Accessibility links

Арнайы несиені бәрі бірдей пайдалана алмайды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қарағанды облысында билік әйелдерге өз кәсібін жеңілдікпен қаржыландыру мүмкіндігін ұсынады. Кәсіпкер әйелдің жас шамасына қарамай қатаң талаппен берілетін несие шектеулі. Несиенің бұл түріне қатысты кәсіпкер әйелдер пікірі екіге жарылды.

Қарағанды облысында жергілікті билік кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдерді ынталандыру үшін аймақ тұрғындарына жаңа – "әйелдерге арналған қаржыландыру» бағдарламасын пайдалануды ұсынады. Бірақ қаржыландыратын жоба қызықты, бизнеспен тікелей әйелдің өзі айналысатын болса ғана несие беріледі. Кәсібің агроөнеркәсіптік кешенге және мал сатып алуға қатысты болмауы тиіс, өйткені бұл бағытта өзге бағдарламалар жетеді. Тағы бір талап - бизнес-вуменнің өзі ғана емес, отбасы мүшелері де борышкерлердің қара тізімінде болмауы тиіс. Қысқасы, талап көп. Әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламасына кей әйелдер қызығушылық танытып отыр. Ал бұрын несие алып, оны төлей алмай қиналғандар жаңа несиеден жүрексінеді.

КӘСІП БАСТАУДЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ

Теміртаулық Светлана Глухих - қоғамдық тамақтандыру саласында көп жыл жұмыс істеген кәсіпкер. Бұрын өзгелерге жалданып жұмыс істегенімен, қазір өз кәсібін ашып алған. Оны ашқанына төрт жыл болған. Әуелгіде жеке кәсіпкер ретінде іске қосылған шағын бизнесі кейін тұтас кәсіпорынға айналған. Қазір ол зауыттың және студенттер асханасын жалға алып жұмыс істейді. Светлананың сөзінше, кәсібін бастаған кезде бизнес дегеннің не екенін мүлде білмеген, сондықтан проблемаларға тап болған. Олардың бірі қаржыландыруға тірелген.

- Ақшаны туыстарымнан, достарымнан қарызға алдым. Білместіктің кесірі ғой, "жеке тұлғаларға арналған несиеге" де ұрындым. Кейін тағы бір проблемаға тап болдым – қалдық тауар көлемі қандай болуы тиіс, қанша ақша қалуы тиіс дегенді білмейді екенмін. Өйткені ақпарат та аз, білімім де таяз болды. Әйел кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан кейін бизнес жүргізу оңайлады. "Әйелдерді қаржыландыру" бағдарламасы іске қосылыпты дегенді естіп, мен де сұрастырып көрдім. Жабдықтарды жаңартып, өндірісімді дамытқым келеді, сәтін салса, жаңа қоғамдық тамандыру орындарын ашуға мүмкіндік туатын шығар. Бірақ қазір мұның бәріне өз ақшам жетпейді, сондықтан мемлекеттік бағдарламаның көмегі артық болмайды, - дейді кәсіпкер Светлана Глухих Азаттық тілшісімен әңгімесінде.

Жеке кәсіпкер Жайна Сүлейменова. Қарағанды, 1 тамыз 2018 жыл.
Жеке кәсіпкер Жайна Сүлейменова. Қарағанды, 1 тамыз 2018 жыл.

Жайна Сүлейменова да әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламасы туралы көбірек сұрастырып көруді ұйғарған. Ол мектепке дейінгі балалар мекемелері желісін кеңейту үшін жеңілдікпен берілетін несиені пайдалануға бел буып отыр. Балабақшадағы орын жетпейтінін көрген көрген келіншек кейін жеке меншік балабақшасын ашуды ұйғарған. Осылайша әлеуметтік проблема бизнес ашуға түрткі болып, енді ол Қарағанды тұрғындары мен қала билігіне көмектесіп отыр. 10 балаға арналған шағын орталықтан басталған кәсібі кейін Қарағандыдағы үлкен балабақшаға айналған.

