Accessibility links

Мұнайшылар наразылықтан соң қысым күшейгенін айтады


OCC компаниясының наразы жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
OCC компаниясының наразы жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстаудағы Oil Construction Company мұнайшылары қаңтардағы аштық акциясына қатысқандарды жұмыстан шығару жалғасып жатқанын, қамаудағы кәсіподақ жетекшілері орнына сайланғандарды жұмыс берушінің мойындамай отырғанын айтады. Компания әкімшілігі түсініктеме бермей отыр.

ЖҰМЫС БЕРУШІ ЕҢБЕК ШАРТЫН БҰЗДЫ

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) мұнайшыларының Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп биыл қаңтарда өткізген наразылық акциясынан кейін компаниядан жұмыстан шығарылғандар саны 8 адамға жетті. Наурыз айында Мақсот Таспаев, Құспан Қосшығұлов, ағайынды Мақат және Мақсат Жайлаубаевтар жұмыстан босатылды. Оған дейін жұмыс беруші Жамбыл Бегешев, Құсайын Жылқышиев, Мейрамбек Қуантаев және Қайрат Ерекешевтермен еңбек шартын үзген.

Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу туралы бұйрығында ОСС компаниясы әкімшілігі Маңғыстау аудандық сотының 2017 жылғы қаңтардың 23-і күні мұнайшылардың наразылық акциясын «заңсыз» деп таныған шешімін негізге алып, «ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін еңбекті қорғау қауіпсіздігі қағидаларын жұмыскердің бұзғанын» атап көрсеткен.

Мұнайгаз саласында 1976 жылдан бері жұмыс істейтін, ОСС компаниясындағы еңбек өтілі ең көп жұмысшы Мақсот Таспаев наурыздың 6-сы күні жұмыстан босатылғаны туралы бұйрық алғанын айтады.

- Компаниядағы жұмысшылардың барлығы дерлік кезінде маған көмекші болып, менен тәжірибе жинақтаған жігіттер. 1980 жылдан бері еңбек кітапшам бірінші рет қолыма тиді, - дейді Мақсот Таспаев.

Ол ОСС компаниясы басшысы Серік Әбденов мұнайшылардың аштық акциясынан кейін қаңтар, ақпан айларында жұмыстан босатылған төрт адамнан басқа ешкімнің жұмыстан шығарылмайтыны жайлы айтқан уәдесінде тұрмады дейді.

ОСС бас директоры Серік Әбденов аштық жариялаған мұнайшылардың тарқауын сұрап тұр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.
ОСС бас директоры Серік Әбденов аштық жариялаған мұнайшылардың тарқауын сұрап тұр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

Бұған дейін жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрықты ағайынды Мақат және Мақсат Жайлаубаевтар да алған. ОСС компаниясында 1996 жылдан бері жол жөндеуші болып жұмыс істеп келген Мақат Жайлаубаев - қаңтардағы аштық акциясы және оған дейінгі мұнайшылар наразылығы кезінде әкімшілікке еңбек заңдылығына қатысты талаптар қойып, көзге түскен белсенділердің бірі.

- Менің жұмыстан босатылуыма негізі басшылыққа талаптар қоюым себеп болды деп санаймын. Бірақ мен ешкімді үгіттегенім жоқ, әркім өз еркімен аштық акциясына қатысты. Оны бәрі растайды. Маған «еңбек қауіпсіздігін сақтамады» деп кінә артады, жұмыс барысында ешкім ол жайлы акті жасаған жоқ, - дейді ол.

Мақат Жайлаубаев өзімен бірге інісінің де жұмыстан шығарылуын жұмыс беруішінің «сес көрсетіп, кек алуы» деп бағалайды.

- Інім Мақсат Жайлабаевты не үшін жұмыстан шығарып отыр? Ол елмен бірге аштық жариялағанымен ешқандай белсенділік танытқан емес. Оның бес баласын кім асырайды? - дейді Мақат Жайлаубаев.

КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖАҢА ЖЕТЕКШІСІ

Мақсот Таспаевтың сөзінше, ОСС кәсіподағы ұйымының басқарма мүшелері 2017 жылғы наурыздың 1-інде өткізген жиынында қаңтар айынан бері қылмыстық айыптар тағылып, қамауда отырған кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусіновтің орнына Құспан Қосшығұловты кәсіподақ жетекшісі міндетін атқарушы етіп сайлаған.

Қазір қамауда отырған Әмин Елеусіновтің OCC компаниясы жұмысшыларының талабын айтып тұрған кезі. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.
Қазір қамауда отырған Әмин Елеусіновтің OCC компаниясы жұмысшыларының талабын айтып тұрған кезі. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.

Құспан Қосшығұлов наурыздың 2-cі күні ауруханадан соң жұмыс орнына барғанда жұмыс беруші онымен еңбек шартын үзгені туралы бұйрықты тапсырғанын айтады. Және компания әкімшілігі кәсіподақ төрағасы етіп Қаламқас кенішіндегі құрылыс құрастыру қызметінің жетекшісі Берік Бекбаевтың сайланғаны туралы хабардар еткен.

- Кәсіподаққа басқа төраға сайлаған ешқандай конференция болмаған. Ондай жиын өткенін растайтын хаттаманы сұрағаныммен бермеді. Кәсіподақтың басқарма мүшелері қабылдаған шешім мен өткізген жиын хаттамасын жұмыс берушіге тапсырдық. Бірақ бізді кеңсеге кіргізбей, «конференция сайлаған» төрағамен жұмыс істейтіндіктерін айтты, - дейді Құспан Қосшығұлов.

Ол Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінен қамаудағы кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың істерін тергеп жатқан тергеушінің кәсіподақ құжатын алып кетулерін сұрап хабарласқанын, алайда оған барғанда қолдарына ештеме бермегенін де айтты.

- «Бекбаевтың қолында конференция шешімі бар, біз соны мойындаймыз» деді. Мақсот Таспаев екеуміз қолымыздағы басқарма мүшелері хаттамасы мен кәсіподақ жарғысын көрсетіп, соған сүйеніп жұмыс жасауымыз керектігін, жұмыс берушінің әрекеті заңсыз екенін айттық. Тергеуші біздің де хаттамамызды іске тіркеймін деп алып қалды, - дейді Құспан Қосшығұлов.

Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Өздерін жұмыстан шығаруға негіз жоқ деп білетін жұмысшылар ОСС әкімшілігінің бұйрығымен келіспей, компаниядағы кәсіподақ мүшелері мен жұмыс беруші өкілдерінен құралған келісім комиссиясына шағымданған.

Мақат Жайлаубаевтың Азаттыққа айтуынша, келісім комиссиясының қамауда отырған мүшелері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың орнына кәсіподақ басқармасы сайлаған Құспан Қосшығұлов пен заңгер Тахир Ердановтың комиссия отырысына қатысуына жұмыс беруші тыйым салып, оларды кеңсеге кіргізбеген.

- Келісім комиссиясына барғаныммен кворум болмағандықтан өтпеді. Отырысқа өзін «кәсіподақ төрағасымын» деп атаған Берік Бекбаев та келді. Бірақ менімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрыққа Қаламқас құрылыс құрастыру қызметінің жетекшісі ретінде Бекбаевтың қызметтік хаты себеп болған. Сонда ол келісім комиссиясына келіп қалай мені қорғамақ? - дейді Мақат Жайлаубаев.

Жұмыссыз қалған мұнайшылар өздері құрған кәсіподақты жұмыс беруші жойғысы келіп отыр деп санайды.

«ҚОЛ ҚОЮҒА МӘЖБҮР БОЛДЫҚ»

Азаттық тілшісімен әңгімеде аты-жөнін атамауды өтінген ОСС мұнайшыларының бірі кеніш басында оларды «кәсіподақ төрағалығына Берік Бекбаевты сайлауға қол қоюға мәжбүрлегені» туралы айтты. «Амалсыздан қол қойдық, жұмыссыз қалсақ отбасымызды кім асырайды» деді ол.

Құспан Қосшығұлов Азаттыққа компанияда жыл басында өткізілетін біліктілікті тестілеу мұнайшыларды қорқыту құралы ретінде пайдаланылып отыр деп мәлімдеді.

Егер адам екі рет тестілеуден өтпесе жұмыстан шеттетіледі, үш рет өте алмағандар автоматты түрде жұмыстан шығарылады. Олар мұнайшыларды сонымен қорқытқан.

- Егер адам екі рет тестілеуден өтпесе жұмыстан шеттетіледі, үш рет өте алмағандар автоматты түрде жұмыстан шығарылады. Олар мұнайшыларды сонымен қорқытқан, - дейді ол.

ОСС компаниясынан жұмыстан шығарылған мұнайшылар өздерін кәсіподақтан шығаруға, кәсіподақ кеңсесіне кіруге тыйым салуға жұмыс берушінің құқы жоқ деп санайды.

Азаттық тілшісі Oil Construction Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры Серік Әбденовке бірнеше мәрте хабарласқанымен ол журналистке комментарий айтуға уақыты жоғын хатшысы арқылы жеткізді.

Қаламқас кенішіндегі құрылыс құрастыру қызметінің жетекшісі Берік Бекбаев та Азаттық тілшісінің сауалдарына жауап беруден бас тартты.

«СОТ ЖҰМЫС БЕРУШІНІ ҚОЛДАДЫ»

Кәсіподақ заңгері Тахир Ердановтың Азаттыққа айтуынша, ОСС компаниясы бас директоры Серік Әбденовтің арызы негізінде 2017 жылғы қаңтардың 19-ы күні Ақтау қалалық 2-cотының ОСС кәсіподақ ұйымы кеңсесіндегі аштық акциясын заңсыз деп танып, ғимарат пен оның аумағын бостау туралы шешіміне қарсы мұнайшылардың жазған апелляциялық шағымы қанағаттандырылмаған.

- Сот жұмыс берушінің талабы заңды деп ұйғарды. Ал жауапкерлер Әмин Елеусінов, Мақсот Таспаев, Валерий Пахомов, Қайрат Ерекешов, Құсайын Жылқышиев, Молдағали Иманғалиевтер жұмыс берушінің орысша берген арызын түсінбегендерін айтып, қазақша беруді өтінгенімен сот оны да қанағаттандырмады, - дейді Тахир Ерданов.

Аштық жариялаған жұмысшылардан 3 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілетіні туралы сот шешімін тыңдап тұрған ОСС компаниясы мұнайшылары. Ақтау, 22 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған жұмысшылардан 3 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілетіні туралы сот шешімін тыңдап тұрған ОСС компаниясы мұнайшылары. Ақтау, 22 қаңтар 2017 жыл.

Қаңтардың 4-інде Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты шешімімен бас кеңсесі Шымкентте орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы жабылған. Бұған наразылық танытып ОСС компаниясының мұнайшылары Ақтау қаласындағы кәсіподақ кеңсесі мен Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде биыл 5-21 қаңтар арасында екі апта бойы тамақ ішуден бас тартқан. Наразылар талаптарын үкімет пен биліктегі «Нұр Отан» партиясы естиді деп үміттенген. ОСС компаниясында еңбек ететін екі мыңнан астам адамның 1600-ден астамы кәсіподақ ұйымына мүше.

Ақтау қаласының прокуроры мұнайшылардан сот шешімін орындауды талап етіп, олардың әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған соң наразылар қаңтардың 22-сінде аштықты тоқтатқан. Қаңтардың 19-ы мен 24-і аралығында 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік сотқа тартылды. Оларға 20-дан 50-ге дейінгі АЕК-ке тең айыппұл салынып, жалпы сомасы 3 854 870 теңге шығынды өтеу міндеттелді.

Oil Construction Company компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев аштық акциясы кезінде Астанаға жеткізіліп, екі айға тұтқындалған. Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша («сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу»), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша («заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату») айыптар тағылған. Әмин Елеусіновке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Нұрбек Құшақбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы наурыздың 17-сінде Астана қаласында өтпекші.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан билігінен ОСС компаниясы кәсіподағы лидерлерін қудалауды доғарып, екеуіне бостандық беруді талап еткен. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның серіктестерін, оның ішінде Еуропа Одағы мен АҚШ-ты Елеусінов пен Құшақбаевты босату үшін Астанаға ықпал етуге шақырған.

XS
SM
MD
LG