Accessibility links

Ақтөбе қалалық соты 27 жүргізушінің талабын қанағаттандырмады, енді олар облыстық сотқа шағымданбақшы


Ақтөбе қалалық соты ғимаратының сыртқы көрінісі.
Ақтөбе қалалық соты ғимаратының сыртқы көрінісі.

Ақтөбе қалалық соты Өзбекстанның Нүкіс қаласында 4 ай абақтыда отырған 27 көлік жүргізушінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қарсы шағымын қанағаттандырмады. Облыстық сот та оң шешім шығармаса, халықаралық ұйымдарға жүгінеміз дейді олар.

ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ АДАСУЫНА ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ КІНӘЛІ ЕМЕС

Ақтөбелік жүргізушілер Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара әскерлерін осыдан бір ай бұрын сотқа берген болатын. Бас-аяғы екі - ақ күнге созылған сот процесі олардың талап-арыздарын қанағаттандырмай тастады.

- Ақтөбе қалалық сотының судьясы Жанна Ли, «шекара әскерлерінің істегендерін дұрыс» деді, «арнаулы белгілер болмаса да шекарадан өткен жүргізушілер өздерінің шекараны басып өтіп бара жатқандығын білуі керек» деп айтты. Сот жүргізушілердің талабын орынсыз деп тауып, шағымдарын қанағаттандырған жоқ, – дейді сотта жүргізушілердің мүддесін қорғап жүрген Айдос Садықов біздің радиомызға берген сұхбатында.

Естеріңізде болса жүргізушілер, өздерінің боранды күні көрші мемлекеттің территориясына адасып өтіп кеткендігіне шекара қызметкерлерін кінәлаған еді. Өзбекстанның Нүкіс қаласында қамауда отырған 4 ай бойына көрген азаптары үшін олардың әрқайсысы 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы талап еткен еді. Алайда Ақтөбе қалалық соты ол өтемақыны өндіріп бермейтін болды. Дегенмен жүргізушілер өз құқықтарын қорғау үшін мұнымен тоқтамайтындықтарын айтады.

- Қазір апелляциялық шағым жазып жатырмыз. 15 күннің ішінде оны тапсырып, одан кейін тағы сол шешімді күтетін боламыз. Ал егер ол ісімізден де ешнәрсе шықпаса, республикадағы барлық инстанциялардан өтіп, халықаралық ұйымдарға шағымданбақпыз, – дейді Айдос Садықов.

ҚАЗАҚСТАН СОТТАРЫНДА ӘДІЛДІККЕ ЖЕТУ ҚИЫН

Ақтөбелік 27 жүргізуші биылғы ақпан айының 26-сы күні Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас аймағында ұсталған болатын. Өзбекстан прокуратурасы 27 қазақстандыққа «өзге республикаға заңсыз өту», «ұрлық» және «кеден заңдылығын бұзу» деген айыптар тағып, екеуін ұйымдастырушы ретінде 15 жылға, қалғандарын 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Істі қарай келе Нүкіс соты барлық техниканы тәркілеп, 27 жүргізушінің әрқайсысына 11 мың доллар шамасында айыппұл белгілеген еді. Дегенмен ол соманың өзін де қарапайым жүргізушілердің қалтасы көтермей отыр. Апелляциялық шағым да көмектеспей, Нүкіс сотының шешімі сол қалпында қалдырылды.

Айдос Садықов ақтөбелік жүргізушілердің Қазақстанда жеңіске жетуі екіталай деген ой айтады.

- Біздің соттарды халық емес, үкімет тағайындайды ғой. Сондықтан біздің сот халықтың қамын емес, мемлекеттік органдардың қамын ойлайды. Осы тұрғыдан алғанда біздің жүргізушілер бұл істі жеңіп шығады дегенге мен аса сенбеймін, дегенмен тырысып көру қажет, – дейді сол.

Осы іске қатысты жауап беруші жақ - ҰҚК қарасты әскери шекара қызметінен қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады, Ақтөбеге бірнеше рет қоңырау шалғанымызда телефон тұтқасын ешкім көтере қоймады. Сот процесіне қатысқан ақтөбелік журналистер ҰҚК-нің қызметкерлері "ешқандай БАҚ өкілдеріне сұхбат бермейтіндіктерін" айтқан болатын дейді.

Ал 27 көлік жүргізушінің талап-арызы бойынша қалалық сот шешім шығарған дүйсенбі күнгі сот мәжілісіне жауапкер жақ - ҰҚК-не қарасты әскери шекара қызметінен ешкім қатыспаған.
XS
SM
MD
LG