Accessibility links

Әлеуметтік мәнін министрлікте жоғалтқан сырқаттар


Баыс Қазақстандағы емханалардың бірі. (Көрнекі сурет)
Баыс Қазақстандағы емханалардың бірі. (Көрнекі сурет)

Денсаулық сақтау министрлігі "әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін" қысқартуды көздеп отыр. Бұл жайт бірқатар науқас баланың ата-аналары мен сарапшылардың наразылығын тудырды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мемлекет есебінен тегін емделетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін өзгерту туралы ұсынысын сейсенбі күні Алматыда журналистермен кездескенде және бір мәрте негіздеуге тырысты. Бұл тізімге бұрын енген 13 пункттің енді тек төртеуі қалған. Өзгеріске сәйкес балалардың сал ауруы, қант диабеті, инфаркт, астма мен гепатит тәрізді сырқат түрлері "әлеуметтік маңызды аурулар" тізімінен алынып тасталмақ. Бұйрыққа әлі қол қойылған жоқ, жобаны қоғам болып талқылау маусымның 6-сында аяқталды.

"АДАМШЫЛЫҚҚА ҚАЙШЫ ҚҰЖАТ"

Алматылық Марияның он жастағы қызы қант диабетіне шалдыққан. Ол денсаулық сақтау министрлігі талқылауға ұсынып отырған өзгерістерге үзілді-кесілді қарсы.

Әлеуметтік мәні бар сырқаттар

"Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығына сәйкес тізімделген әлеуметтік мәні бар ауру түрлері (жаңадан ұсынылған тізімде қалатындары қарайтылды)

  1. Туберкулез
  2. Адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру
  3. Созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы
  4. Қатерлі ісіктер
  5. Қант диабеті
  6. Психикалық бұзылулар және мінез-құлықтың бұзылуы
  7. Балалардың церебралдық параличі (сал ауруы)
  8. Миокардтың жіті инфаргі (алғашқы 6 ай)
  9. Ревматизм
  10. Дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары
  11. Нерв жүйесінің дегенерациялық аурулары
  12. Орталық нерв жүйесінің миелинсіздендіруші аурулары
  13. Орфандық аурулар

- Ата-аналар арасында қант диабеті енді әлеуметтік маңызды аурулар тізімінен алынып тасталады дегенді естіп, есеңгіреп қалдым. Қант диабетін әлеуметтік маңызды емес деуге кімнің дәті барды? Сонда біздің қазір алып жүрген тегін дәрі-дәрмек пен ем-домымыз билікке қатты салмақ түсіріп жатқаны ма? Балам бес жылдан бері қант диабетіне шалдыққан. Оған үнемі бақылау қажет. Қандағы қант мөлшерін күніне кем дегенде 7-8 рет тексеріп тұру қажет. Бір глюкометріңіз ары кетсе, 3-4 айға жетеді. Оған қажетті тест-сызықшалар сатып алу керек. Айына ондай 4-5 орама керек. Одан бөлек инесі мен щприцтері тағы бар. Орта есеппен балама ай сайын 70-80 мың теңге кетеді. Қазір осының жартысынан көбін тегін алып келемін. Ал мына бұйрық күшіне енсе, не болады? - дейді Мария.

"Ұлағатты жанұя" қоғамдық ұйымы жетекшісі, құқық қорғаушы Марианна Гурина, бұл бұйрық жобасының "Конституцияға қайшы екенін" айтады.

- Конституцияда мемлекеттің елге қамқор болуы мен адам алдындағы жауапкершілігі айтылған. Ал қазір шұғыл көмекті қажет ететін адамдар, оның ішінде балалар, өлместің күнін көруге мәжбүр. Диабетке, гепатит пен сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары әдетте жұмыс істемейді. Сонда енді олар қалай өмір сүреді? Бұл құжат адамшылыққа қайшы деп ойлаймын, - дейді Марианна Гурина.

"ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ ҚЫСҚАРТПАЙМЫЗ"

Маусымның 6-сы күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Азаттыққа тізімнен түсіп қалатын кейбір аурулар үшін дәрі-дәрмек мемлекет есебінен тегін болып қала беретінін айтты.

