Accessibility links

Қанат Ибрагимов: Рухани жұтау заманы туды


Суретші Қанат Ибрагимов.
Суретші Қанат Ибрагимов.

Жаңаөзен оқиғасының екі жылдығы қарсаңында Азаттыққа сұхбат берген азаматтық белсенді әрі суретші Қанат Ибрагимов «оқиғаның әділ бағасы ешқашан берілмейді» дейді.

Суретші Қанат Ибрагимов – азаматтық белсенді, Қазақстан оппозициялық күштерінің «Азаттық» сыйлығының 2013 жылғы иегері, «Балық басынан шіриді» көркем акциясының авторы, саяси тұтқындар мен Жаңөзеннің сотталған мұнайшыларын қолдау мақсатында өткізілген қайырымдылық сурет көрмесіне қатысушы. Жаңаөзен оқиғасының екі жылдығы қарсаңында Қанат Ибрагимов Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

Азаттық: Қанат, жалпы суретші, оның ішінде тәуелсіз суретші болу қаншалықты қиын?

Қанат Ибрагимов: Қазақстанда суретші болу Ресейде жазушы болудан да қиын. Орталық Азияда суретші болу дегеніміз өз еркіңмен камикадзе болу деген сөз. Суретші болғың келсе отбасы, дос-жаран, ақша, махаббат сияқты нәрселерден қол үзуіңе тура келеді. Сталин түрмеге айналдырып кеткен Орталық Азия - өткен ғасырдың орта шенінен бастап нағыз мәдениеті де, нағыз өнері де жоқ меңіреу мекен. Диссиденттер мен «сенімсіз» жандарды жер аударатын халықтар түрмесі болған Қазақстан жерінде ажал лагерьлері болды. Сондықтан бұл жерде рухани ренессанс орнай қояды деген үміт жоқ.
Қазіргі жастарда «қайтсем қарпып қаламын» деген ашкөздіктен басқа мақсат жоқ. Рухани жұтау заманы туды. Тобырдан сәл бөлінсең бітті, бәрі дей алмаймын, бірақ көп адам сенімен араласуды қояды.

Суретші ешкімнің алдында міндетті емес. Жалғыз міндеті - өз халқы үшін жан беру. Әсірелегім келмейді. Ондай көпірме сөздердің заманы өткен. Бірақ меніңше, әрбір саналы суретші 1986 жылдың желтоқсанында Алматыдағы оқиға кезінде немесе 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзендегі халыққа оқ атылған сәтте үнсіз қалмауы тиіс.

ЖЕЛТОҚСАН МЕН ЖАҢАӨЗЕН

Азаттық: 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысушы ретінде Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары арасында қандай байланыс бар деп ойлайсыз?

Қанат Ибрагимов: 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан кейін Асанәлі Әшімов, Ермек Серкебаев, Қалижан Бекхожин сияқты «шығармашылық тұлғалар» мен тағы бір топ «зиялы қауым» өкілдері «арақ пен есірткіге масайып алып, қаланы күйретіп, өртеген ондаған бұзақы жастар үшін біз ұяламыз» деп мәлімдеді.

Суретші Қанат Ибрагимов (сол жақта) наразылық акциясында сөйлеп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.
Суретші Қанат Ибрагимов (сол жақта) наразылық акциясында сөйлеп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.
Араға 25 жыл салып, 2011 жылдың желтоқсанында бұл Жаңаөзенде қайталанды. Әлгі зиялысымақтар Жаңаөзен оқиғасынан кейін «Бір топ нашақор Жаңаөзенде ойран салды» деп мәлімдеді. Бұлар - 1986 жылдың желтоқсанында бізді алаңнан қуған адамдар.

Жаңаөзен немесе Желтоқсан туралы бейтарап позиция ұстағысы келетін қайраткерлер де бар. Бірақ бұл мүмкін емес. Сен халық жағындасың не оған қарсысың - екінің бірі. Мұндайда «жалпақшешейлік» жүрмейді. «Екеуіңнің де шайқасыңа қатысым жоқ» деу мемлекеттік жазалаушылардың ығына жығылу деген сөз.

АЗАМАТТЫҚ АКЦИЯЛАР ТУРАЛЫ

Азаттық: Қанат, өзіңіздің радикалды акцияларыңыз жайында не айтасыз Мұндай акцияларды жиі өткіздіңіз ғой.

Қанат Ибрагимов: Менің акцияларым - ревоюцияға үндеу, халықты қазіргі биліктің зұлымдығы мен зомбылығына қарсы шығуға шақыру.

Қазақстан президентіне жыныс мүшемді тарту етем деген акцияда садомазохизм элементтері бар әрине. Бірақ бұл - сарказмның шектен шыққан формасы. Мұны дене мүшесін зақымдау деп тура мағынада емес, сананың диверсиясы деп ұққан жөн.

Қанат Ибрагимов қарсылық акцияларының бірінде шешініп жатыр. Алматы, 24 тамыз 2009 жыл.
Қанат Ибрагимов қарсылық акцияларының бірінде шешініп жатыр. Алматы, 24 тамыз 2009 жыл.
Қазір жұрттың көбі радикалды азаматтық акцияларым үшін, халық жағына шыққаным үшін менен қашқақтап жүреді. «Егер тағы бір рет алаңға шығатын болса, үстінен қылмыстық іс қозғаймыз» деп бұрынғы әйелім мен ұлыма сес көрсетіпті. Бірақ мен қорықпаймын. Жаңаөзен оқиғаларынан кейін жиынға қатысқаным үшін 30 тәулік отырып шықтым. Екі мәрте аштық жарияладым.

Азаттық: 1986 жылдың желтоқсан оқиғалары әлі әділ бағасын алған жоқ. Ал Жаңаөзен оқиғаларына мұндай баға қашан беріледі деп ойлайсыз? Жастардың көбі бұл оқиғалардан хабарсыз ғой.

Қанат Ибрагимов: Оларға бәрібір. Бұған бас қатырғысы келмейді. Бұл оқиғаларға қатысы бар,1986 жылдың желтоқсанында бізді Алматыдағы алаңнан қуып шығу үшін «Боран» операциясын тікелей басқарған адамдар мемлекет басында отырғанда бұл оқиғалардың әділ бағасы ешқашан берілмейді.

Азаттық: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен Жаңаөзен оқиғасының бағасы қазіргі билік кеткен соң ғана шығады дегіңіз келе ме?

Қанат Ибрагимов: Бұл билік кетпейді. Ешқашан кетпейді.

Қазір ақпарат алаңы қысымға түскен. Желтоқсанның 16-сы қарсаңында бүкіл тәуелсіз БАҚ-ты жапты. Ешкімнің аузын ашқызбайды. Кезінде үн шығаруға қауқарым жоқ болса да, Совет Одағы түрме екенін түсінетінмін. СССР-дің адамның жаны мен тәнін басып жаншитын репрессив машина екенін
Қанат Ибрагимов митингі модераторы болып тұр. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.
Қанат Ибрагимов митингі модераторы болып тұр. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.
түсінетінмін. Жас социалистердің «СССР тұсында халық жақсы өмір сүрді» деген сөзіне сенбеңдер. СССР кезінде өмір сүрмеген олар совет заманын марксистік ілім тұрғысынан бағалайды.

Совет Одағына деген қарсылық еркімнен тыс бойымды билеп алғаны соншалық, 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шықтық.

Егер заманға сай өткір суретші болғың келсе, мейлі ЛГБТ (лесбий, гей, бисексуал, трансгендер - ред.), мейлі револция, мейлі әлеуметтік проблема болсын, қоғамның кез келген проблемасынан тыс қалмауың керек. Яғни суретшінің азаматтық ұстанымы болуы тиіс.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет.
XS
SM
MD
LG