Accessibility links

Қайтқан қаржының көмегімен «Бота» қоры әзірге 87 студентті қамқорлыққа алды


"Бота" қорының атқарушы директоры Кристофер Каванау және қордың менеджері Айгүл Тыныштықбаева. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл.
"Бота" қорының атқарушы директоры Кристофер Каванау және қордың менеджері Айгүл Тыныштықбаева. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл.

«Бота» қорының білім гранттары бойынша қазақстандық 87 жасқа тегін оқу мүмкіндігі берілді деп мәлімдеді қор жетекшілері бүгін Алматыдағы баспасөз-мәслихатында. Олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан немесе ата-анасынан айырылған жетім балалар.

19 жасар Мұратбек Құсқұлов отбасында үш баланың кенжесі. Осыдан 10 жыл бұрын әкеден, ал 4 жыл бұрын анадан айырылған бозбала үшін білім алу өзекті мәселелердің бірі болған. Алайда үстіміздегі жылдың көктемінде «Бота» қорының білім гранты туралы естіп, бағын сынап көруді жөн санаған екен. Керекті емтихандардан сүрінбей өткен жас жігіт бүгінде студент атанып отыр.

Айнұр Кәрібаева мен Мұратбек Құсқұлов, "Бота" қорының көмегімен оқуға түскен студенттер. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл.
- Отбасымыздың қаржылық жағдайы аса мәз емес. Сондықтан мен үшін «Ботаның» беріп отырған мүмкіндігі үлкен көмек. Қазір мен Алматы техналогиялық колледжінің бірнші курс сутдентімін, – дейді қуанышын жасырмаған Мұратбек.

Бозабаланың айтуынша бүгінде білім алғысы келетін, алайда түрлі себептермен ол арманына қол жеткізе алмай жүрген жастар жетерлік.

- Қазір көп жастар оқуға түсе алмайды, түскендері орта жолда тастап кетеді. Басты себеп - қаржының тапшылығы. Мен оқитын колледждің оқу ақысы 145 мың теңге (966 АҚШ доллар). Ал жоғарғы оқу орындарында одан да көп. Осыған байланысты бүгінгі жастардың көпшілігі білімсіз. Меніңше оқу ақысын халықтың жағдайына қарап белгілеу керек, – дейді Мұратбек Құсқұлов.

Айнұр Кәрібаева болса өзіне берген мүмкіндікті пайдаланып, Алматыдағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлемдік тілдер университетінің ағылшын және қытай тілдері факультетіне түскендігін айтады. Отбасында 3 баланың үлкені Айнұр болашақта Конфуций кітабтарын оқып, қытай, ағылшын тілдеріндегі әдебиеттерді қазақ тіліне аударуды армандайды.

- Болашақта Алла бұйыртса үлкен жетістіктерге қолым жетіп жатса, өзім сияқты әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға «Бота» қоры сияқты барынша көмек көрсететін қоғамдық ұйым құрғым келеді ,– дейді Айнұр Кәрібаева.

"БОТАНЫҢ» БАЛАЛАРЫ ЕШКІМНЕН КЕМ БОЛМАУЫ ТИІС ..."

«Бота» қорының көмегімен Мұратбек пен Айнұр сияқты республика бойынша 87 жас студент атанды. Олар 1675 үміткерлер арасынан іріктеліп алынған болатын.

Бөлінген білім грантының ішіне: оқу ақысы, шәкіртақы, жол жүру ақысы, баспана мен оқуға қажетті барлық шығындар кіреді. Қазіргі таңда, Қазақстанның 41 жоғарғы оқу орындарымен келісімшартқа қол жетіп, биылғы жылдың оқу ақысы төленіп қойылған.

- Стипендиаттардың орташа жасы 18 жас. Оның ішінде 39 –ы қаладан, 48 –і ауылды жерден келген жастар. Оқу ақысы 50 мың теңге (колледж) мен 510 мың теңгеге (ЖОО) дейін, – дейді қордың менеджері Айгүл Тыныштықбаева.

- Одан өзге, – деп жалғастырды әңгімесін Айгүл Тыныштықбаева, – біздің жастар жыл он екі ай бойы шәкіртақы алады. Республикадағы шәкіртақы деңгейін талдау арқылы Астана мен Алматы қалаларында білім алатын жастарға 15 мың теңге көлемінде, ал басқа аймақтағы студенттерге 12 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындадық. Одан өзге ай сайын жолға кететін шығынға 4000 теңге берілмек. Өздеріңіз білесіздер қазір барлық ЖОО жатаханалармен қамтамасыз етіле қоймаған. Оның үстіне олар бірінші кезекте грантқа түскен жастарға беріледі. Сол себепті біз өз студенттерімізге пәтер жалдап беру мәселесін қарастырдық. Қазіргі таңда бұл мәселе де өз шешімін тапты. Осылайша біз қордың балаларын ешкімнен кем етпеуге тырыстық, – деді А.Тыныштықбаева.

«БОТАНЫҢ» ЖОБАЛАРЫ ЖОВТИССІЗ ДЕ ЖАЛҒАСАДЫ...

- Жовтистің ісіне қатысты біз – қор ретінде, оның достары ретінде түсністікпен қараймыз. Біз қайтыс болған азаматтың
Жәмила Нұғманова, қордың қамқоршылар кеңесінің мүшесі. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл.
отбасына көңіл айтамыз. Бірақ, бұл қордың жұмысына еш әсер етпейді. Евгений «Бота» қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып қала береді. Әзірге оның қызметін уақытша Жәмиля Нұғыманова атқарып жатыр, – дейді қордың атқарушы директоры Кристофер Каванау.

- Евгений Александрович қордың жұмысына өте жауапты болатын. Ол елге осы қаржының оралуы мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына айтарлықтай ықпал етті. Сондықтан біз қазір ол кісінің жоқ болғандығына қарамастан, өз жұмысымызды одан әрі сол қалыпта жалғастырудамыз, – дейді қамқоршылар кеңесінің мүшесі Жәмиля Нұғыманова.

"АЛАЯҚТЫҚ ЖОЛМЕН КЕТКЕН ҚАРЖЫНЫҢ БӨЛІНУІ ӘДІЛ БОЛУЫ КЕРЕК"

Кезінде «Қазақгейт» ісіне байланысты АҚШ үкіметінің ұсынысымен Швейцария банктері 84 млн. АҚШ долларын құлыптап тастаған болатын. 2007 жылы АҚШ-тағы Қазақстанның сол кездегі елшісі Қанат Саудабаевтың араласуымен үш мемлекет қол қойған келісімнің нәтижесінде «Бота» қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған.

Кезінде Қазақстандағы билік басындағылардың кеңесшісі қызметін атқарған Джеймс Гиффен деген азаматтың АҚШ мұнай компанияларының Қазақстандағы мүддесін оңтайлы шешу үшін осындағы лауазымды адамдардың есепшоттарына аударған қаржысы делінген 84 миллион АҚШ доллары бұл. Оны кезінде Қазақстан жағы пара деп мойындамаған. Бірақ, осындай үшжақты келісімге қол қоюының Қазақстан жағының қайырымдылық қор құрып, ақшаны соған жаратамыз дегенінің өзі, сондай жемқорлықтың болғанын, демек кінәні мойындағанмен пара-пар деген еді «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім.

- Осындай қор құрып, аталған қаржыны Қазақстан игілігіне жарату туралы шешім шығарылып және Қазақстан ол келісімге қол қойғандығының өзі сол ақшаның таза емес екендігін мойындағанымыз болып табылады. Әрине мен бұл істі түбегейлі қазып, оны саралауға құқым жоқ. Алайда, бүгінгі жағдай алаяқтық жолмен кеткен ақшаның қайтып келіп жатқандығының белгісі, – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Дос Көшімнің пайымдауынша, грант бөлу мәселесіне сақтықпен қарау қажет.

- Қордың қамқоршылар кеңесінің ұлттық бағыттағы жұмысы қалай жүргізіліп жатқандығын білмеймін. "Сондықтан аталған грант қалай бөлінді? Әділ бөлінді ме? Қазақстанда 67 пайыз қазақ ұлтының азаматтары екендігін назарға ала отырып, бөлінген гранттар қазақ жастарына жете алды ма?" деген сұрақтар мені мазалайды. Бұл жерде белгілі бір теңдік керек. Теңдік дегеніміз белгілі біл прапорциядан, адамдардың санынан, пайызынан шығатын сияқты. Қазірден бастап осы назарға алынбаса, кейінен тағы да айқай болуы мүмкін, –деді біздің радиомызға сұхбат берген саясаттанушы Дос Көшім.
XS
SM
MD
LG