Accessibility links

Қоғамдық ұйым басшылары қала әкіміне сын айтқаны үшін сотқа шақырылды


Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев. 20 тамыз, 2009 жыл.
Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев. 20 тамыз, 2009 жыл.

Қала басшысы Арман Жетпісбаев жергілікті газеттерде ОҚО әкіміне үндеу жариялаған қоғамдық ұйым жетекшілерін сотқа берді. Әкім оларды өзіне "жала жауып, күйе жақты" дейді, ал үндеу ауторлары шындыққа сәйкес келетін деректерді ғана жазғандарын айтады.

ШЫМКЕНТ ӘКІМІНІҢ ШАМЫНА ТИГЕН ҮНДЕУ

Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев өзінің ар-намысын қорғау мақсатында тамыздың 11-і күні Әл-Фараби аудандық сотына шағымданған.

Шенеунік Қазақстан Республикасының Қылмыстық істер Кодексінің 129-бабының 2, 3-тармақтарына (БАҚ арқылы жала жабу және ауыр және аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмысқа қатысы бар делінген тұлға ретінде жала жабу) сүйене отырып, қоғамдық ұйым өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде. Заң бойынша мұндай қылмысы үшін айыпталушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Камалидин Дулатов- үндеу ауторларының бірі. Шымкент, 20 тамыэ, 2009 жыл.


Айыпталушылар, яғни, үндеу ауторлары «Қазақ хандығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Камалидин Дулатов, «Қарулас-Ауғанстан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есебалы Әлиев және Республикалық «Халық дабылы» қоғамдық қозғалысының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қуат Садриддин.

Шілденің 20-ы күні соттың алғашқы отырысы өту керек еді. Алайда екі жақтың қатысушылары толық келмеуіне байланысты сот отырысы келесі аптаға қалдырылды. Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық сотына қала әкімі Арман Жетпісбаевтың екі қорғаушысы мен үндеу ауторларының бірі «Қазақ хандығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Камалидин Дулатов қана келді.

- Біз айтқанымыздан қайтпаймыз. Соттан жеңіп шығатынымызға берік сенеміз. Біз қала әкімінің орнынан алынуын талап етеміз. Тәжірибесіз жас жігіттің қаланы тәжірибе алаңына айналдыруына әрі қарай жол бермейміз. Біз көзбен көргенімізді халықтың атынан айттық. Миллион адамның тағдыры ойыншық емес. Қаладағы Адырбеков көшесін және Абай саябағында теннисті корт жасауды қандай мекемелер жүргізгенін, олардың шынайы иелері кім екенін ашық түрде БАҚ арқылы жариялауды, кінәлі тұлғаларға тиісті жаза қолдануды талап етеміз, - дейді айыпталушы Камалидин Дулатов.

ЖӨНДЕЛМЕГЕН КӨШЕ, ЖЕЛІНГЕН ҚАРЖЫНЫ ЖОҚТАУШЫЛАР


Үндеуде «Қала әкімі Адырбеков көшесі дайын деп алдап, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапармен келгенде оған осы көшенің лентасын қидырды. Расында бітпеген көше бүгінде жанталасып асығыстықпен жасалуда. Былтырғы салынған жолға биыл да ысырап боп жатқан ақшаның сұрауы кімде? Абай атындағы саябақта әлемдік стандартқа сай теннис кортын саламыз дедік. Тендер әлі өткен жоқ. Ал
Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақ. 20 тамыз, 2009 жыл.
әлдекімнің туысы ондаған техника, жүздеген жұмысшысын әкеп, саябақтың талдарын тамырымен қопарып жатты. Әлі өтпеген тендерде өзінің жеңіп шығатынын ол қайдан біліпті? Бұл не деген тас сенім, әлде сыбайластардың құпия келісімі ме? Бүгінгі күні онда тал да жоқ, корт та жоқ. Ақша да жоқ» делінген.

Осыған орай сотқа жолдаған арызында қала әкімі Арман Жетпісбаев бұл мәліметтер шындыққа сай емес деген. Ол «Рейтинг» және «Замана» газеттерінде жарық көрген үндеудер ел арасында өзі туралы теріс пікір тудырады деп күдіктенеді.

- Менің өтетін тендерге қатысым жоқ. Адырбеков көшесінің құрылысы 2007 жылы басталған. Ол кезде мен әлі әкім болып тағайындалмағанмын. Аталған көшенің құрылысына менің қатысым жоқ. Мен тендер комиссиясына арласпаймын,- дейді Шымкент қаласнының әкімі, арызданушы Арман Жетпісбаев.

Сондай-ақ, 27 шілде күнгі «Замана» газетінде жарық көрген «Жетпісбаевты желкелегісі келіп жүрген кімдер?» деген мақалада сұхбат берген «Қазақ хандығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Камалидин Дулатов: «Арман Жетпісбаев – Шымкент қаласынының маңдайына біткен ең сауатсыз, көпшілікпен араласа білмейтін әкім. Айналасына өзінің адамдарын жинап алып, аппаратты жеке офисіне айналдырып алған. Тендер де, басқа мәселелер де тек әкімнің туыстарының араласуымен шешіледі» дегені жалған дейді қала басшысы.

- Менің екі жоғары білімім бар. Мен бірнеше лауазымды қызметтерді атқарғанмын. Бірнеше сертификаттарым бар. Өтетін тендерге менің еш қатысым жоқ және менің туыстарым тендерге қатыспаған. Үндеу ауторлары мен туралы ар-намысыма, қадір-қасиетіме нұқсан келтіретін, беделімді түсіретін, көпшілік алдында БАҚ-да сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптаумен ұштасқан жалған мәлімет таратқан. Мен бір қаланың басшысымын. Жауапты мемлекеттік лауазым атқарамын. Менің жора-жолдастарым, туыстарым бар. Олардың арасында мен туралы теріс, жаман пікір тузығады,- деп түсіндіреді өз арызында қала әкімі Арман Жетпісбаев.

"ОРАЛ СОТЫНДАҒЫДАЙ БІЗ ДЕ ӘДІЛДІККЕ ЖЕТЕМІЗ"

Қала әкімінің қорғаушысы Дәулет Әбуовтің айтуынша, газет беттеріне жарық көрген үндеу Шымкент жетекшісінің сотқа шағымдануына себеп болған. Әкім ар-намысына тиген сөздері үшін айыптаушыларды қылмыстық жауапқа тартып, әрқайсысының қомақты шығын өтеуін талап етуде.

- Ең алдымен әкімнің жеке басына, ар-намысына тиіп, жала жапқандары үшін үндеуді жазғандардың қылмыстық жауапқа тартылуын талап етеміз. Әрқайсысынан 500 мың теңгеден моральдық шығын өтеуді сұраймыз. Менің тәжірибемде бұл – бірінші іс. Бірақ Оралда болып жатқан оқиғаны, онда әкім орынбасарының дәл осындай қылмысы үшін айыпталғанын көріп отырмыз. Сондықтан біз де сот әділ шешім қабылдайды деп сенеміз, - дейді Шымкент қаласы әкімінің қорғаушысы Дәулет Әбуов.

ТАЛАПТАРЫ ОРЫНДАЛМАСА, ӘКІМДІ ОРНЫНАН АЛУ АКЦИЯСЫН БАСТАЙДЫ

Соттың әділ үкім шығаратынына айыпталушылар да берік сенімді. Олар халықтың көзбен көріп отырған шындығын жазып айыпты болып отырғандарын айтады. Бүгінде сөздерін толық дәлелдеу үшін барлық тиісті құжаттарды жинауға кіріскен. Осылайша сот отырысына сақадай сай отырып, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріне кәміл сенеді.

- Әкіммен қаншама рет кездескіміз келді. Қабылдамады. Сосын жанымызға батқан жайттарды жарияладық. Құжаттарды реттеп жатырмыз. Бірақ бізге дәлелдеудің де қажеті жоқ. Біз қоғамдық ұйымбыз. Бұл үндеуді облыс әкіміне жолдадық. Жауап күтудеміз. Қазіргі кезде әкімдер «Өзім – би, өзім – қожа» деп тұр. Осының бәрі бостандықтың кесірі. Союз кезінде де сол бостандықтың себебінен ыдырап кетті. Қазір Президент шаршады ма, әлде жасы келді, мүмкін тым сеніп те кетті ме? Бұл әкімдер Елбасының өзіне «Көке, сен тұр!» деп өзара 14 облысқа бөліп алатын түрі бар,- дейді айыпталушы Камалидин Дулатов.

Қоғамдық ұйым жетекшілері әкімнің ар-намысына нұқсан келтірмегенін дәлелдеп шыққаннан кейін оның өзін сотқа береміз деп отыр. Егер талаптары орындалмаса, қала көлемінде әкімінің орнынан кетуін талап етіп, жаппай қол жинау акциясын бастауға бел буып отыр.
XS
SM
MD
LG