- Жаңа балабақша салудың орнына жеке меншік балабақшалар мемлекеттік тапсырыс алып, орындаса жақсы болар еді. Екіге толған балалар жеке меншік, бірақ ақысы мемлекеттік мекемедегідей болатын балабақшаға барар еді. Яғни олар үшін мемлекет қосымша төлейтін болады. Біз де осы жолмен жүріп, жеке меншік балабақша ашуды ұйғардық. СанПин (санитарлық ережелер мен нормалар – ред.), өрт қауіпсіздігі талаптары жағынан көп қиындық болды. Ас мәзірін диетологтармен бірлесіп әзірлеуің керек екен. Жалға коттедж алып, оны талапқа сай етіп жабдықтадық. Біртіндеп бала жинап, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей бастадық. Оны ашуға екі жылдай уақыт кетті, өйткені балабақшаға сұраныс деңгейін, нарықты, бала тәрбиесіне арналған әдістемені ұзақ зерттедім, білікті тәрбиешілер, логопед мамандар іздедім. Қазір балалардың тілі кешеуілдеп шығады, меніңше, бұл - гаджет, телефондардың кесірінен туған проблема. Бізде баланың тілін дамытуға көп мән беріледі, - дейді жеке кәсіпкер Жайна Сүлейменова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, жеке меншік балабақшалар ортасында "авторитет" жинауға "ұзынқұлақ" пен әлеуметтік желілердің себі тиген, соның арқасында сұраныс көбейе бастаған. Бедел жинағаннан кейін балабақшалар желісін кеңейткісі келген. Үш баланың анасы Жайна Сүлейменова балабақша тапшылығы қатты сезілетін аймақта тағы бір жеке меншік балабақша ашуға бел буған.

ТӘУЕКЕЛДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН НЕСИЕ

Самарқан ауылдық округында тұратын Тамара Т. деген кәсіпкердің айтуынша, несие алу қай кезде де қауіпті, әсіресе бизнесін енді ашқан адамға қиын тиюі мүмкін.

- Бірнеше жыл бұрын күйеуім екеуміз кәсіп ашқанда бала-шағамыз көп, аяқ асты бірдеңе болып қалса, қарызды қалай қайтарамыз деген оймен несие алуға жүрексінген едік. Сондықтан асықпайық деп ұйғарып, негізгі соманы өзіміз жинадық. Бұған қоса, кей мүліктерімізді сатып, түскен ақшаның бір бөлігін салдық. Сатушы жалдау тиімсіз, кейде тіпті шығыны көп нәрсе екеніне көзіміз жетті. Тіпті олармен соттасуға дейін жеткен кездеріміз болды, сондықтан енді дүкенде күйеуім екеуміз өзіміз тұрамыз, - дейді жеке кәсіпкер Тамара.

Теліханым А. бұрын қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеп, самса, хот-дог пісіріп сатқан. Ол да несие алуға жүрексінген. Сондықтан кәсібін аздан – әуелгіде күніне 100 хот-дог сатудан бастаған, кейін біртіндеп 1000-ға дейін жеткізген. Жергілікті колледждің буфетін жалға алып, кәсібін дамытуға қажет соманы жинаудың сәті түскен. Бірақ кәсібі жүрмеген.

- Буфетке балалар аз келеді, әсіресе каникул кезінде азайып кетеді. Бұған отбасымдағы жағдайлар қосылып, ақыры жабуға тура келді. Ал таныс кәсіпкер әйел де өзінің азық-түлік дүкенін жабуға мәжбүр болды. Өйткені тура іргесінен әлеуметтік павильон ашылып, жұрт оның дүкеніне бармай, әлгі жерден сауда жасайтын болды. Ақыры банкрот болып, дүкенін сатып жіберді. Енді кәсібімді қайта бастасам деп ойланып жүрмін. Көлік, жабдықтар сатып алып, самса, хот-дог пісіретін шағын бөлме жалға алғым келеді. Хот-дог – жұрт сүйсіне жейтін әрі талап әкететін өнім. Бірақ жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын пайдалана алмаймын, өйткені бұрындары алған несиені уақытында төлей алмай қалғанмын, - дейді теміртаулық тұрғын Теліханым Азаттық тілшісіне.

Әйелдер кәспкерлердің айтуынша, саланың қыр-сырын жетік білмеу, кәсіпкерлікпен айналысу қабілетіңнің жоқтығы, клиенттермен сөйлесе білмеу, тез байып кетсем деген ашкөздіктің кесірінен де кәсібің пайда әкелмей, тіпті шығынға батуың мүмкін.

Өзінің сәтсіз кәсіпкерлік тәжірибесі жайлы Қарағандының тағы бір тұрғын әйелі анонимді түрде айтып берді. Қарағандыда кәсіп ашу қымбатқа түсетін болғандықтан, бірнеше жыл бұрын күйеуі екеуі Теміртауда тұрғын үйде орналасқан дүкен сатып алған. Оны ашу үшін банктен үш миллион теңге несие алған, әрі таныстарынан осынша қарыз алған.

