Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда былтыр тағы 8 бала ВИЧ жұқтырған


ВИЧ дертіне шалдыққан ұл бала сурет салып отыр. Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығы, 30 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
ВИЧ дертіне шалдыққан ұл бала сурет салып отыр. Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығы, 30 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Шымкентте ВИЧ жұқтырған кей балалардың ата-аналары медициналық қызметке көңілдері толмайтынын айтады. Мамандар мұның себебін қаражат тапшылығымен түсіндіреді.

Осыдан 10 жыл бұрын Шымкенттегі ауруханалардың бірінде қан құю кезінде ВИЧ (адамның иммунитет тапшылығы вирусы) дертін жұқтырған 149 баланың бірінің әкесі Қанат Әлсейітов өңірдегі медициналық қызметтің сапасына наразы. Ол журналистерге сұхбат берген кезінде:

– Біздің оңтүстіктегі СПИД орталығының берген [қандағы вирус саны] 500-ден төмен деген анализге көңіліміз толмады. Мен сіздердің көздеріңізше бұл анализдерді [қоқыс шелегіне] тастаймын. Ол - әшейін қағаз, түкке жарамайтын анализ. Бізге вирустың қан ішінде не істеп жатқанын айтпады - деп жанында тұрған шелекке жергілікті СПИД орталығы берген талдама нәтижелерін тастады.

Оңтүстікте былтыр тағы 8 бала ВИЧ жұқтырған
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:01 0:00
Жүктеп алу

Оның айтуынша, «вирустың қандағы саны» (дәрігерлер «вирустық жүктеме» атайды - ред.) 50 немесе одан да төмен болуы керек.

- Біз қаңтар айында республикалық СПИД орталығына анализ өткізіп, олар қандағы вирус саны 34-тен төмен екенін (яғни аурудың үдеу қаупі азайған – ред.) білдік, - дейді Қанат Әлсейітов.

Қанат Әлсейітов «Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы қандағы вирустық жүктеменің қанша екенін анықтау үшін 10-15 баланы Алматы мен Астанаға жібергелі отырғанын» айтты. Ол екі жылдан бері облыстық СПИД орталығындағы ескі құрылғыны жаңасымен алмастыру туралы тиісті мекемелерге арыз жазып, еш нәтиже шығара алмағанын айтады. Ол балалары ВИЧ жұқтырған ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізу және психологиялық көмек көрсету сапасына да наразы.

ВИЧ жұқтырған бала әкесінің шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

«224 БАЛАНЫҢ 26-СЫ АУРУЫ ТУРАЛЫ БІЛЕДІ»

Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов мекемедегі қандағы вирус мөлшерін анықтайтын аппаратты жаңарту үшін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне 2014 жылдан бері өтініш жазып жүргендерін айтады.

– Қаражаттың жоқтығына байланысты аппарат сатып алу тоқтап тұр. Егер біздегі аппарат жарамсыз болса қолдануға тыйым салынатын еді. Әзірше тыйым салынған жоқ. Қазіргі аппараттың вирустық жүктемені көрсету шкаласы 500-ден жоғары, – дейді ол.

Шымкенттегі ана мен бала орталығының бас дәрігері Бақытжан Шәкенов те Қанат Әлсейітовтің қандағы вирус деңгейін анықтайтын аспапқа қатысты талабымен таныс.

– 2015 жылға дейін баланың қанындағы вирустық жүктемені анықтау үшін алынған қанды облыстық СПИД орталығына жіберетін едік. Жаңа жылдан бастап республикалық СПИД орталығына жіберетін болдық, – деді ол Азаттыққа.

ВИЧ жұқтырған қыз бала "Ана мен бала" орталығында ойнап отыр. Шымкент, 2010 жылдың қазаны.
ВИЧ жұқтырған қыз бала "Ана мен бала" орталығында ойнап отыр. Шымкент, 2010 жылдың қазаны.

Бақытжан Шәкеновтің дерегінше, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ жұқтырған 224 бала бар, олардың 197-сі арнайы дәрі қабылдайды.

ВИЧ жұқтырған балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істеп келе жатқан психолог Ұлбосын Әбдірайымова «қазіргі басты мәселе – ВИЧ жұқтырғанын балаларға дертін айту» деп біледі.

– Қазір 224 баланың 26-сы өз ауруы жайлы біледі. Балаға ауруы туралы айту үшін ата-аналармен жұмыс жүргіземіз. Ата-аналар бұл мәселені көтергенде қашқақтайды. Ата-ананың келісімінсіз статусты аша алмаймыз. Көп уақытымыз ата-ананы көндірумен кетеді, – дейді психолог Ұлбосын Әбдірайымова.

Балаларға ВИЧ жұқтырғандарын 12-13 жасында естірту тиімді деп тапқан маман «биыл 20-30 балаға ауруы туралы айтуымыз керек» дейді.

Қазақстандағы ең ірі ВИЧ жұқтыру оқиғасы 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Ол кезде Шымкент ауруханаларының бірінде жас сәбилерге қан құю кезінде 149 балаға ВИЧ дерті жұққаны анықталған. Бұл жағдайға қатысты жауапты медициналық мекемелер мен әкімшілік қызметкерлер үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2007 жылдың маусым айында осы іс бойынша сот үкім шығып, айыпталушы 21 адамның төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 2 мың 735 адам ВИЧ диагнозымен өмір сүріп жатыр. Бұл аймақтағы ВИЧ жұқтырған 2-15 жас аралығындағы 224 баланың сегізі бұл ауруға былтыр жолыққан.

XS
SM
MD
LG