Диабет, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық дерті, сал ауруы сияқты сырқаттар 30 ауру түрі бар топқа кіреді әрі қамтылады. Біз тек формальды түрде тізімде болған, қосымша қамсыздандырылмаған вибрациялық ауру, Альцгеймер ауруы, тіпті май табан сияқты сырқаттарды алып тастадық. Ең маңызды, ең кең тараған, ең сирек кездесетін негізгі ауру түрлеріне көңіл бөлу үшін қысқартып жатырмыз. Ал барлық дәрі-дәрмекті қысқартпаймыз, - деді министр.

Кейбір денсаулық сақтау саласының белсенділері министрдің сөзіне күмәнмен қарайды. Олар әзірше әлеуметтік мәні бар ауру санатында тұрған сал аурына шалдыққан мүгедектер үшін маңызды дәрі-дәрмектердің әркез ақылы болғанын айтады. Мүгедек балалар ата-аналары ассоциациясының (АРДИ) төрайымы Әсия Ахтанова Азаттыққа:

Мүгедек балалар ата-аналары ассоциациясының (АРДИ) төрайымы Әсия Ахтанова
Мүгедек балалар ата-аналары ассоциациясының (АРДИ) төрайымы Әсия Ахтанова

- [Сал ауруына шалдыққан балаларға қажетті] маңызды дәрі-дәрмек онсыз да ақылы. Сал ауруына шалдыққандар үшін денсаулық сақтау министрлігі арқылы ешнәрсе жоқ десе де болады. Тек пайдасы шамалы үш-төрт витамин береді демесеңіз, - дейді Әсия Ахтанова.

Ахтанова келтірген дерекке сәйкес, Қазақстанда қилы дертке шалдығып, мүмкіндігі шектеулі болып қалған, жасы 16-ға толмаған 50 мыңнан аса бала бар. Ал мүгедектердің жалпы саны 400 мыңнан асады.

"САҚТАНДЫРУЫ ЖОҚТАР НЕ БОЛМАҚ?"

Tengrinews.kz ақпарат сайтының хабарлауынша, министр Біртанов диабет сияқты жаңа тізімге қосылмаған маңызды сырқаттың "динамикалық бақылауға алынатынын", бөлек тізімге енгізілетінін айтқан.

Министр әлеуметтік мәні бар ауру түрлері тізіміне ілінбей қалуы мүмкін сырқат адамдар жеке мамандардың кеңесі сияқты қосымша медициналық қызмет түрін пайдаланулары үшін медициналық сақтандыруы болуы керектігін ескертті.

Денсаулық министрі Елжан Біртанов. Алматы, 6 маусым 2018 жыл
Денсаулық министрі Елжан Біртанов. Алматы, 6 маусым 2018 жыл

- Біз, әрине, барлық азаматтарымыз сақтандырылмайтындығын түсінеміз. Бұған уақыт қажет. Ол үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа форма ойластырып жатыр, - деді ол.

Ал Марианна Гурина бұл ұсыныстың астарына үңілуге, қоғам болып талқылауға шақырады.

- Бұл құжаттың ең сорақысы, министр "әлеуметтік мәні бар аурулар тізімі қысқармайды" дей отырып, сал ауруы мен диабет "ерекше динамикалық бақылауды қажет ететін" аурулар тізіміне енгізілгенін айтады. Бірақ, 2020 жылы медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енетінін ескерсек, онда әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне кірмейтін аурлар түрі екінші пакет арқылы емделетіні жазылған. Яғни, сал ауру мен диабетке шалдыққандар сақтандыру төлемдері болса ғана тегін емделе алмақ. Ал ондай төлемі жоқтар ше? – дейді ол.

Қазақстанда 2016 жылғы есеп бойынша 508 мыңнан астам адам әлеуметтік мәні бар дерттерге шалдыққан. Олардың 300 мыңдайы диабетпен ауырады. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік мәні бар ауруға ұшыраған елдің барлық азаматтары медициналық сақтандыруы жоқ болса да, тегін емделе алатынын мәлімдеп келген. Министр Елжан Біртановтың сөзінше, Қазақстанда түрлі диагнозға ие үш жарым миллион адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG