатқанына қала тұрғыны ретінде үзілді-кесілді қарсымын, - дейді Ахмедияров.

Оқи отырыңыз: Басшы есімін беру дәріптеу амалына айналды

"МҮЛДЕ ДАУЛАСА АЛМАЙСЫҢ"

Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянына провинциялық Оралдың мүлде қатысы жоқ деуге болады. Президент қалада жұмыс сапарымен ара-тұра болып тұрады. Соңғы рет мамырдың 15-інде барған кезде Назарбаевтың құрметіне атауды ұйғарған әлгі алаңда президенттің "жергілікті халықпен кездесуі" ұйымдастырылған. Назарбаевтың аймаққа жасаған әр сапары туралы естелік Қазақстанның тұңғыш президентіне арналған жеке залы бар облыстық өлкетану мұражайында сақталады.

Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған экспозициялар. Орал, 6 маусым 2018 жыл.
Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған экспозициялар. Орал, 6 маусым 2018 жыл.

Оралда жергілікті билік өкілдері алаңды тұңғыш президент құрметіне атауды дұрыс шешім деп санайды. Бірақ үш ай ғана бұрын президент қарамағындағылардан Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратын (1997 жылы мемлеке астанасын оның жарлығымен Алматыдан кейінірек атауы Астана деп ауыстырылған Ақмолаға көшірген; қаланың архитектуралық келбетін құрастыруға Назарбаевтың өзі қатысқан) қалаға қатысы жоқ адамдардың есімімен аталған Астана көшелері атауын өзгертуді өтінген.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың Мұхамедханов туралы сөзін әрқилы топшылайды

- Егер алаңды Назарбаевтың өз есімімен атаса, бұған мен де іштей қарсы болар ма едім! Мысалы, неге тірі адамның есімін беруге тиіспіз? Ал алаңды Қазақстанның тұңғыш президенті есімімен атағандықтан, бұл жерде мүлде дауласа алмайсың. Бәрі заңға сыйымды болып тұр, - дейді Орал қалалық мәслихатының депутаты әрі хатшысы, бұған қоса, қалалық қоғамдық кеңес президиумы мүшесі Аққали Әубәкіров.

- Алаңға тұңғыш президент есімін беру шешімін қоғамдық кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады. Негізі, президенттің халыққа сіңірген еңбегі ерен ғой. Мен бұл дұрыс шешім болды деп санаймын, - дейді Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов Азаттыққа.

Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов. Орал, 12 маусым 2018 жыл.
Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов. Орал, 12 маусым 2018 жыл.

Жаңа алаңға қатысты билік шешімін құптамайтындар да бар. Facebook желісінде билікті сынаған постарымен танылған жергілікті блогер Айболат Бөкенов Оралдағы алаң атауына қатысты берген комментарийінде:

- Елде, оның ішінде біздің аймақта Назарбаевтан басқа да лайықты ұлы тұлғалар көп. Алаң салынған әлгі ықшамаудан мен алаңда орналасқан мәдениет және өнер орталығы ақын Қадыр Мырза Әлидің атында. Сондықтан алаңды неге оның есімімен атамасқа? Ол кісі осы жерде туған. Депутаттар мұндай шешімдерді қабылдамас бұрын сайлаушыларымен ақылдасып алу тиіс еді, - дейді.

НАЗАРБАЕВ "ҚАРСЫ", БІРАҚ АТАУ ӨЗГЕРТУ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Нұрсұлтан Назарбаев өз құрметіне нысандарды атауға қарсы екенін бірнеше мәрте айтқан. Екі жыл бұрын Қазақстан парламенті депутаттары Астана қаласын Назарбаевтың құрметіне атауды ұсынған. Назарбаев адам ретінде мұндай ықылас-пейіл өзіне "ұнайтынын" айтқан, бірақ іле-шала ол "бұл менің бастамам емес" деген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл (бұрынғы Фурманов көшесі) бойындағы ғимараттағы көше атауы жазылған тақтайша. Алматы, 30 наурыз 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл (бұрынғы Фурманов көшесі) бойындағы ғимараттағы көше атауы жазылған тақтайша. Алматы, 30 наурыз 2018 жыл.

Назарбаев өз есімінің "нұр" деген сөзден тұратын бөлігі пайдаланылған атаулардың қаптап кетуіне қарсы екенін де жария түрде білдірген. Бірақ "нұр" сөзін мемлекеттік бағдарламалар мен бизнес орталықтары, қонақүйлер мен вокзалдардан бастап мешіттерге дейінгі нысандардың атауына бәрібір қосып қояды.

Өткен жылдың аяғында Алматыдағы Фурманов көшесі атауын ауыстырғаннан кейін Назарбаев қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында өз есімін бұлайша "мәңгі есте қалдыруға" қарсы екенін тағы айтқан.

"Әрине, жарлық шығарып, бұған тыйым сала аламын. Барша қазақстандықтарға осы жерде ашық айтайын: бұлай істеудің керегі жоқ... Керек емес. Тарихта өз ісіңмен қалуың керек" деп мәлімдеген ол. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев атауларды бұлай ауыстыруға тыйым салатын жарлық шығарған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан басқарып отыр. Құқық қорғаушылар ол құрған жүйені өзгеше ой-пікірді басып-жаншып, адамдардың негізгі бостандықтарын шектейді және түрмеде саяси тұтқындар ұстап отыр деп сынайды. Назарбаев бұған дейін көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде Қазақстанның демократияға бастар өз жолымен біртіндеп алға жылжитыны туралы мәлімдеген болатын.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG