Accessibility links

Теңгенің құлдырау себебін Еуразия одағынан көретіндер бар


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің күрт құнсыздануын Ресейге салынған санкциялармен байланыстырды. Қоғамдық белсенділер мұны Еуразия экономикалық одағының салдары деп санайды. Кей сарапшылар ел экономикасының диверсификацияланбауы – ақшаның құнын жоғалтуына негізгі себеп дейді.

"ОДАҚ БОЛМАСА ТЕҢГЕ ҚҰНСЫЗДАНБАС ЕДІ"

Соңғы апталарда теңгенің тағы да құнсыздануы, "Ресейге салынған санкцияларға байланысты алдағы бірер жылда инфляция өсуі мүмкін" деген Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің мәлімдемесі қоғамдық пікірді сан-саққа жүгіртті. Осыған байланысты "Қазақстан экономикасын Ресейге тәуелді етті" деген сарындағы айыптаулар қайта күшейіп, "Қазақстан Еуразия экономикалық одағына қосылмаса теңге бұлай құнсызданбас еді" деген пікірлер де айтылды.

Қазақстан Ұлттық банкінің Алматыдағы бас кеңсесі.
Қазақстан Ұлттық банкінің Алматыдағы бас кеңсесі.

Ресейге салынған санкция неге Қазақстанға әсер етеді деген сауалды Facebook әлеуметттік желісінде қойып жатқандар жиі кездеседі.

Бизнесмен Арманжан Байтасов.
Бизнесмен Арманжан Байтасов.

Бизнесмен Арманжан Байтасов "...біз экономикасы күшті тәуелсіз ел емеспіз бе, неге өз қаржы саясатымызды жүргізе алмаймыз? Егер рубльдің құнсыздануы әсер ететін болса теңгемізді көрші елдің валютасына неге байлауымыз керек" деп жазса, қолданушылардың бірі Аятжан Ахметжан "Ресеймен бірге от кешуге дайынбыз. Кеңестік одақтан шығып, Кедендік одаққа кірдік. Енді көретін күніміз осы" деп жазады.

Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан.
Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан.

2014 жылы Қазақстан Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа қол қоярда қарсылық білдірген азаматтық белсенділердің бірі Мұхтар Тайжан Facebook әлеуметттік желісіндегі парақшасында "Ұлттық банк пен үкімет экономикалық жағдайымыздың нашарлауы Еуразия экономикалық одағына мүше болуымызға байланысты екенін ақыры өздері мойындады. Олар алдағы уақытта экономикамызды дамытқымыз келсе Еуразия экономикалық одағынан шығуымыз керек екенін де мойындайтын болады" деп жазған.

Теңгенің құлдырауы: Министр не дейді, сарапшылар ше?

Теңгенің құлдырауы: Министр не дейді, сарапшылар ше?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

"САНКЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ ЖОҚ"

Азаттық тілшісі әлеуметтік желідегі осыған ұқсас сауалдарды қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа қойып көрген еді. Бірақ министрдің пікірі басқаша болып шықты.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның сөзінше, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағынан шығатын ойы жоқ. Өйткені бұл одақты құру, мемлекетаралық интеграция туралы бастаманы ең алғаш Қазақстан көтерген.

– Одақ мүшелерінің арасындағы интеграцияға кедергілерді жоюды жалғастыру керек. Осы үлкен нарық арқылы келешекте жаһандық дағдарыстарға қарсы тұруға болады. Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға тікелей әсері жоқ. Қайта санкцияны пайдаланып, Қазақстан тауарларын Ресейге шығару керек, - дейді министр Бақыт Сұлтанов.

ДИВЕРСИФИКАЦИЯЛАНБАҒАН ЭКОНОМИКА

Министрдің сөзін парламент Сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров "теңгенің құнсыздануын бұрын мұнайдың арзандағанынан көріп келген билік, енді Ресейге салынған санкцияны сылтау етіп отыр" деп санайды.

Парламенттің экс-депутаты Уәлихан Қайсаров.
Парламенттің экс-депутаты Уәлихан Қайсаров.

Оның айтуынша, "санкцияда отырған, ақшасы жиі құнсызданып, тауары арзандап жатқан Ресейге тауар экспорттау қиын. Қазақстан билігі оның орнына экономиканы диверсификациялаумен айналысқаны жөн".

Азаттық тілшісі теңгенің құлдырауы Еуразия экономикалық одағына байланысты ма деген сұрақты тағы бірнеше сарапшыға қойды.

Сарапшы Расул Рысмамбетов "Қазақстан Еуразия экономикалық одағы пайдалы болуы үшін өз экономикасындағы мемлекеттің үлесін азайтып, жергілікті өндірушілерге жағдай жасауы, ең бастысы, Ресей нарығына Қазақстан тауарларын кедергісіз кіруін қамтамасыз етуі керек еді. Өкінішке қарай олай болмады. Соның салдарын көріп отырмыз" дейді.

- Диверсификацияланған экспорт пен шағын және орта бизнеске сүйенген мықты экономика ғана теңгені қорғай алады. Еуразия экономикалық одағынан ертең шықсақ та еліміздің экономикасының құрылымы бірден өзгермейді. Барлық мәселе өз экономикамызды дамытуға тікелей байланысты, - дейді ол.

Сарапшы Айдар Әлібаевтың пікірі де осыған ұқсас.

Айдар Әлібаев.
Айдар Әлібаев.

- Қазақстан осыған дейін Еуразия экономикалық одағынан айта қаларлық пайда көрмеген. Оның үстіне Ресейге бұл ұйымның саяси қыры көбірек қызықтырақ екені байқалады және оны өз ықпалындағы одақ деп санайды, - дейді ол.

Айдар Әлібаевтың сөзінше, "қазір Қазақстан бұл одақсыз да Ресеймен барынша тығыз және өте күшті экономикалық байланыста отыр. Сондықтан одақтан шыға қойғанның өзінде бәрібір Ресейге экономикалық және саяси тұрғыдан тәуелді болып қала береді. Сол себепті Қазақстан теңгесі Ресей рублінің соңынан ілеспеске амалы жоқ".

- Теңгенің құнсыздануының негізгі себебі – өз өндірісіміздің жоқтығы. Өндіріс дамыған экономикалық жүйеде ғана болады. Ал экономикалық дамыған жүйе саяси бәсекелестік дамыған жүйеде ғана болады. Бізде ол жоқ, - дейді ол.

Экономист Меруерт Махмұтова - Еуразия экономикалық одағынан бірнеше жыл бұрын құрылған Кедендік одаққа да қарсы болғандардың бірі.

Меруерт Махмұтова.
Меруерт Махмұтова.

- Қазақстан мен Ресей экономикасы ұқсас. Екеуі де шикізат экспорттайтын, мұнайға байланып отырған елдер. Бірақ Қазақстан экономикасына қарағанда Ресей экономикасының диверсификациясы жоғары. Осы одаққа кіргелі Қазақстаның Ресейге экспорты төмендеп, импорты ұлғайып келеді. Сондықтан одақтың пайдасын көріп отырған – Ресей, - дейді ол.

Меруерт Махмұтова "Еуразия экономикалық одағынан шығу керек" деген қоғамдық пікірден де хабардар. Бірақ ол Владимир Путин Ресей президенті болып тұрғанда ондай мүмкіндік жоқ деп санайды.

Алайда, экономистің сөзінше, теңгенің құнсыздануы АҚШ федералды резерв жүйесінің ставкасына да байланысты.

- Егер, мысалы, АҚШ-та доллардың ставкасы екі пайыз, бізде валюталық депозитке бір пайыз қосылады. АҚШ ставканы көтерсе капитал солай қарай ағылады. Жалғыз Қазақстаннан ғана емес, капитал Еуропалық одақтан да қашып жатыр. Экономикамызды шикізат экспортына тәуелділіктен босатсақ қана жағымды өзгеріс болуы мүмкін, - деп болжайды Меруерт Махмұтова.

2014 жылы мамырда Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары "Еуразия экономикалық одағын құру" туралы келісімге қол қойған. Кейін Одақ құрамына Армения мен Қырғызстан кірген.

"Еуразия экономикалық одағын құру" туралы келісім 2015 жылдың басынан күшіне енген. Одан бұрын Қазақстанда қоғамдық белсенділер елдің Еуразия экономикалық одағына кіруіне қарсылық білдірген.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге 1993 жылы күзде айналымға енгізілгенде АҚШ-тың бір долларына шаққандағы бағамы 4,7 теңге болып белгіленген. Арада екі айдан кейін доллар бағамы 54 теңгеге көтерілген еді. Бұдан кейін Қазақстан валютасы 1999 жылы сәуірде, 2009 жылы ақпанда, 2014 жылы ақпанда және 2015 жылы шілдеде қатты құнсызданған. 2015 жылғы тамызда Қазақстан Ұлттық банкі жаңа қаржы-несие саясаты мен теңгенің айырбас бағамы еркін айналымға жіберілетіні туралы хабарлаған.

Қазақстан теңгесі биыл жазда тағы да біртіндеп құнсызданған. Қазір ақша айырбастау орындарында оның 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы 378 теңгеге жеткен. Бұған дейін, 2016 жылдың басында әлемдік базарда мұнай бағасы құлдыраған кезде биржа саудасы барысында бұл көрсеткіш 383,91 теңгеге дейін барған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG