Accessibility links

Бір ауылда бір Әкежанға бірнеше Нұрсұлтаннан келеді


Қуғында жүрген оппозиционер Ә.Қажыгелдиннің атын алған Әкежан Көпетов. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Жайсан ауылы, 7 желтоқсан 2010 жыл.
Қуғында жүрген оппозиционер Ә.Қажыгелдиннің атын алған Әкежан Көпетов. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Жайсан ауылы, 7 желтоқсан 2010 жыл.

Ақтөбе облысында жаңа туған балаға шетел сериалдары кейіпкерлерінің атын қоюға құмар жұрт әлі де бар. Бірақ ата-аналар қазір мұсылман есімдерін көбірек таңдайтын болды. Ұлға қоятын саяси есімдердің арасындағы танымалы – Нұрсұлтан болып тұр.

Балаға ат таңдау – ата-анаға бірдей ортақ шаруа. Әр ата-ана балам болашақта бақытты болса екен деп, оған жақсы есім бергісі келеді. Ақтөбе қалалық әділет басқармасының бастығы Валентина Мәмбетова балаға ат таңдау уақыт талабы мен елеулі оқиғаларға байланысты дейді.

– Өткен ғасырдың 60-жылдары бірінші ғарышкер-әйел Валентина Терешкованың құрметіне орай Валентина деген есім танымал болды. Менің атым да осы оқиғаға байланысты. 1970-80 жылдарда дүниеге келген балалар арасында Серік, Қайрат, Нұрлан, Берік деген, 1991-92 жылдары ел президентінің есіміне орай Нұрсұлтан деген ат танымал болды, – дейді Валентина Мәмбетова.

Ақтөбеде кейде ерекше есімдер де кездеседі. 2000 жылдардың басында Шоферқызы және Эдельвейсқызы деген есімдер де пайда болды.

– Балаға ат таңдауға оның ата-анасы мен жақын туыстары қатысады. Аралас некелерде мұны ақылдасып шешеді. Өткен жылы ерлі-зайыпты адамдар баланың атына байланысты бір-бірімен соттасты. Ол кезде бала үш айлық екен. Әкесі сотта жеңіп шықты. Әділет орындарында жұмыс істеген 25 жылымда ата-ананың бірі-бірімен соттасқанын көргенім осы, – дейді Валентина Мәмбетова.


«ИЗАУРА КҮҢ»

Ақтөбеде кейінгі жылдары балаға Ислам, Әбдірахман, Әбдісалам деген мұсылман есімдері беріле бастады. Теледидардан айлап-жылдап көрсетіліп жатқан түрік сериалдарының әсерінен қазақ отбасыларында Мехмет, Зерда, Арзу деген есімдер пайда болды.

Советтік теледидардағы латынамерикалық алғашқы сериалдардың бірі «Изаура күң» болатын. Оны әдетте бүкіл отбасымен көретін. Сондықтан ол фильм шығатын кезде көше босап қалатын.

Ақтөбе тұрғыны Алма Құрманбаева қызына осы сериалдағы бас кейіпкердің атын қойды. Ақтөбелік Изаура бұл есімді дүниеге келген соң екі айдан кейін алыпты.

– Фильмнің соңында кейіпкерлердің бәрі бақытты болады. Әжеміз «біздің Изаура да өмірде бақытты болсын» деді. Мен қарсы болған жоқпын. Изаура қазір он тоғызда. Өзіне есімі ұнайды, – дейді Алма Құрманбаева.


«БІЗДІҢ ӘКЕЖАН ҚАЗАҚСТАНДА ӨСІП ЖАТЫР»

Нәрестеге ат таңдауда ата-анасының саяси көзқарасы да ықпал етеді. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Жайсан кентінде Қазақстан президентінің құрметіне Нұрсұлтан деп ат қойған балалар өсіп келеді.

Бірақ Көпетовтің отбасы ұлдарына Назарбаевтың қарсыласы, қазір Лондонда қуғында жүрген Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Қажыгелдиннің құрметіне Әкежан деп ат қоймақ болды. 42 жастағы Ақзия Көпетованың отбасында үш бала бар.

– Бізге қазақ есімдері ұнайды. Тұңғыш егіз қыздарымызды Аққымбат және Ақсымбат деп атадық. Қырық жасымда ұл көрдім. Қазір ол екіде. Ұлымыздың атын белгілі саяси қайраткер Әкежан Қажыгелдиннің құрметіне қойдық. Әкежан Қажыгелдин шетелге кетуге мәжбүр болды. Біздің ұлымыз Әкежан осында, Қазақстанда өсіп жатыр, – дейді Ақзия Көпетова.
XS
SM
MD
LG