Accessibility links

Қазақстанда бас пен мойын рагы азаймай тұр


Алматыдағы хосписте жатқан қатерлі ісікке шалдыққан пациент. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы хосписте жатқан қатерлі ісікке шалдыққан пациент. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда жыл сайын 1700 адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады. Дәрігерлер бұл дерт асқынып кетсе, емдеу қиын екенін айтады.

Алматылық зейнеткер Валентина Клименко мойын рагын жеңіп шыққан жандардың бірі. Алғашында дәрігерлер оның қатерлі ісікке шалдыққанын білмеген және басқа диагнозбен бір рет операция жасаған.

- Қазақстанда емделдім. Алғашында мойным аура бастаған соң дәрігерге бардым. Бірінші рет қате диагноз қойылып, операция жасалды. Одан нәтиже болмаған соң дәрігерге қайта бардым. Екінші рет мені онколог дәрігерлерге жіберді. Олар мойнымда ісік барын және оның енді пайда болғанын анықтап, дереу емдеуге кірісті. Мен де өз денсаулығыма бей-жай қарамай күрестім. Қажет ем-домды қабылдау арқасында қатерлі ісіктен айықтым, - дейді ол.

ЖЫЛЫНА 1700 АДАМНАН БАС-МОЙЫН ІСІГІ ТАБЫЛАДЫ

Қазақстан онкологиялық және радиологиялық зерттеу институтының дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 1700 адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады.

Алматы онкология орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова.
Алматы онкология орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова.

Институт директоры Диляра Қайдарова науқастардың жартысы дәрігерге ауруы асқынғанда келетінін айтады.

- Бас және мойындағы қатерлі ісіктің пайда болғанын эндикринолог, стоматолог, терапевт, құлақ аурулары мамандар анықтайды. Бірақ олардың қате диагноз қоюы кесірінен көп науқас ауруын асқынтып алады. Егер бас және мойын ісігін ерте анықтаған жағдайда науқасты емдеп жазу мүмкіндігі 90 пайыз. Ал үшінші-төртінші деңгейдегі ісікті жеңу өте қиын. Бас және мойын аймақтарынан ісік табылып, асқынған адамдарға операция жасалады және олардың көбі мүгедек болып қалады, - дейді онколог.

Инcтитут дерегінше, Қазақстанда 830 адам ауыз қуысы қатерлі ісігіне, 600 адам қалқанша безі қатерлі ісігіне шалдыққан.

Диляра Қайдарованың сөзінше, 2015 жылы Қазақстан Еуропаның бас-мойын зерттеу қауымдастығына (EHNS) мүше болған. Енді қазақстандық стоматолог, құлақ аурулары дәрігерлері мен терапевтер осы қауымдастық ұйымдастыратын апталыққа қатысады. Алматы, Астана, Өскемен, Қарағандыда өтетін апталықта мамандар бас және мойын қатерлі ісігін ерте анықтау әдістерін меңгереді.

Ал қыркүйектен бастап азаматтар Қазақстан қалаларындағы онкодиспансерлерде тексерістен өте алады. Толық ақпаратты Қазақстан онкологиялық және радиологиялық зерттеу институтынан алуға болады.

«БҰЛ ІСІКПЕН ЖАСТАР ДА АУЫРАТЫН БОЛДЫ»

Ростовтағы (Ресей) онкология институтының бас және мойын ісігі бөлімінің жетекшісі Марина Енгибарян (ортада). Алматы, 20 маусым 2016 жыл.
Ростовтағы (Ресей) онкология институтының бас және мойын ісігі бөлімінің жетекшісі Марина Енгибарян (ортада). Алматы, 20 маусым 2016 жыл.

Ростовтағы (Ресей) онкологиялық институты бас және мойын ісігі бөлімінің жетекшісі Марина Енгибарян бұл дертке жастардың да шалдыға бастағанына алаңдайды.

- Бұрын бас-мойын қатерлі ісігі диагнозымен 60 жастан асқан адамдар көп ауратын. Қазір 25-30 жастағы адамдар да көп шалдыға бастады. Бұл – үйреншікті жағдайға айналып барады, - дейді ресейлік маман.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның дерегінше, әлемде қатерлі ісік бойынша бас пен мойын рагы алтыншы орында тұр. Жыл сайын бас-мойын қатерлігі ісігіне бір миллионнан астам адам шалдығып, оның 700 мыңнан астамы қайтыс болады. Қазақстан онкологиялық жәене радиологиялық зерттеу институтының дәрігері Ғалым Әділбаев:

- Бас пен мойындағы ісіктер көбіне ауыз қуысы мен тіл, мұрын қуысы, жұтқыншақ пен көмейде пайда болады. Ісік белгілері бірден пайда болмайды. Сондықтан халықты жиі тексеріліп, скринингтен өтіп тұруға шақырамыз. Қатерлі ісік ерте анықталса, оны емдеуге болады, - дейді.

Қазақстан онкологиялық және радиологиялық зерттеу институтының дәрігері Ғалым Әділбаев. Алматы, 20 маусым 2016 жыл.
Қазақстан онкологиялық және радиологиялық зерттеу институтының дәрігері Ғалым Әділбаев. Алматы, 20 маусым 2016 жыл.

Онкологтар мұрыннан екі-үш апта қан тоқтамаса және бітеліп қалса; тістің қызылиектері ісіп, бірнеше апта басылмай қойса; тіл қозғалған кезінде ауырса; ауызда қызыл және ақ дақтар пайда болса бірден дәрігерге қаралу керек екенін ескертеді.

Дәрігерлердің айтуынша, бас пен мойын қатерлігі ісігінің алғашқы белгісіне дауыстың қарлығып шығуы, жұтқыншақтың ауруы, мойынның ісуі де жатады. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, бас-мойын, ауыз қуысы және жұтқыншақтағы қатерлі ісіктердің негізгі себебі - алкогольдік ішімдіктерді, кальян және шылым өнімдерін шектен тыс көп тұтыну.

Мақаланы дайындауға Руслан Меделбек атсалысты.

XS
SM
MD
LG