Accessibility links

«Қазақ-қырғыз достығына селкеу түспейді»


Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ жол" пунктінен өте алмай тұрған адамдар. 13 қазан 2017 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ жол" пунктінен өте алмай тұрған адамдар. 13 қазан 2017 жыл.

2017 жылы қазан айының 10-ынан бастап Қазақстан Қырғызстанмен арадағы шекарадан өткізу тәртібін күшейткелі екі ел билігі бірнеше рет наразылық нотасын алмасып, бірін-бірі айыптап келеді. Азаттық тілшісі қазақ және қырғыз елдерінің музыка, кино және басқа мәдениет саласында бірлесе жұмыс істеп келе жатқан қайраткерлерінің екі үкімет дауына қатысты пікірін тыңдап көрген еді.

Қазақстан жағы Қырғызстаннан тауар тиеп келетін жүк көліктерінің шекарадан өтуін қиындатқанын «Қырғызстаннан келетін тауарларға фитосанитарлық тексеру, контрабандалық тауарларға тосқауыл қою» деп түсіндірген. Одан беріде екі ел үкімет басшылары мәселені талқылағанымен, шекарадан Қырғызстаннан тауарлар таситын жүк көліктерді өткізуді жеңілдету мәселесі шешілмей тұр. Саясаттанушылардың бір бөлігі шекарадағы жағдайдың қалыптасуына Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған мәлімдемесі себеп болды дескен.

ВИДЕО: Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың қазақ билігін сынаған сөзі

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:23 0:00

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада бақылау тексерудің күшеюі әлеуметтік желілерде де жиі сөз болды. Жұрт жазған пікірлер арасында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дәстүрлі достық пен ынтымақтастыққа селкеу түсуі мүмкін дейтін де қауіп айтылған.

Азаттықтың қазақ-қырғыз үкімет дауы туралы мақалаларының толық тізімі

Азаттық тілшісі сөйлескен мәдениет қызметкерлері арасында Қырғызстан халық әртісі Саламат Садықова, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің насихатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның халық әртісі, кинодраматург Талғат Теменов, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, кинорежиссер Бусурман Одуракаев, қазіргі қазақ эстарадасының белгілі әншісі Саят Медеуов болды.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз үкімет тартысы көпке қиын тиді

Қазақстан мен Қырғызстан арасында қалыптасқан қазіргі жағдайға алаңдаушылығын білдірген олар екі ел арасындағы дәстүрлі мәдени байланыстардың тамыры тереңде екенін, әлі де жалғаса беретінін айтады.

Қырғызстан халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Саламат Садықова:

«​Шығармашылықпен айналысатын адамдардың мұндайда жүрегі ауырады. Билік қарапайым елдің астына ат-көлік мінгізе алмаса да көлеңке түсірмеуі керек. «Жақсы қоңсы жаман туғаннан артық» деген сөз бар. Ата-бабамыздан келе жатқан сол сөздің қадірін кетірмегеніміз абзал. Жақсылығымызға қуана білген, өнер қазынамыз бірге жарқырап келе жатқан бауырлас елміз. Жұрт басында тұрған адамдар елдің қарым қатынасын бекемдеп тұруы керек деп ойлаймын. Тыныштық, ынтымақ болған жерге ырыс келеді. Ел жұртына жақсылық қылған кісі ұмытылмайды. Менің орындауымда қазақтың жырлары, мысалы Мұхтар Шахановтың «Ер Манастың елінде» деген әні мен «Әдемі-ау» дейтін қазақтың халық әні бар. Мұндай әндер қырғыз-қазақ әншілерінің әрқайсысынан да табылады».

Қырғызстанның халық әртісі Саламат Садықованың қазақ-қырғыз достығы жайлы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00
Жүктеп алу

Саламат Садықованың орындауындағы "Қоштасқым келмейді​" әні:

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сәуле Жанпейісова:

«Биыл жазда Ыстыкөл аймағында халықаралық фестиваль өтті. Сонда қазылар алқасы мүшесі болдым. Фестивальда екі бас жүлденің бірін шәкіртім Эльмира Дәуренбекова, екіншісін қырғыз әншісі алды, оның да есімі Эльмира. Фестивальге бірнеше мемлекеттің өнерпаздары қатысты. Өнер жағынан қазақ пен қырғыз бір-бірінен қалып, не озып келген емес. Сондықтан да болар қырғыздар «қазақ қырғыз бір туған» дейді. Қырғызбен етене жақын, жиі араласынтын адам ретінде айтайын, қазақ пен қырғызды ешуақытта ешкім айыра алмайды. Түбі бір, ділі бірі, қазақша айтқанда жыры, қырғызша айтқанда ыры бір.

Сәуле Жанпейісованың қазақ-қырғыз достығы туралы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00
Әнші Сәуле Жанпейісованың ән шырқап тұрған сәті.
Әнші Сәуле Жанпейісованың ән шырқап тұрған сәті.

Бірнеше рет Қырғызстанған концертке бардым. Ол жақтың әншілерін де жиі шақырамыз. Саламат Садықова дейтін әжеміз, әпкеміз Қазақстанның қазақтың әншісіндей болып кеткен адам. Роза Бағланова Қазақстанның да, Қырғызстанның да халық әртісі. Роза апамыз өмірден өткен күні Қырғызстанда симпозиумға барған едім. Сонда жиналған жұрт орнынан тұрып Роза Бағланованы еске алып, қошемет білдірді. Бұл өнерге, өнер арқылы халқымызға қошемет емес пе?»​

Тыңдай отырыңыз: қазақ ақыны Айнұр мен қырғыз ақыны Аалының айтысы

please wait

No media source currently available

0:00 0:32:27 0:00
Жүктеп алу

Қазақстанның халық артисі, кинодраматург Талғат Теменов:

«Қырғыздың «Бетеге кетіп бел қалар, бектер кетіп ел қалар» деген керемет нақыл сөзі бар, сол секілді мұның бәрі уақытша нәрсе. Қазақ пен қырғыз ежелден құда болған, бірін-бірі іздейтін халық. Шыңғыс Айтматовқа бала кезінде Мұхтар Әуезов алғашқы шығармаларына батасын берген. Екі елдің өнер қауымы тығыз байланысты. Қазақ пен қырғыз елі, Айтматов өнеріне байланысты менің де шығармаларым бар. Қырғыз бауырларым мен достарым бір-ақ нәрсе айтар едім: сәл сабыр керек. Қазақ пен қырғыз ешқашан қатты жауласқан емес. Қаншама қазақ қырғыз елінде тұрады, қаншама қырғыз қазақ елінде тұрады.

Қырғызстаннан Қазақстанға өте алмай тұрған жүк көліктері. Қазақ-қырғыз шекарасы, 19 қазан 2017 жыл.
Қырғызстаннан Қазақстанға өте алмай тұрған жүк көліктері. Қазақ-қырғыз шекарасы, 19 қазан 2017 жыл.

Өнер академиясында ректор қызметінде болғанымда қырғыздың 21 баласының сол академияда оқуына септігім тиді. Жақында, қыркүйектің басында ғана Қырғызстанда өткен театр фестивалінде қазылар алқасында болдым. Соған қырғыз театрлары мен Қазақстандағы жастар театры келді. Режиссер Нұрқанат Жақыпбай ең үздік режиссер жүлдесін алды. Шығыс Қазақстан театры да жүлде алды. Осының бәрі қазақ пен қырғыздың достығының арқасы.

Оқи отырыңыз: «1916 жылғы үркіншілік – қазақ пен қырғызға ортақ трагедия»

Уақыт өтеді, кетеді. Бұл да алғашқы жауған қар сияқты тез кетеді. Жамбыл, Шу, Кеген, Нарынқолда қырғызша ырламайтын қазақ жоқ, қырғызда қазақтың әнін білмейтін азамат жоқ. Алтынбек Қоразбаев қырғыздың төл әншісіне айналған. Қазақ актері Досхан Жолжақсынов қырғыздарға барып киноға түссе, қырғыз актерлері бізде киноға түсіп жүр. Біз ғасырлар бойы арасында кедені болмаған халық едік. Біз өкпеге қиса да өлімге қимайтын ұлттармыз»​.

Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі, кинорежиссер Бусурман Одуракаев:

«Қазақ пен қырғыз әдебиеті, музыкасы барша өнері бұрын қандай байланыста болса, қазір де сондай. Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың республикалық театралдық фестивалін өткіздік. Қырғыз театрлары оның тоғыз шығармасын сахналап, Бішкекке алып келді. Бұл - драматургке емес, жалпы қазақ еліне көрсеткен сыйымыз, достық, біртуғандық, ынтымақтық мәміленің белгісі. Президентттер келеді де кетеді, ел не болады - соны ойлау керек. Қырғыз бен қазақ арасында салқын мәміле болып қала ма деген қауіп бар. Бірақ олай болмайды ешқашан, болған да емес. Сайдың арғы жағында қазақтар, сайдың бер жағында біз қырғыздар тұрамыз. Әдебиетіміз, мәдениетіміз бір-бірімізге ауыса береді. Былтыр Қырғызстанның Қазақстандағы мәдени күндері өтті, оның алдында Астана мен Алматыда болған. Ол да тоқтамайды»​.

Қырғыз кинорежиссері Бусурман Одуракаевтың қазақ-қырғыз достығы жайлы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Қазақ эстарадасының белгілі әншісі Саят Медеуов:

«Жамбыл атамыз қайтыс болғанда қырғыздардың көңіл айтатыны бар. Сонда қырғыздардың «Жамбылдың дүниеден озғанын бізге неге естіртпедіңдер, біз неге топырақ салмадық Жамбылға. Сүйегі сендердікі, еті біздікі еді ғой, сендер неге бізсіз жерлейсіңдер Жамбылды, ол екі елдің ақыны емес пе еді» деп жоқтайтыны бар. Сол кезде ақын Үмбетәлі Кәрібаев шығып тоқтау айтқан.

Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевқа "Достық" орденін тағып жатқан сәті. Астана, 7 қараша 2014 жыл.
Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевқа "Достық" орденін тағып жатқан сәті. Астана, 7 қараша 2014 жыл.

Белдесем десең ел көп, елдесем десең ел аз. Белдескеннен гөрі елдескенге не жетсін. Кенен Әзірбаевтың Базар мен Назары қайтыс болғаннан кейін қырғыз еліне барған. Сонда қырғыздың Османқұл деген ақыны бір топ адамымен жеті мес қымызын, қара кепесін өңгеріп келіп көңіл айтады. Сол көңіл айту кезінде екі елдің бірлігі сөз болады. Дүниеден озған бұрынғылар Ноғайбайлар, Кебекбайлар туралы айтылады. Олар қазақ ақындарын, жыршыларын, билерін таниды. Біздің қазақ та оларды біледі. ​Қазақ пен қырғыз өнерпаздары әлі күнге араласады. Эстрада болсын, дәстүрлі өнері босын. Қазақ композиторы Алтынбек Қоразбаев, әнші Бағдат Сәмединова - қырғыз бен қазақтың ортақ әншісі. «Сенің де кигенің ақ қалпақ, менің де кигенім ақ қалпақ, менің де бетім жап-жалпақ, сенің де бетің жап-жалпақ» дейтін қырғыз бен қазақтың сөзі бар. Ағайын екі ел арасында достық үзілмеуі тиіс»​.

Эстрада әншісі Саят Медеуовтің қазақ-қырғыз достығы туралы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Қырғыз кинорежиссері Руслан Акун:

«Бауырлас қырғыз елі мен қазақ елінің мәмілесі суып барады дегенге мен толығымен қосылмаймын. Бәлкім қырғыз бен қазақ елінің билік ортасындағы мәмілесі суып бара жатқан шығар, бірақ екі елдің арасы суымайды. Мен жақында қырғыз-қазақ шекарасынан өттім, ол жерде қырғыз да, қазақ та, басқа да қарапайым адамдар да қиналып жатыр. Ең бастысы біз эмоцияға берілмей, бұл жағдайды сабырмен жеңсек болады. Ықылым кезден сақтап келген достық мәмілемізді сақтап қалуымыз керек. Саясат кейде мемлекеттер арасын алшақтатады, ал мәдениет пен өнер керісінше елдерді біріктіреді екен. Сондықтан екі елдің билігі де сабырлылық танытып, екі тарапқа бірдей тиімді ортақ шешімге келеді деп сенемін»​.

ВИДЕО: "Шөже қырғыз бен қазаққа ортақ"​

"Шөже қырғыз бен қазаққа ортақ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:54 0:00

XS
SM
MD
LG