Accessibility links

Алматыда есепке алынбаған аутист балалар көп


Балалар ауруханасында. Көрнекі сурет.
Балалар ауруханасында. Көрнекі сурет.
Алматыда аутизммен ауыратын 20 бала есепке алынған. Алайда мамандар «олардың саны бұдан әлдеқайда көп» дейді. Аутист балалардың ата-аналары арнайы мектептің жоқ екеніне наразы.

Алматы аулаларының біріндегі әткеншекте отырған кішкентай ұл баланың ерсілеу қылығы болмағанда, оған ешкім көңіл де аудармас еді. Бала бір қимылды 40 минут бойы жаңылмастан қайталаумен болды.

Биыл екінші сыныпқа барған Дарын Замировтың әкесінің айтуынша, баласын бүкіл мектеп кемсітіп, мазақ етеді. Дарын – аутизм дертіне шалдыққан бала. Ол біраз уақыт сап-сау жүреді де, аяқасты дерті қозып, өз-өзіне ие бола алмай қалады.

«КӘДІМГІ МЕКТЕПТЕ ОҚУ ҚИЫН»

– Жанымнан тастамай, үнемі ертіп жүремін. Қазақстанда мұндай балалар оқитын арнайы мектеп жоқ. Ал әдеттегі мектепте оқу оларға тым қиын, – дейді Дарынның әкесі Абай.

Аутизм – әлеуметтік қарым-қатынас тапшылығын тудыратын, зейін қабілетінің тұйықтығына душар ететін, ми қызметінің бұзылуы. Бұл ауру жайында енді ғана ашық айтыла бастады.

Абайдың сөзіне қарағанда, мұндай дертке шалдыққан балалардың жағдайы өте ауыр. Біріншіден, олар сыныптастарының мазағына ұшырайды. Екіншіден, мұғалімдер мұндай оқушыларды оқытудан бас тартады.

Алматыдағы медициналық педагогикалық-психологиялық кеңестің (МППК) меңгерушісі Ирина Досаева мұндай балалардың алдымен Алматы қаласындағы осы кеңеске келіп, тексеруден өтетінін айтты.

– Тәжірибелі педагогтар, логопедтер, офтальмологтар, неврологтар, дефектологтар мен психологтар тиісті сабақтар өткізіп, баланы белгілі бір мекемеге орналастыруға жолдама береді. Алматыда есту, көру, қимыл-қозғалыс қабілеті бұзылған, ақыл-ойы жетілмеген балаларға арналған 15 арнайы түзету оқу-тәрбие мекемесі бар. Қазір оларда жалпы саны 4 мың 485 бала оқып жатыр, – деді Ирина Досаева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша баламен жұмыс істеудің жалпы стратегиясы жасалып, оқыту бағдарламасы мен түзету мекемесінің типі белгіленеді.

Ирина Досаева аутизмге шалдыққан балалардың нақты санын айта алмады.

«АТА-АНАЛАР ӨСЕКТЕН ҚОРҚАДЫ»

Алматының бас педиатры Рая Құрамысова қаланың денсаулық сақтау жүйесінде аутизммен ауыратын 20 баланың тіркеуде тұрғанын айтты.

– Бұл тек статистика ғана. Ал шындығында олардың саны бұдан әлдеқайда көп, – деді Рая Құрамысова Азаттық тілшісіне.
Ирактағы аутист балаларға арналған алғашқы орталық. Дохук провинциясы. 29 сәуір. 2012. Көрнекі сурет.
Ирактағы аутист балаларға арналған алғашқы орталық. Дохук провинциясы. 29 сәуір. 2012. Көрнекі сурет.

Оның айтуынша, халық арасында психиатриялық емдеу орындары туралы сыңаржақ көзқарас қалыптасқан. Ата-аналар жұрттың сөзінен қашып, баласын уақытында диагностикалық тексеруге апармайды да, соның салдарынан бала зардап шегеді.

– Бұл мәселеге ешкім бас ауыртқысы келмейді. Бұл – өте өзекті мәселе. Проблема кең ауқымда қарастырылмайды. Жалпылама проблемалардың аясынан көрінбейді, – дейді Рая Құрамысова.

Алматының бас педиатрының пікірінше, ата-аналардан өтініш түспегендіктен, мемлекет те арнайы мектеп аша алмайды.

– Ондай балаларды дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес. Алайда олардың арасынан талай дарынды адамдар шығады, – деді Рая Құрамысова.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG