Accessibility links

Маңғыстаудағы ереуілге күші жойылған мораторий әсер еткен жоқ


Ереуілге шыққан мұнайшылар Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфимен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.
Ереуілге шыққан мұнайшылар Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфимен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

Жұмыстан шығаруға салынған тыйым мерзімі өтсе де, мұнайшылар мен жұмыс берушілер мәмілеге келе алмай отыр. Наразылық танытушыларды енді Қаламқас кенішіндегілер де қолдады.


Бозашы түбегіндегі Қаражанбас кеніші мұнайшылары бүгін де Ақтау қаласындағы компания кеңсесі маңына топтасты. Ереуілдеткен мұнайшыларды жұмыстан босатпау туралы мораторий шілденің 25-і күні күшін жоятындығы айтылғанымен, олар компания басшылығының тек басу айтумен шектеліп отырғанын жеткізді.

ОН БЕС ТАЛАП

– Бізбен сөйлесуге шыққан «Қаражанбас» акционерлік қоғамының қазақстандық басшылары телеарналардан жұмыстан босатпау туралы тыйымның мерзімі аяқталғандығын хабарлап жатқанымен, өздерінің ешқандай әрекетке бармайтындарын айтты. Олар жұмысшылар арасынан 6 адамның кеңсеге кіріп сөйлесуін ұсынғанымен келіспей отырмыз. Өйткені бітімгерлік комиссиясы құрамына мұнайшылар талаптарын заң жүзінде қоя білетін Наталья Соколова, Ақжанат Әминов тәрізді сенімді өкілдеріміз болуы тиіс. Келісімді жүргізуге қытайлық басшылармен қатар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы президенті Қайыргелді Қабылдин, «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясы директоры Асқар Балжановтар қатысуы керек. Халық осы талаптары орындалмайынша алған беттерінен қайтпақ емес, – деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне қаражанбастықтар белсендісі Қуаныш Сисенбаев.

Оның айтуынша, қазір 160-тан астам адам заңсыз ереуілге қатысқаны үшін жұмыссыз қалған. «Компания кеңсесі алдына жиналған мұнайшылардың талаптары да өзгерген жоқ» дейді Қуаныш Сисенбаев.

– Ұзын-ырғасы 15 талап қойып отырғанымызбен, оны ең негізгі екі тармаққа бөлуге болады. Бірі – еңбек дауын комиссия арқылы өз адамдарымыз қатысуымен шешу, екіншісі – наразылық білдіргендерді қудаламау, қысым көрсетпеу. Әрине, арасында кей басшылардың жұмыстан кетуін талап еткен тәрізді шағын пункттер де бар. Бірақ бастысы осы аталғандар, – деп түсіндіреді Қуаныш Сисенбаев.

«ДЕПУТАТТАР ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖАЗҒАН ХАТТЫ АЛМАЙ КЕТТІ»

Ақтауға Еуропа парламентшілерінен соң бір топ мәжіліс депутаттары да келгенін айтады мұнайшылар. Олардың арасында Маңғыстаудан сайланған депутат Зейнолла Алшымбаев та болған екен. Қуаныш
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Сисенбаевтың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, шілденің 23-сі күні Ақтауға келген мәжіліс депутаттары мұнайшылардың үйлеріне қоңырау шалып, оларды қаладағы №24 мектепке кездесуге шақырған.

– Біз барудан бас тартып, бір өкілімізді оларға жіберіп, ортамызға шақырған едік. Бірақ келмеді. Содан соң депутаттар арқылы президентке хат беріп жібергіміз келген, оны да алған жоқ, – дейді Қуаныш Сисенбаев.

«Қаражанбас» акционерлік қоғамы телефонын ешкім көтермегендіктен олардың жағдайды реттеудегі жұмыстарына хабар алу мүмкін болмады

ҚАЛАМҚАС ҚОЛДАУ ТАНЫТТЫ

Шілденің 25-сі күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік компаниясы игеріп жатқан Қаламқас кеніші жұмысшылары да ереуілшілерге қолдау көрсету мақсатында таңертеңгі 7-ден 9-ға дейін жұмысты тоқтатты. Бұл жайлы Азаттық тілшісіне баяндаған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы құрамындағы Жетібай кен орыны жұмысшысы Қуаныш Жұмашев хабарлады.

– Қаламқастағы жұмысшылардан естуімше, олар облыс әкімі орынбасарына үндеу жолдап, «Қаражанбас» және «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларын жұмыстан шығармауды талап еткен. Әрі олардың жағдайлары туралы үнемі мәлімдеме жасалып тұруын сұраған, – дейді Қуаныш Жұмашев.

Оның сөзіне сүйенсек, Жетібай кеніші мұнайшылары да бұған дейін шілденің 14-і күні жұмысты екі сағатқа тоқтатып, ереуілдетуші мұнайшыларды қудаламауды, өздерінің жалақыларын көтеруді талап еткен.

ЖАҢАӨЗЕНГЕ ЕШКІМ КЕЛМЕДІ

Ал жаңаөзендік мұнайшылар өздеріне мораторийдің аяқталғанын ресми хабарлаған ешкімнің болмағанын айтады.

– Күнде жергілікті телеарналардан «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» басшысы Асқар Балжановтың жаппай жұмыстан шығарылатынымыз жөніндегі бұйрығын жариялап, қорқытуынан басқа ештеме естіп отырғанымыз жоқ. Бірақ біздің маңымызға тек мұнайшылар ғана емес, қарапайым халық та
Маңғыстау мұнайшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

жиналып жатыр. Жоғарыдан лауазымды тұлғаларды күткенімізбен, әлі төбе көрсеткендер болған жоқ. Наталья Соколованың да сотын бізге белгісіз себеппен шілденің 28-іне шегерілгенін естідік, – дейді «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы операторы Арыстан Жарылғасов.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешманов Азаттық тілшісінің қоңырауын қабылдамай, қалта телефонын сөндіріп тастағандықтан компания шешімін білудің де сәті түспеді. Ал бұған дейін шілденің 15-і күні Астанада брифинг өткізген «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясы директоры Асқар Балжанов 1500 жұмысшы жұмыс жасаудан бас тартқанмен, керісінше 3000-нан аса адамның жұмыс сұрап отырғанын хабарлаған еді.

– Біздің басты міндетіміз – мұнай өндіру. Мұнай тек Жаңаөзен тұрғындарына емес, бүкіл Қазақстанға тиесілі байлық. Кімде-кім 25 шілде күні таңертеңгі сағат 8.00-ден кешігіп, жұмысқа шықпайтын болса, онда Қазақстан Республикасы Еңбек заңына сәйкес шара қолданылатын болады, – деп ескерткен еді компания басшысы.
XS
SM
MD
LG