- Ісіміз оңғарылып, кәсібіміз бірден өрге домалайды деп ойлап едік, олай болмай шықты. Амал жоқ, қарызды қалтадан қайтаруға тура келді. Ақша жетпей пәтерімізді кепілге қойып тағы бір несие алдық. Ақыры қарыздан қарызға батып, несиемізді мүлде жаба алмай қалдық. Банк қарыз есебінен пәтерімізді де, дүкенді де тартып алды. Енді төрт баламен жалға алған пәтерде тұрамыз, - дейді ол.

Кәсіпкер әйелдердің сөзінше, тағы бір проблема - тәжірибелі әрі алдамайтын, таразыдан "жемейтін", ұрламайтын жауапты кадрлар жоқ.

ЖЕҢІЛДІКТЕР ТЕК ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН

Кәсіпкер әйелдер үшін "әйелдерді қаржыландыру" деген нәрсе мүлде жаңа ұғым. Осыған орай Қарағандыда Іскер әйелдер кеңесі таяуда арнайы кездесу өткізді. Әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасы қандай мүмкіндіктер беретінін тыңдау үшін кездесуге 20 шақты кәсіпкер әйел жиналды.

Қарағанды қаласында Іскер әйелдер кеңесі өкілдерімен кездесуде отырған кәсіпкер әйелдер. Қарағанды, 1 тамыз 2018 жыл. Фотоны "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі берді.
Қарағанды қаласында Іскер әйелдер кеңесі өкілдерімен кездесуде отырған кәсіпкер әйелдер. Қарағанды, 1 тамыз 2018 жыл. Фотоны "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі берді.

Кәсібін дамытқысы келетін кей әйелдер өздерін толғандырып жүрген сұрақтар қойды. Бұған қоса, енді ғана ойланып жүргендер де болды. Жиында жаңа бағдарламаны жеке кәсіпкерлер де, қызметкерлерінің кемінде жартысы әйелдер болса, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де пайдалана алатыны хабарланды. Банк бір жобаға 10 миллион теңгеге дейін несие бере алады. 5-7 пайыз жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиені әйелдер жасына қарамастан ала алады. Ең бастысы, бизнес әйелдің өз атында болып, онымен тікелей өзі айналысуы тиіс. Тағы бір шарт – несиеден үміткердің кем дегенде алты ай кәсіпкерлік тәжірибесі болуы тиіс. Бірақ аз-маз тәжірибесі бар жандардың да банкке жобасын ұсынып, бағын сынап көруге болады.

- Біздің әйелдер белсенділік танытса, бұл бағдарлама келер жылы да жалғасуы мүмкін. Қарағанды облысында ұтымды жобалар өте көп. Несие жеті жылға беріледі. Банкте қазірдің өзінде жеті жоба жатыр, банк екеуін мақұлдап та қойды. Ең басты талап - несие бюросының "қара тізімінде" болмауың керек. Тіпті бір кездері күйеуі несие алып, оны уақытында төлемеген болса да банк әйеліне жеңілдікпен несие бермейді. Банк кепілге қоятын мүлік талап етеді, бірақ кепілге қоятын мүліктеріңіз жетпесе, "ДАМУ" қорының кепілдігіне жүгінуге болады. Стартаптар "таза күйінде", яғни кепіл мүліксіз несиелендірілмейді, өйткені банктер мұндай тәуекелге келіспейді, - дейді Іскер әйелдер кеңесінің өкілі Жанаргүл Құлмағамбетова.

- Әйелдер кәсіпкерлігін несиелендіру үшін бизнес-жоспар құру қажет, ол қиын емес, оны құрастырып, өткізуге ең көбі 10 күн мерзім беріледі. Ең бастысы, адам өз кәсібінің қыр-сырын жетік біліп, идеясын әбден ойластырса болды, - дейді Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының маркетинг жөніндегі менеджер-кеңесшісі Елена Ташони.

Жеке меншік балабақша, оқу орталықтарын, сауда кәсіпорындарын дамытуға арналған жобаларын кей кәсіпкер әйелдер қазірдің өзінде банкке өткізіп қойған. Ұсынылған жобалардың ішінде тіпті қазақстандық дизайнерлерді қолдауға арналған фэшн-дүкен де бар. Кей әйелдер бағдарламаға қатысудан қарызға кіруден қорқып тартынып отыр.

Қазақстанда "әйелдер кәсіпкерлігін" қаржыландыру бағдарламасына биыл бір миллиард теңге бөлінген. Ресми дерекке сәйкес, шағын және орта бизнес саласында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген әйелдер бүкіл Қазақстан бойынша 794 мыңнан аса жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG