Accessibility links

Оппозициялық БАҚ мүлкін қайтара алмай отыр


Stan.kz бейнепорталының есігін ашып тұрған журналист. Алматы, 21 қараша 2012 жыл.
Stan.kz бейнепорталының есігін ашып тұрған журналист. Алматы, 21 қараша 2012 жыл.

Өткен жылдың соңында ҰҚК Stan.kz бейнепорталының кеңсесін тінтті. Журналистер бүгін комитеттен заттарды қайтаруды сұрады.

Өткен жылдың аяғында Алматыда Stan.kz бейнепорталы мен "Аман-саулық" қоғамдық қорының кеңселеріне қатар тінту жүргізілген еді.

Екі жағдайда да "тінтуге Мұратбек Кетебаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс негіз болғанын" хабарланған.

Мұратбек Кетебаев қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың жақын серіктерінің бірі ретінде белгілі.

"ҚАНДАЙ ДА БІР ЖАУАП АЙТСЫН"

Наурыздың 5-і күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Stan.kz бейнепорталы өкілдері содан бері бірнеше ай өтсе де, ҰҚК-нен ешқандай жауап ала алмай отырғанын айтып шағымданды.

Бауыржан Мүсіров, «Stan Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
Бауыржан Мүсіров, «Stan Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
- Олар (ҰҚК - ред.) "егер былай істесеңдер - заттарыңды қайтарамыз" деген сияқты қандай да бір шарт қойса бір жөн. Ләм-мим демейді. Техника болса, тұр. Біз камерасыз жұмыс істей алмаймыз. Тым болмағанда әрі қарайғы әрекеттерімізді, қашан қайтаратынын айтса. Айталық, "бір апта", "бір ай немесе үш ай, сегіз ай күтіңіздер" деген сияқты. Мүлде жауап қатпайды, - дейді "Стан-продакшн" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бауыржан Мүсіров сейсенбі күні таңертең Азаттық тілшісіне.

Бейнепортал өкілдерінің айтуынша, ҰҚК қызметкерлері оннан астам ноутбук, бір кәсіпқой бейнекамера, штатив, бұған қоса журналистердің жеке заттарына дейін тұтқындаған.

Олар сейсенбі күні заттарды қайтару жөнінде ҰҚК-ге жаңа мәлімдеме даярлап отырғанын да айта кетті.

- Біз тұтқындалған заттарды қайтаруды сұраймыз. Тінту болғаннан кейін бірнеше апта өтісімен-ақ ҰҚК-нің Маңғыстау облыстық департаментіне полковник Т.Е. Толықбаевтың атына өтініш жаздық. Себебі тінту жүргізу туралы тапсырма сол жақтан келген. Әуелі қызметкерлер, кейіннен порталдың атынан жаздық. Ешқандай жауап болған жоқ, - дейді "Стан-продакшн" ЖШС құрылтайшысы Элина Жданова.

ТОСҚАУЫЛ

Stan.kz бейнепорталының продюсері Дәнеш Байболатовтың айтуынша, тінту жұмыстары қазір порталдың ойдағыдай жұмыс істеуіне кәдімгідей бөгет жасап отыр.

Оның айтуынша, бейнекамерасыз қалған операторлар жартылай кәсіпқой камералармен түсіруге мәжбүр болып жүр.

Stan.kz бейнепорталының продюсері Дәнеш Байболатов. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.
Stan.kz бейнепорталының продюсері Дәнеш Байболатов. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.
- Қарапайым қағидаға салсаң да көптеген сұрақтар туындайды. Мұратбек Кетебаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іске журналистердің жемпірінің не қатысы бар? Біреудің жеке ноутбугының қатысы қандай? Болмаса бейнекамалардың қатысы қанша? - дейді Дәнеш Байболатов.

Желтоқсанның 19-ы күні Stan.kz бейнепорталының Алматыдағы кеңсесіне өздерін "ҰҚК-нің қызметкерлері" ретінде таныстырған бір топ адам кіріп, кеңсені тінтігенін жазған едік.

"ЕШҚАНДАЙ АҚПАРАТЫМ ЖОҚ"

Осы мәселеге қатысты сейсенбі күні ҰҚК-нің баспасөз қызметінің қызметкері Бауыржан Нүркеновке хабарласқанамызда бұл туралы "ешқандай ақпараты жоқ" екенін айтты.

Ал ҰҚК-нің Маңғыстау облыстық департаментінің кезекші бөлімі "тінтуге бұйрық берген" полковник Талғат Толықбаевтың демалыста екенін айтты. Ал департамент өкілі Павел Буянов ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласу керектігін айтты.

Мәселеге қатысты көзқарасын айтқан заңгер Сергей Уткиннің пікірінше, ҰҚК-нің мұндай әрекеттері қоғамда арнайы қызмет өкілдеріне сенімді жоғалтады.

"АЛҒЫС ХАТ ЖАЗБАҚПЫН"

Дәл осы күні "Аман-саулық" қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова Азаттық тілшісіне жақында ҰҚК-ден заттарын қайтарып алғанын айтты.
"Аман-саулық" қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.
"Аман-саулық" қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.

Ол бұған дейін кеңсе мүлкін қайтарып алу үшін тіпті сотқа да жүгінген. Бірақ онысынан нәтиже шықпаған. Қор жетекшісінің айтуынша, ҰҚК өкілдері кеңседегі заттардың өзіне тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттарды алып келгеннен кейін қайтарып беретіндерін айтқан.

Бақыт Түменова тек ҰҚК-нің төрағасы Нұртай Әбіқаевқа хат жазғаннан кейін мүлкі қайтарылғанын айтады.

- Мен оған хат жаздым. Енді алғысхат жазуға оқталып отырмын. Меніңше, мұнда оның араласуы қандай да бір рөл атқарған сияқты, - деді Бақыт Түменова.

Бұған дейін қоғамдық белсенді тәркіленген мүлкін қайтару бойынша ҰҚК-ні сотқа беріп, қаңтар айында сот оның шағымын қанағаттандырмай тастаған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG