Accessibility links

Граффитиші: «Шығармашылық қарсылығым еленбеді»


Қабырғаға салынған кескіндеме граффитиге қарап тұрған адам. Алматы, 27 ақпан 2013 жыл
Қабырғаға салынған кескіндеме граффитиге қарап тұрған адам. Алматы, 27 ақпан 2013 жыл

Ұлыбританиялық белгілі стрит-артшы Бэнксидің бір туындысы ақпан айында АҚШ-тағы аукционда сатыла жаздады. Қазақстанда да кәсіби граффити жолына түскен көше суретшілері бар.

Үй қабырғасына, машина тұрақтарына, не жолдың үстіне салынған суреттерді көріп «бұл не?» деп таңырқайтын уақыт артта қалды. «Стрит арт» немесе «граффити» деп атын атамасақ та, бұл шығармашылық саласына ақырындап көзіміз үйреніп кетті. Бүгінде жастар арасында танымал болып келе жатқан көше өнерінің осы түрін құр шимай-шатпақ деп қабылдайтын адамдар да бар.

«ҚАЗАҚЫ НЫШАНЫ БАСЫМЫРАҚ»

Жалпы қазіргі заманғы граффити 20-ғасырдың басынан бері дами бастаса да, Қазақстанда осы өнермен айналысатын адамдар айтарлықтай көп емес. Солардың бірі – Сергей Цой. Ол мамандығы дәрігер болғанымен, шығармашылық шабыты жеңіп, 10 жылдан бері граффитимен айналысып жүр. Дизайнерлік жұмысынан қолы қалт етсе, баллондағы бояуларын алып көшеге шығып шабыт шақыратынын айтады.

– Алғаш Алматыға келгенімде бір тұрғын үйдің қабырғасынан сурет көрдім. Маған қатты ұнады. Суретке түсіріп алдым. «Бұл не, кім салды, қалай салды?» деп аңсарым қатты ауды. Сосын суретті салған жігіттермен танысып үйрене бастадым. Жігіттер Nomads деп аталатын бір командадан болып шықты.

Алматы қаласы Желтоқсан мен Жібек жолы көшелерінің қиылысы, Аэровокзал ғимаратының қабырғасына салынған граффити. 21 ақпан 2013 жыл
Алматы қаласы Желтоқсан мен Жібек жолы көшелерінің қиылысы, Аэровокзал ғимаратының қабырғасына салынған граффити. 21 ақпан 2013 жыл

Сергей граффитиді екі түрге бөліп қарастырады. Оның сөзінше, біріншісі – BomBing-ді көпшілік түсініңкіремей вандализм деп сипаттап жатады. Екіншісі – қабырғаға салынатын сурет өнеріне жақынырақ, әрі сапалырақ түрі. Ол граффитидің осы екінші түрін салатынын айтады. Сергейдің өзінше қазақстандық граффитидің стильдік ерекшелігі де бар.

– Жалпы граффити бізге батыстан келді ғой. Бірақ батысқа еліктеп америкалық граффитиді қайталап салудың еш қажеті жоқ. Қазақстандағы граффитиде қазақы нышан басымырақ деп айтсақ болады. Бұнда қазақ ою-өрнектерін пайдаланып салатын қазақ жастары да бар... Былай түсіндіру қиын, бірақ екеуін салыстырып қарағанда айырмашылығы бірден көрініп тұрады.

Сергей граффити арқылы тұрақты табыс түспейтінін, бірақ ара-тұра мың долларлық тапсырыстар алатынын айтады.

«БАЛАНЫҢ ЕРМЕГІ»

Тағы бір алматылық граффитиші Айдар 1990 жылдарың аяғынан бері «стрит арт» меңгере бастаған. Қазір Қазақстандағы танымал топтардың бірі Repace-тің мүшесі. Оның ерекшелігі – бұл топ граффити арқылы ақша табудың көзін тапқан. Олардың жеке шығармашылық студиялары бар. Әрине іші-сырты түгелдей граффитимен безендірілген. Ол ТМД көлемінде түрлі көрмелерге қатысып тұратынын айтады. Айдардың граффити суреттерін қабырғаға емес, холстқа да салатынын байқадық.

Алматы қаласы Желтоқсан мен Жібек жолы көшелерінің қиылысы, Аэровокзал ғимаратының қабырғасына салынған стрит-арт кескіндемесі. 21 ақпан 2013 жыл.
Алматы қаласы Желтоқсан мен Жібек жолы көшелерінің қиылысы, Аэровокзал ғимаратының қабырғасына салынған стрит-арт кескіндемесі. 21 ақпан 2013 жыл.

- Граффити салатын қабырғаға біраз қараймын. Сонда сол қабырға белгілі бір суретті қажетсініп тұрғандай болады. Алғаш үйреніп граффити сала бастағанымызда билікке өкпемізді, керісінше қуанышты жағдай болса қуанышымызды немесе есірткіге қарсылығымызды көрсетуге тырысатынбыз. Одан нәтиже көрмедік. Қазір не салсам да бәрібір. Ең бастысы, көбірек қанық түсті бояулар болса, адамдарға ұнаса болғаны. Холстқа қарап таңырқап тұрсыз ғой. Бұл да сурет өнерінің бір түрі ғой. Суретшілер қыл қалам ұстаса, біздің қаламымыз – баллон, - дейді Айдар.

Шығармашылық топ қаржылық мәселені қалай шешетінін сұрағанымызда граффитиші:

– Бізбен жұмыс жасағысы келетін адамдар көп. Астана күніне әкімшіліктен шақырды, Атырауға шақырып, граффити салып келдік. Еліміздің көптеген аймақтарына тапсырыспен барып сурет салып береміз. Кейде танымал тұлғалар да шақырып жатады, - деп жауап берді.

«Қазақстанда граффитимен айлысатын жастар көп пе? Жалпы даму деңгейі қандай?» деген сұрағымызға Айдар:

– Көп емес. Бірақ енді дамып келе жатырмыз ғой. Негізі біздегі граффитидің артта қалып келе жатқанының себебі – көпшілік бұны баланың ермегі деп есептейді, ата-аналар балаларының граффитимен айналысқанын қаламайды, - деп жауап берді.

«БЭНКСИ» ҚҰБЫЛЫСЫ

«Граффити мен «стрит арт» деген не?» деген сұраққа нақты бір сөзбен жауап беру қиын. Бірақ зерттеушілердің көбінің ойы бұл жеке тұлғаның өз көзқарасын халыққа жеткізуінің альтернативтік түрі дегенге тоғысады. Бұл өнердің танымал болуына ұлыбританиялық Бэнкси есімді суретші де үлес қосып, айрықша талантының арқасында сырттай халықтың құрметіне бөленіп үлгерді. Әлі күнге дейін оны көрдім, білдім деген адам жоқ. Тек суреттері белгілі. «Стрит арттың» ірі өкілі туралы қазақстандық граффитишілердің пікірі де әрқилы.

– Граффитимен айналысатын кез-келген адам Бэнкси деген есімді жиі естиді. Бенкси ол – стрит артшы. Жалпы граффити мен «стрит арт» екі бөлек ұғымды білдіреді. «Стрит арт» граффитидің ішінен бөлініп шыққан бір саласы деуге болады. Біздің ТМД граффитишілерінің түсінігі бойынша «стрит арт» соғыс, аштық, кедейлік сияқты әлеуметтік мәселерді көбірек қамтиды. Ол қандай да бір мәселеге қарсы тұру, билікке деген қарсылығын көрсету мақсатын алға қояды. Бэнксиге келсек, ол - Лондонда туып өскен бір адам, оны ешкім көрмеген деген сөз бар. Шын мәнінде бұл бір үлкен жоба деп ойлаймын. Бұл есімнің артында бірнеше адам тұр. Бұл - бір топтын істеп жүрген ісі, - дейді Сергей ол жөнінде.
Бэнкси салған граффитидің бірі.
Бэнкси салған граффитидің бірі.

Айдар да Бэнксиді «жақсы қолға алынған коммерциялық мақсаттағы жоба» деп санайды.

- Бэнксидің бір ерекшелігі – ол адамдарды қызықтыра алады. Әлеуметтік мәселелерді күлкілі қырынан көрсете біледі. Бұл адамдардың назарын аудару үшін тереңнен ойластырылған жоба ғой, - дейді Айдар.

Айдардың сөзінше, Қазақстанда Бэнкси сияқты әлеуметтік мәселе көтеріп, белгілі бір тақырыпты қамтитын адам немесе топ жоқ. «Тіпті, шындығына келетін болса, «стрит арттың» өзі жоқ».

Бэнкси көбіне өз суреттерінде балалар мәселесін, әлеуметтік желілер мен БАҚ, полициялардың қызметі, сонымен қатар назардан тыс қалған кедей аудандардың мәселесін көрсетуге тырысады.

Осы апта оның Лондонның солтүстігіндегі Turnpike Lane дүкенінің қабырғасына салған «Құл еңбегі» (Slave Labour) атты туындысы АҚШ-та өтетін аукционға түсті. Алайда бұл көпшіліктің ашуын тудырды. Олардың ойынша шынайы өнер туындысы сатылмауы тиіс. Бэнксидің өзі бұл жайттан бейхабар екендігін мәлімдеген. Ақыр аяғында құны 700 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін деп болжанған қабырға кескіндемесі ақпанның аяғында Майами акционынан алынып тасталды.
Repace тобының студиясының есігіндегі граффити. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл
Repace тобының студиясының есігіндегі граффити. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл

Қазіргі заманғы граффитидің өрлеуі 1960 жылдардың соңында АҚШ-та басталған. Қоғамға қатысты, билікке деген көзқарасын шығармашылық жолмен жеткізуге ұмтылған жастар тауар вагондары мен ғимарат қабырғаларына түрлі кескіндемелер сала бастайды. Суреттер халық арасына айтарлықтай тез тарап, танымал болып кетеді. 1970 жылдардың ортасында-ақ граффити Батыста өнер ретінде мойындалып үлгерді.

Ал Қазақстандағы граффити әлі жас. 1990 жылдардың ортасында Алматының шет аудандарында көзге бірден түсетін қабырғаға салынған түрлі-түсті суреттер пайда бола бастады. Әртүрлі қанық түстермен әрленген граффитидің астында tagging, яғни сол граффитиді салған суретшілердің лақап аты, қолтаңбасы жазыла бастады. 1990 жылдардың соңында қазақстандық граффитиші топтар құрыла бастады. Қазір Қазақстанда шамамен 50-ден астам топ бар деседі. 2001 жылдан бері Sniсkers компаниясының туған күніне арналған Snikers Urbania атты сайыс бар. Бұл елдегі граффитишілер арасында жыл сайын өтіп тұратын және көше өнерімен айналысушыларға арналған бірден-бір жарыс.

Қазақстанда граффитиді зерттеуші мамандар жоқтың қасы. Граффити өнерінің дамуы жайында Қазақ ұлттық өнер академиясындағы кескіндеме кафедрасының меңгерушісі, профессор Болат Тұрғынбай Азаттық тілшісіне былай деді:

– Меніңше Қазақстандағы граффити енді-енді кәсіби денгейге көтеріліп келе жатыр. Өйткені кәсіби деңгейде граффити салатын жастар пайда болды. Олар ұлттық бағыттағы суреттер салып, қолтаңбалары қалыптасып келеді. Өнер академиясының студенттерінің ішінде де граффитиші жастар бар. Олардың кәсіби шеберлігі осы өнерді бір сатыға жоғарлатты. Кейде «граффити деген өнер ме?» деп жатады. Мен өзім өнер ретінде қабылдаймын. Бұл болашақта өнердің бір саласы ретінде дамымақ. Қазіргі граффити қазақстандық кәсіби суретшілердің назарын өздеріне аудара алды. Демек бұл - граффитидің өнер ретінде бағалана бастағанының бір дәлелі.
XS
SM
MD
LG