Accessibility links

Қазақстан Армиясы жаңа саяси маусымды әскери шерумен бастады


Қазақстан Армиясының ел Конституциясының 14 жылдығына арналған әскери шеруі. Астана. 30 тамыз. 2009 жыл
Қазақстан Армиясының ел Конституциясының 14 жылдығына арналған әскери шеруі. Астана. 30 тамыз. 2009 жыл

Тамыздың 30-ы күні Астанадағы “Қазақ елі” монументі алдында әскери шеру өтті. Ол Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. Азаттық тілшісі ресми Астананың әскери мүмкіндігін көрсетуіне не себеп болғанын білуге тырысқан еді.

Армия жасақтары мен әскери техникалардың мүмкіндігін көрсету сияқты ұмытылып бара жатқан шараларды көрнекі түрде жарнамалауға қырғи ұшақтар тартылған. Сол себепті Астананың көгіндегі әскери оқу-жаттығу көріністерін тамашалауға жұрт таңертеңнен жиналды.

Конституция күніне арналған әскери шеруге совет кезіндегі ауыр көліктермен қатар бүгінгі заманғы Хаммер сияқты 120 шақты соғыс техникасы мен 2 мыңнан аса әскер қатысты.
Қазақстан Конституциясы күнгі Астанадағы әскери шеру. 30 тамыз, 2009 жыл.


Бұл шеруге қатысушылар мен қонақтар алдында сөйлеген Қазақстан президенті, Қазақстан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ата заңмен қатар 14 жылдың ішінде ел экономикасы 8 есе көтерілді, халықтың табысы 17 мәрте өсті деп айтты.

Президент Назарбаев Қазақстанды Орталық Азияның жауапкершілікті, сенімді әрі негізгі әріптес елі деп атады.

Әлемдік дағдарыстың әсері туралы айта келе Назарбаев Қазақстан ғаламдық дағдарысқа төтеп берді деп айтты. Ол әскери шеруге қатысушылар мен миллиондаған көрерменді 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға ретінде өз миссиясын лайықты орындайды деп сендіруге тырысты.

“Конституция бұл қатып қалған нәрсе емес. Соған сәйкес біз оның мазмұнын уақыт талабымен толықтырдық”, - деді президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Естеріңізге салар болсақ, Қазақстан Конституциясы республикалық референдум арқылы 1995 жылы 30-шы тамызда қабылданған. Кейін оған 1998 және 2007 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Астана тұрғындары әскери шеруді тамашалауда. 30 тамыз, 2009 жыл.


Соңғы толықтыруларда президенттің елді басқару мерзімін 7 жылдан 5 жылға қысқартып, ал “Бір адам екі мерзімнен артық Республика президенті болып сайлана алмайды” деген бабына “Бұл шектеулер Қазақстан Республикасының бірінші президентіне қатысты емес” деген толықтыру енгізілді.

Қазақстанның қазіргі Конституциясының маңыздылығы мен тиімділігі туралы Азаттық радиосына пікір білдірген Назарбаевтың жақтастарының бірі, сенатор Ғани Қасымов кемелденудің шегі жоқ деді.

Оның пікірінше, конституциялық процестің даму серпіні бір орнында тұрған жоқ. Дамыл-дамыл енгізіліп тұратын өзгерістер мен толықтырулар ақталған және бізде оған 200 жыл тимейміз деп басылған мөр жоқ дейді Ғани Қасымов.

Сонымен қатар Қазақстан президентінің тағы бір үзеңгілесі, бұрынғы депутат Серік Әбдірахманов “Қазақстан Конституциясы әп-әдемі, көптеген демократиялық елдерден жақсы болмаса, кем емес” деп санайды.

Ал «Сарап» орталығының директоры, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов Азаттыққа берген сұхбатында, қазіргі Ата заң Қазақстан азаматтарының қолында жүретін кітапқа айнала алмады деп есептейтінін айтты.
Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Конституциясы күнгі әскери шеруді басқарып тұр. 30 тамыз, 2009 жыл.


Ол ел Конституциясында ұсақ-түйек нәрселердің бәрі егжей-тегжейлі жазылғанымен, Қазақстандағы адамдар үкімет пен министрлер қаулысы бойынша жүреді дейді.

Оған мысал ретінде Ерімбетов азаматтардың бейбіт шеру мен жиын өткізуге құқы бар екенін алға тарта келе, “Менде Конституцияда жиындар мен шеру өткізуге құқым бар екені жазылған, сол себепті мені әкімшілік пен мәслихаттың шешімдері алаңдатпауы тиіс!”- дейді.

Осылайша азаматтық мереке мен әскери шеру тығыз байланыстырылып жіберілген бұл шарадан Нұрлан Ерімбетов егер жоғарыда парақор-генералдар отырған болса, соңғы айларда әскери шенге қонған шаң-тозаңды тазартып, армияда да кәдімгі таза адамдар бар екенін көрсетіп, біздің армия жаман деп ойламауымызға желеу болды деп біледі.
XS
SM
MD
LG