Accessibility links

Қазақстандағы балалар үйі тәрбиеленушілерінің арманы


Футболдан іріктеу ойындарына қатысып жатқан балалар үйі тәрбиеленушілері. Қарағанды, 11 мамыр 2018 жыл.
Футболдан іріктеу ойындарына қатысып жатқан балалар үйі тәрбиеленушілері. Қарағанды, 11 мамыр 2018 жыл.

Қарағанды облысында футболдан іріктеу ойындарына қатысқан балалар үйі тәрбиеленушілері спортта жетістікке жеткісі келеді. Ал кей балалар жаңа отбасын табуды армандайды.

"ТІРІ" ЖЕТІМДЕРДІҢ АРМАНДАРЫ

14 жастағы Алдиярдың "Таңшолпан" балалар үйінде тұрып жатқанына екінші жыл. Алдияр – ашық-жарқын бала. Сүйікті пәндері - география мен тарих, өскенде электровоз машинисі болғысы келеді. Қазір мектепте оқып жүр әрі футболмен шұғылданады. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің арасында футболдан өтетін "Арманға бастар жол" республикалық чемпионатына екі жыл қатарынан қатысқан. Оларға турнир өзін дамытуға ғана емес, бала асырап алғысы келетін жандардың көзіне түсуге де мүмкіндік береді.

- Өзіме балалар үйінде тұрған ұнайды, ол жерде мүмкіндік көп. Футболмен шұғылданамын, алаңда қорғаушы болып ойнаймын. Былтыр командамыз республикалық чемпионатта жеңіп, Ұлыбританияға барып келдік. Естен кетпес әсер алдық, көптеген көрікті жерлерін тамашаладым, әлемге әйгілі футболшылармен таныстым, қаланы араладық. Бұл жолы да жеңеміз, Францияға барамыз, франциялық "Пари Сен-Жермен" футбол клубының әлемге танымал ойыншыларымен жүздесеміз деп үміттенеміз, - дейді Алдияр Азаттық тілшісіне.

"Арманға бастар жол" республикалық чемпионаты іріктеу жарысына қатысып жатқан "Таңшолпан" балалар үйі тәрбиеленушісі Алдияр. Қарағанды, 11 мамыр 2018 жыл.
"Арманға бастар жол" республикалық чемпионаты іріктеу жарысына қатысып жатқан "Таңшолпан" балалар үйі тәрбиеленушісі Алдияр. Қарағанды, 11 мамыр 2018 жыл.

Алдиярдың шешесі бар, бірақ сот оны аналық құқығынан айырған. Баланың сөзінше, анасы оған анда-санда келіп тұрады.

- Бізде шешелері келіп, балаларымен жолығып тұруына тыйым салынбаған. Ананың аты ана ғой. Бала анасымен қайта қауыша ала ма, жоқ па - бұл бірінші кезекте баланың шешесінің өзіне және сот шешіміне байланысты, - дейді Алдияр мен өзге балаларды ертіп жүрген "Таңшолпан" балалар үйінің заңгері Аян Кәрім Азаттық тілшісіне.

Жуырда Қарағандыда Францияға бару құқығын жеңіп алу үшін футболдан алтыншы іріктеу ойыны өтті. Турнирге Қарағанды облысынан төрт команда - "Таңшолпан", "Құлыншақ", Осакаров балалар үйлері мен Литвинск мектеп-интернаты тәрбиеленушілері қатысты.

Оқи отырыңыз: Футбол ойнаудың арқасында жаңа отбасын тапқандар

Іріктеу ойындарына қатысқан 13 жастағы Никита "Құлыншақ" балалар үйінде тұрады. Ол сөзін ересектерше салмақтап, "болашақта Қазақстанда балалар үйлері саны азаюы тиіс" дейді.

- Анам бар. Маған келіп тұрады, бірақ оны ата-ана құқығынан айырған. Балалар үйінде тұрып жатқаныма бес жыл болды. Бізде арнайы бекітілген күн тәртібі бар. Сабақ оқу мен жаттығудан бөлек, бізді үй шаруасына да үйретеді. Өзім спорттың бірнеше түрімен шұғылданамын. Механик немесе шахтер болып жұмыс істегім келеді. Балалар үйінде тұрған ұнайды, бірақ балалар үйлері азаяды деп естідім. Отбасында тұрғым келеді, - дейді Никита.

Әңгімеге осы балалар үйінде тұратын 11 жастағы Максим араласты. Ол да отбасында тұрғысы келеді.

- Балалар үйіне келгеніме екінші жылға айналды. Өзге балаларға ата-аналары келіп тұрады, ал маған ешкім келмейді, бірақ анам тірі. Ол кісінің мені неге іздеп келмейтінін білмеймін. Өскен кезде аспаз болып жұмыс істегім келеді, тамақ пісіргенді жақсы көремін, - дейді Максим.

Балалар үйі өкілдерінің айтуынша, тәрбиеленушілер арасында сабағын да жақсы оқып, спортпен де белсенді айналысып жүрген дарынды балалар көп.

- Қазіргі кезде балалар үйлерінде тәрбиеленушілерге жақсы жағдай жасалған, бес мезгіл тамақтандырады, қажет дүниенің бәрімен қамтылған. Мысалы, футболмен шұғылдануды жалғастырғысы келген бала болса, оған көмектесеміз. Басты мақсатымыз – өмірден орнын табу үшін баланы дұрыс жолға салу. Бізде қазірдің өзінде төрт бала футболмен кәсіби деңгейде айналысып жүр, - дейді "Таңшолпан" балалар үйінің заңгері Аян Кәрім Азаттық тілшісіне.

ЖАҢА ОТБАСЫН ТАБУ МҮМКІНДІГІ

Футболдан іріктеу турниріне қатысқан балалар үйі тәрбиеленушілерінің көбінің екеуі бірдей болмағанымен, әкесі немесе шешесі бар. Бірақ олар түрлі себептермен ата-ана құқығынан айырылған. Тәрбиеленушілердің бірен-сараны ғана тұл жетім. Солардың бірі - 13 жастағы Владислав бес жыл бұрын әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін балалар үйіне келген. Балалар үйі өкілінің сөзінше, бұл жерге бауыр басып кеткен жеткіншек әзірше жаңа отбасына барғысы келмейді. Владислав спорт мектебінде оқиды. Жасы шамалас балалар арасында шаңғы жарысынан чемпион атанған. Бұған қоса, ол футболмен де әуестенеді. Тәлімгерінің сөзінше, болашақта Владиславтың спортта жетістікке жету мүмкіндігі зор.

"Арманға бастар жол" республикалық чемпионаты іріктеу жарысына қатысушылар. Қарағанды, 11 мамыр 2018 жыл.
"Арманға бастар жол" республикалық чемпионаты іріктеу жарысына қатысушылар. Қарағанды, 11 мамыр 2018 жыл.

Балалар үйі өкілдерінің айтуынша, балалардың көбі қайтадан тастанды болудан қорқады. Ойын көруге келген тәрбиеленушілердің бірінің ата-ана құқығынан айырылған анасы "ұлымның балалар үйінде болғаны жақсы" дейді.

- Балам үйден қашып кете беретін. 10 жасында сот мені аналық құқығымнан айырды. Сол кезде балалар үйіне тап болғаны үшін ұлым қазір маған тіпті рахмет айтады. Әйтпесе қай жерде қаңғып жүрер еді, не істеп, қалай өмір сүрер еді. Өзімнің де тұрақты баспанам жоқ. Кезінде пәтерімді кепілге қойып, несие алғанмын. Оны төлей алмай, ақыры баспанасыз қалдым. Ал балалар үйінде барлық жағдай жасалған. Балам - спортшы, оны қатты мақтан тұтамын, - дейді Ольга Коновалова Азаттыққа.


Қарағандылық Жұлдыз Байжанова - "Арманға бастар жол" чемпионатының жас футболшыларына демеуші іздеп, олардың жаңа ата-ана тауып алуына көмектесіп жүрген ерікті. Жұлдыздың өзі де бала асырап алған – кезінде ол Көкшетаудағы балалар үйінен жасөспірім қызды патронаттық тәрбиеге алған.

- Олар тіпті чемпион болып кетпесе де, балаларда ары қарай өмір сүруге деген құлшыныс, сенім пайда болады ғой. Бұған қоса, чемпионат аясында адамдар балаларды жақынырақ танитын болады, олардың отбасы табу мүмкіндігі де артады деп үміттенеміз. Бізде ондай оқиғалар болған. Бірақ Алматыдай емес, Қарағанды қаласында бұл жағы қиындау. Алматыда жаңа отбасын табуға септесетін волонтерлер көп. Ол жақта, мысалы, кей еріктілер балаларды тіпті өздері асырап алады. Бірақ Литвинов және Осакаров балалар үйлеріне барып, каникул кезінде балаларды үйлеріне алып кетіп, оларды өмірге баулитын қарағандылық волонтерлерді танимын. Оларға мемлекеттік органдардан әлдебір анықтама қағазды қалай алуға, қалай жұмыс табуға, кезекке қалай тұруға, қалай жаңа мамандық алуға болатынын үйретеді. Олар ашылып сырласуға, сөйлесуге мұқтаж, оларға өмір бойы жанында болатын ересек адам керек. Өйткені балалар үйінен кеткен кезде олар жетімсіреп, кішкентай бала сияқты дәрменсіз болып қалады – ары қарай қалай өмір сүріп кетуді білмейді, - дейді волонтер Жұлдыз Байжанова Азаттық тілшісіне.

Ұйымдастырушылар мен еріктілер бала үшін "Арманға бастар жол" футбол чемпионаты – спортта танылу ғана емес, отбасын табу үшін де жақсы мүмкіндік деп санайды.

XS
SM
MD
LG