Accessibility links

Балалар ертегі жазса да, Нұрсұлтанды қосады


Жас жазушы Назерке Жылмағамбетова өзі жазған ертегілерін бауырларына оқып беріп отыр. Ақтөбе, 15 желтоқсан 2011 жыл.
Жас жазушы Назерке Жылмағамбетова өзі жазған ертегілерін бауырларына оқып беріп отыр. Ақтөбе, 15 желтоқсан 2011 жыл.

Ақтөбеде облыс бойынша балалар жазған ертегілердің жинағы жарық көрді. Ертегі авторлары суреттеген кейіпкерлердің бірі мол қазына тауып алып, кедейлерге үлестіреді, ал екіншісі Қыдыр Атадан бата алған дана басшыға айналады, үшіншісі "халқынан артық байлық таппаған Нұрсұлтан" болып шығады.


Шағын кітапшаның таралымы - 500 дана. Жинақты құрастырушылар соның өзіне қажет қаржыны әрең тапқандарын айтады.

ӘДЕМІ ӘЛЕМ

Шағын жинақтағы алғашқы ертегі «Аружанның ғажайып түсі» деп аталады. Оның авторы - 7 жасар Аяужан. 2-сынып оқушысы жазған ертегінің желісі қарапайым. Аяужанның кейіпкері бағалы тастар салынған сандық тауып алады. Кейін оны кедейлерге үлестіріп, баршаны мұратына жеткізеді.

Аяужан өз туындысын кітаптан көріп, қатты қуанған. Бүлдіршін қазір «бұл кітапты әкем де көріп, отбасына оралса екен», - деп армандап жүр.

Ал, тағы бір ертегіші Назеркенің арманы - журналист болу. Биыл «Алтын қалам» атты республикалық қаламгерлер байқауында балалар шығармашылығы номинациясы бойынша жүлде алған Назерке Жылмағамбетова 14 жаста. Ақтөбедегі №51 гимназияның оқушысы.

Жинаққа енген ертегі авторлары Аяужан (оң жақта) мен Назерке (сол жақта) кітаптың таныстырылымда.
Жинаққа енген ертегі авторлары Аяужан (оң жақта) мен Назерке (сол жақта) кітаптың таныстырылымда.

- Кішкентай кезімде анам маған үнемі ертегі оқып беретін. Қазір ол кісі жұмысбасты. Сондықтан өзімнен кейінгі бауырларыма ертегіні мен оқимын. Әрі кейінгі кездері өзім де ертегі жаза бастадым. Дауысымды құбылта оқығанымда кішкентай інім мен сіңілім беріле тыңдайды, - дейді жас қаламгер Назерке Жылмағамбетова.



«ҚЫДЫР АТАДАН БАТА АЛҒАН ДАНА БАСШЫ»

«Мен ертегі жазамын» атты бұл жинаққа 25 шығарма кірген. Балалардың жас шамасы да, ертегілерінің тақырыбы да сан алуан. Негізінен қайырымдылыққа, жақсылыққа үгіттейді.

Жинаққа енген ертегілердің бірі «Еліңнің жұлдызы биік болсын!» деп Қыдыр атадан бата алған билеуші мен оның ерен еңбегі туралы. «Малы көп, қойнауы толған қазба байлық, сылдыраған бұлағы, мөлдір көлі бар елдің билеушісі көрші елді топан су басып, жер сілкінгенде көп көмек береді».

Тағы бір ертегіде «әкесі халқынан артық байлық таппаған кенжесіне риза болып, болашақ ел билігін соған тапсырыпты. Нұрсұлтан дәл сол жерден Қазақстан атты бірлігі мен ынтымағы жарасқан мемлекет құрыпты» деп аяқталады.
"Мен ертегі жазамын" атты жаңа жинақ.
"Мен ертегі жазамын" атты жаңа жинақ.

«Жинақ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған. Сондықтан облыстың Шалқар ауданынан жолданған ертегілер негізінен бірлік, ынтымақ және дана басшы туралы. Ертегілердің деңгейі әртүрлі екені рас. Бірақ, «бұлақ көрсең көзін аш» демей ме халық? Біз талабы таудай балалардың меселін қайтарғымыз келмеді», - дейді жинақты құрастырушылардың бірі Бақыт Жаншаева.

«ЕРТЕГІ АЙТАТЫН АДАМ ҚАЛМАЙ БАРАДЫ»

Облыс балалары жазған ертегілер алдымен Ақтөбеде шығатын «Керек.info» газетінде жарияланды. Яғни, бұл жинақ - аталмыш басылым жариялаған байқау нәтижесі.

«Керек.info-ның» бас редакторы Бақыт Жаншаева «өз идеясын жүзеге асыратын қаржы таппай, бірнеше адамның алдына барғанын» айтады. Ақтөбедегі танымал кәсіпкерлердің кейбірі «бала-шағаның ісіне» араласуды жөн көрмеген.

Таралымы 500 даналық жинақ жергілікті баспаханада Ақтөбе облыстық балалар құқын қорғау департаментінің қаржылай қолдауымен жарық көрді.
Ақтөбе облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова жаңа кітапты көрсетіп отыр. Ақтөбе, желтоқсан айы, 2011 жыл
Ақтөбе облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова жаңа кітапты көрсетіп отыр. Ақтөбе, желтоқсан айы, 2011 жыл

- Бауыржан Момышұлы «Ертегі айтатын адам қалмай ма деп қорқамын» деген екен. Не деген көрегенділік десеңізші? Шындығында да қазір ертегіші ата-әжелерді дискілер алмастырды. Қазақ баласы Көлтауысарды білмесе де Спайдермэнмен жақсы таныс. Толағайға емес Шрэкке тамсанады. Сондықтан балаларымызға ертегі айтып, олардың қиялдарын дамыту үшін өздеріне ертегі жаздырғанның пайдасы ұшан-теңіз, - дейді Ақтөбе облыстық балалар құқын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова.

Ақтөбеде бұрын-соңды оқушылар шығармашылығын насихаттайтын мұндай кітаптар болған емес. Мектеп оқушыларының құлшынысын көрген жинақ авторлары енді балалар ғана емес, олардың ата-әже, ата-аналарының арасында да байқау жарияламақ.
XS
SM
MD
LG