Accessibility links

Орал өңірінде тасқын су бірнеше ауылды басып қалды


Батыс Қазақстандағы тасқын су басқан ауылдардың бірі. 11 сәуір 2011 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Батыс Қазақстандағы тасқын су басқан ауылдардың бірі. 11 сәуір 2011 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Батыс Қазақстанда тасқын салдарынан бірнеше ауылды су басып, жүздеген отбасы басқа жерге көшірілді. Қариялар бұндай апаттың 54 жылдан бері болмағанын айтады.


Батыс Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдай жарияланды. Қазір облыстың екі ауданындағы 13 ауыл суға кеткен.

Орал өңіріндегі тосын жағдаймен танысуға келген Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко суға кеткен елді мекендерді әуеден барлап, тікұшақпен шарлады.

Ресми орындардың деректері бойынша, қазір 570 үйге су кірген. Әзірге адам шығыны жоқ, ұсақ малдан аздаған шығыны болған.

Тасқын судан төнген қауіп алыстағы аудандар ғана емес, облыс орталығы Орал үшін де күтпеген жағдай болып отыр. Қазір облыс орталығынан он шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы «Үміт» ауылында ерекше жағдай қалыптасып отыр.

Ауылда орналасқан «Қазыналы» тоғанына бүгінгі күні 3 миллион текше метр су жиналған. Егер бұл бөгет арнасынан асар болса, тасқын су қалаға да қатер төндірмек. Сондықтан, құтқарушылар тоған басын тәулік бойы торып, әскерилер Деркул, Маштаково, Кумыска, Үміт елді мекендерінің тұрғындарын көшіріп жатыр.

Сонымен қатар, облыс әкімінің резиденциясы орналасқан «Самал» ықшамауданындағы жағдай да алаңдатарлық. Қазір осы ықшамаудандағы жекелеген коттедждердің жертөлесіне су құйылып, саяжай үйшіктері су астында қалды. Бұл жақтың тұрғындары да қолдарына іліккен дүние-мүлкін аман алып қалудың қамына кіріскен.

Облыстағы Зеленов және Тасқала аудандары зардап шекті. Осы екі ауданның бес елді мекеніне су жайылды. Тіпті жекелеген ауылдар жарықтан ажыратылып қалған. Мамандар қайта қалпына келтіру жұмыстары бірер аптаға созылатынын айтып отыр.

- Бүгін тікұшақпен барлап, апатты аймақтарды түгелдей қарап шықтық, тіпті Астана уақытымен таңғы сағат бесте облыс әкімімен бірге көлік жүретін жерлерді аяқтай барып шолып келдік. Келген шығын орасан, адам айтқысыз мөлшерде. Тіпті шамалап айтудың өзі қиын. Кеше Оралға келісімен су тасқынына орай арнайы құрылған комиссияның шұғыл отырысын өткіздік. Ауа райын болжаушылар мұндай тасқын суды өз тәжірибелерінде бұрын кезіктірмеген. Ал ауыл қариялары мұндай оқиғаның соңғы 54 жыл ішінде болмағанын айтып отыр. Бірақ, тұрғындарға көмектесеміз, оларды далада тастамаймыз. Өйткені, бұл іске президенттің өзі араласып, батыстағы ағайынды аман алып қалу үшін тапсырмалар берді, - деді сәуірдің 12-і күні төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.

Қазір Деркөл, Жайық және Шаған өзендерінің суы көтеріліп жатыр.

Жайық өзенінде су ддеңгейі дүйсенбіден бері 4 метрге көтерілген. Ал осы өзеннің Орынбор жақтағы деңгейі 2 метрге көтеріліпті. Мамандар егер Жайық өзені тосын мінез танытса, бүгінгідей әбігер баланың ойыншығындай болып қалады деп отыр.

– Мұндай жағдай бізде бұдан да бұрын болған. Теректі ауданының Рыбцех ауылында болған жер сілкінісі кезінде ондаған үйлер қирап, жарамсыз болып бүлінді. Бірақ, бас-аяғы бірнеше айдың ішінде тұтас бір ауылды қауіпсіз жерге көшіріп, ауыл үйлерін түгелдей жаңалап бердік. Бұл жолы құдайға шүкір, адам шығынына жол берілген жоқ. Сондықтан бұл жолы да жергілікті бюджет пен үкіметтен қаржы бөлгізіп, жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне жүгініп, бұл сыннан да аман шығамыз деген ойдамын, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Төтенше жағдайлар министрі су ортасындағы елді мекендерді әуеден барлап, су басқан үйлерді араламай, тұрғындармен кездесті, сөз арасында қолдан келген көмектің жасалатынын, абыр-сабырда қылмысқа жол бермеу үшін тәртіп сақшыларының да тартылғандығын айтты.

Қазір Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының айналасына су келіп жатыр. Облыстық кардиологиялық орталықта ем алып жатқан науқастар түнде орталықтағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, элиталы аудан саналатын «Самал» ықшамауданының тұрғындары да көшіріле бастады.

Ал Макаров ауылына құтқарушылар әлі жете алмай жатыр. Телефон арқылы тілдескен тұрғындар кейбір үйлерде азық-түліктің түбі көрінгенін айтып шағымданды.

Батыс Қазақстан облысына Атырау, Шымкент және Қызылорда облыстарының құтқару жасақтары келіп жетті. Құтқарушылар моторлы техника, қайық, жылы киімдер секілді керек-жарақты өздерімен бірге ала келген. Төтеншеліктер мұндай аласапыран Орал қаласында алдағы апта бойына жалғасатынын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG